Семантикалық және энциклопедиялық компонент
Түсіндірмелі сөздікте берілетін лексикалық бірліктердің семантикалық құрылымының қаншалықты терең, әрі кең көлемді екендігін ойландырмай қоймайды. Лексикалық бірліктердің дұрыс қолданысы, ең алдымен, сол зат туралы тіл тасымалдаушыларының аялық білім жүйесіне тікелей байланысты. Енді осы аялық білім жүйесінің сөйлеу әрекетінде қалай көрініс табатындығын бағамдау үшін энциклопедиялық сөздіктерге назар аударайық. Энциклопедиялық білімнің сөздің семантикалық компонентіне әсерін сөздіктерден байқауға болады:
Бүркіт
ҚӘТС: Таулы, далалы жерлерде мекендейтін тегеурінді, имек тұмсық жыртқыш құс [ ҚӘТС, 62 ].
Бүркіт
ҚҰЭ: сұңқар тәрізділер отряды, қаршыға тұқымдасының қырандар туысына жататын ірі жыртқыш құс [ҚҰЭ, 464].
Бүйрек
ҚТӘС: Адам мен жануарлардың іш қуысында, омыртқа бағанасының екі жағында орналасқан мүше [ҚӘТС, 32].
Бүйрек
ҚҰЭ: Адам мен омыртқалы жануарлар ағзасында несеп түзетін және оны шығаратын жұп орган. Бүйректің ішкі жиегінде бүйрек қақпасы бар, сол арқылы бүйрекке артерия мен жүйке талшықтары тарайд. Бүйректің беткейі қыртыс заттан, терең қабаттары милы заттан тұрады.
Дельфин
ҚӘТС: Сүтқоректілер тобына жататын, кит, балық тектес, тісті теңіз жануары. Делфин мен акуланың сырт көрінісі ұқсас, бірақ олар туыстық жағынан бір-бірінен өте алыс тұрады. Дельфиндер топтанып тіршілік етеді [ҚӘТС, 361].
Дельфин
ҚҰЭ: Дельфиндер тропиктік және қоңыржай белдеулердің теңіздерінде тіршілік етеді. Кейбір түрі полюстік белдеу теңіздерінде де кездеседі. Көбіне топ құрып тіршілік етеді. Бұлардың дене пішіні жұмыр, ұзындығы – он метр. Көпшілік түрлерінің басы жұмыр және тұмсығы алға қарай шығыңқы келеді. Кей түрлерінің арқасында орақ тәрізді арқа қанаты бар. Жалпақ құйрық қанаты денесімен горизонталь бағытта орналасқан. Алдыңғы аяғының сүйектері қысқарып, саусақ сүйектері тұтасып ескекке айналған. Терісінде түктері болмайды, терісі өте серпімді келеді [ҚҰЭ, 564].
Байқағанмыздай, лингвистикалық және энциклопедиялық анықтамалардың арасында соншалықты айырмашылық жоқ. Лингвистикалық білім негізінен күнделікті тәжірибеге сүйенген қарапайым-тұрмыстық білімге, ал энциклопедиялық білім – ғылыми білімге сүйенеді. Бұған қарамастан қарабайыр ғалам бейнесі логикалық тұрғыдан ғаламның ғылыми тілдік бейнесімен сәйкес келіп жататындығын доғарыда берілген тілдік фактілерден байқаймыз. Сондай-ақ, ғылыми білімнің қарапайым білімге әсер ететіндігі анық. Осының негізінде лексикалық бірлік өзінің семантикалық құрылымын теңейтіп, семантикалық аясы кеңейе түседі.
Ғылыми ақпараттан алынған үзінділер күнделікті тұрмыста қолданылатын қарапайым білімнің негізі болып саналады. Мысалы: Дельфиндер – сүтқоректілер отрядына жатады. Олар өте ақылды, адамдармен ақпарат алмаса алады. Сондай-ақ, химияны оқыған адам су дегенде оның мөлдір, сұйық зат екендігін көз алдына келтірумен бірге, судың Н2О (оттегі мен сутегінің қосындысы) екендігін де ойына келтіреді. Бірақ оттегі мен сутегі сияқты ұғымдық белгілер суды көргенде біздің сезім мүшелерімізге түйсік туғызбайды. Өмір тәжірибесімен байланысқанда ғана түйсік элементтері сөз мағынасының құрамына енеді. Салыстырыңыз: жанып тұрған отқа су құйсақ, оттың сөнетіндігін білеміз. Себебі ондай тәжірибе өмірде бірнеше рет қайталанған, дәлелдеп жатуды қажет етпейді. Дегенмен су дегенде біз оның қайнайтындығын, буға айналатындығын, шөлді қандыратындығын, жерге сіңетін сияқты толып жатқан қасиеттерін бірден көз алдымызға келтіре қоймаймыз, оларды сөйлем ішінде белгілі бір ситуациямен байланысты ғана көз алдымызға келтіре аламыз.
Негізгі және шеткергі (перифериялық) компоненттер
Белгілі бір тілдік таңба арқылы ассоциацияланатын ақпараттар адам санасында сақталады. Сөз мағынасының түсіндірмелерінде денотативті сема лексикалық мағынаның негізгі компоненті ретінде өте мол ассоциативті байланысқа ие болып келеді. Мәселен, «Орыс тілінің ассоциативті нормасы» атты сөздігінде сөз-стимулдарға берілген сөз-реакциялар өзара ассоциациялық байланыста болады. Сөздікте сөздер арасындағы денотативті жуықтық төмендегідей беріледі:
Сөз-стимул
|
Сөз-реакция
|
Семантикалық қатынас
|
Үй
|
Ғимарат
|
синоним, гипероним
|
Қыз
|
Ұл
|
антоним, согипоним
|
Дос
|
Жолдас
|
Синоним
|
Іс
|
Жұмыс
|
Синоним
|
Ауыл
|
қала
|
антоним, согипоним
|
Күн
|
Түн
|
Антоним
|
Күнделікті сөйлеу тілінде үй мен ғимарат сөздері өзара синонимдік қатынасты иеленеді. Мысалы: Ол мына үйде (ғимаратта) тұрады. Семантикалық аспект тұрғысынан алғанда «үй» сөзі гипонимдік қатынасқа (түр), ал «ғимарат» сөзі гиперонимдік (тектік) қатынасты иеленеді. Өйткені үй – адамдардың өмір сүруге не жұмыс істеуге арналған ғимараттың бір түрі.
Ал қала – ауыл, қыз – ұл бірліктері қарапайым сөйлеу тілінде антонимдік қатынас құрғанымен, семантикалық тұрғыдан алғанда согипонимдік қатынасты иеленеді. Демек гиперонимге бағынатын лексемалар қатарынан саналады. Мәселен, елдімекендер қатарына қала, ауыл лексемаларын жатқызамыз.
Сөз мағыналарының жекелеген түсіндірмесіне қатыспайтын, денотаттық семаларға қосымша ұсынылатын семалар бар. М.Бервиш, Ф.Кифер мұндай семаны перифериялық сема деп атауды ұсынады. Лексикалық мағынаның семдік жүйесін денотаттық және перифериялық деп бөлу А.А.Леонтьев, А.М.Шахнаровичтің «лексикалық мағынаның диффузды бөлінісіне» сәйкес келеді.
Адам санасында сөздің семантикалық тұрғыдан негізгі өзегі айқын көрініс табады. Сөздің мағынасы мен графикалық бейнесі (дыбыстық жамылғышы) арасындағы ассоциативті байланыс интенсивті түрде жүреді. Ал перифериялық семаның белгілі бір қалыптасқан құрылымы жоқ, әрі ассоциативті байланыс әлсіз болады. Әдетте сөздің семантикалық құрылымындағы перифериялық компоненттер ассоциативті эксперимент нәтижесінде анықталады.
«Ана» сөзінің ассоциативті өрісі
Реакциялар жиілігі
|
Ассоциативті семалар
|
100
|
ең жақын адам
|
75
|
үй, отбасы
|
64
|
мейірімді, қамқор
|
36
|
әже, әйел
|
26
|
қыз, сіңлі, әпке
|
24
|
ұл, бауыр
|
22
|
әке
|
20
|
ақылды
|
16
|
әдемі, сұлу
|
15
|
келін, жеңге
|
13
|
туған жер
|
9
|
балалар, жақсы көру, өгей ана, көкек ана
|
7
|
нәресте, жылулық
|
6
|
көз, үй, махаббат, нәзіктік, отбасы, кәрі, ұл, адам
|
5
|
жақын адам, батыр, қымбатты, қызым, дос, сырлас, орнын ешкім ауыстыра алмайды, ағарған шаш, әпке, кәрілік, қарт,
|
4
|
ақ орамалды, қара орамал жамылған, қайта оралу, тәрбиеші, жұмыс.
|
Осындағы жоғары көрсеткішке ие сөз-реакциялар семантикалық мазмұнның негізгі ядросын қрайтын болса, көрсеткіші төмен сөз-реакциялар шеткергі (перифериялық) семаларды көрсетеді.
Сема, оның ішінде, перифериялық сема қоғамдық тіл қызмет ететін қоршаған ортаның үзіктерін өзіне тән ерекшеліктерімен бейнелеп көрсетеді. «Ана» сөзінің семантикалық өрісін үй, отбасы, бала, әке, қыз, ұл лексикалық бірліктері құрайды. Бұлардың әрқайсысына белгілі бір стандартты ситуациялар сәйкес келеді. Ал «Батыр ана» ұғымдары Қазақстандағы көпбалалы аналарға берілетін құрметті атақ болса, «Отан-ана» – салтанатты-поэтикалық атау ретінде танылады. Мұндай бірліктер сөздің семантикалық мазмұнына тән ұлттық ерекшеліктерді танытады.
Семдік жүйенің негізгі және шеткергі (перифериялық) компоненттерге жіктелуі салыстырмалы сипатқа ие. Семантикалық тұрғыдан негізгі, өзексема мен перифериялық сема арасында нақтыланған белгілі бір шекара жоқ. Бұдан өзге, семалар ғана емес, көпмағыналы сөздердің білдіретін жекелеген мағыналары өзара иерархиялық қатынасты иеленеді. Мәселен, ҚТТС-де «жүру» етістігінің сөздік мақаласы таңба мен мағына арасындағы ассоциативті байланыстың дүркінділігіне қарай беріледі.
«Жүру» етістігінің семантикалық құрылымы
Мағына иерархиясы
|
Сөздік түсіндірмесі
|
Тілдік фактілер
|
1
|
Қозғалу, қадам жасау
|
Қызым бір жасынан жүре бастады.
|
2
|
Бір жерден екінші жерге жету
|
Көлік ақырын жүріп келеді.
|
3
|
Белгілі бір жаққа қарай бағыт алу
|
Велосипедші түзу жол бойымен шығысқа қарай жүріп келеді.
|
4
|
Сұйықтықтың қозғалысы
|
Құрлықта да кіші су айналымы жүреді.
|
5
|
Даму
|
Балада белсенді түрде еліктеу процесі жүреді.
|
6
|
Жүзеге асыру, орындау
|
Елдімекендерде су жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр.
|
7
|
Уақыт: қозғалыс
|
Елімізде табиғи өсім оң бағытта жүріп келеді.
|
Жоғарыда көрсетілген иерархия, осыған ұқсас өзге де мағына иерархиялары «салыстырмалы» мүмкін деген сипатқа ие. Берілген мағына иерархиясы негізінде нақты, деректі және дерексіз мағыналарды айқындауға болады.
Е.М.Верещагин мен В.Г.Костомаров лексикалық немесе логикалық (өзек сема) және лексикалық фон (перифериялық сема) деп жіктеп көрсетеді. Авторлардың пікірінше, «логикалық ұғым – этномәдени және тілдік ортаның барлық мүшелеріне бірдей таныс ұғым, әрі жалпы халыққа түсінікті ұғым, мұндай ұғым лексикалық мағынаның құрамына енеді. Лексеманың өн бойындағы түсінікті, ұғынықты деген белгілердің алып тастағандағы қалған түсініксіз семантикалық компонентті лексикалық фон ретінде танылады [8, 12-25]. Л.М.Васильев семантикалық құрылымның негізгі өзек семасын тұрақты, доминантты сема, перифериялық семаны тұрақсыз, әрі өзіндік түрлілігімен ерекшелетін семаны атайды.
Категориялды және идеосинкретикалық компоненттер
Категориялды компонент – сөздің грамматикалық, сөзжасамдық немесе лексикалық топқа жататындығын айқындайтын сема түрі. Семаның бұл түрі лексемалардың жалпы тобын көрсетеді. Мәселен, зат есімдер тобына «заттық», сын есімдер тобына «сындық», етістіктерге «қимыл», «қозғалыс», «күй» семалары тән. Сонымен қатар оқу + шы, ғарыш + кер, заң + гер құрамындағы асты сызылған жұрнақтардың синкретикалық функциясы «белгілі бір кәсіп, маман иесі» деген ортақ категориялды сема негізінде топтасады.
Достарыңызбен бөлісу: |