Сөзжасамдық мағына. Қоғамның ұстанатын материалдық және рухани мәдениеті негізінде сол тілде көптеген ұғым-түсініктердің дамуына, соған сәйкес жаңа тілдік бірліктердің қалыптасуына ықпал етеді. Тілдің сөздік жүйесі сөзжасамдық тәсілдердің негізінде толығып отырады. Көптеген туынды сөздер сөзжасамдық актінің ізін көрсетеді: үй – үйшік, үйсіз; бас – басшы, басшылық, бастық т.б. Сөзжасамдық ұядағы үй, бас сөздері түбір морфема саналады, қалғандары синтетикалық жолмен жасалған туынды сөздер. Енді осы туынды сөздердің семантикалық құрылымын қарастырайық. Берілген лексикалық бірліктердегі лексикалық және сөзжасамдық семалардың бірлігін байқаймыз. Сөз тудырушы жұрнақтардың семасы лексикалық мағынаның аясында ғана жүзеге асады. Яғни, жаңа туынды мағына түбір сөз бен жұрнақтың қосындысы негізінде жаңа лексикалық мағынаны иеленеді. Сөзжасамдық сема лексика-семантикалық семадан сөзжасамдық жүйеде ғана жүзеге асуымен ерекшеленеді. Мәселен, үй + шік, қала + шық құрамындағы -шік, -шық жұрнақтары өзі жалғанған сөздің лексикалық мағынасын түбегейлі өзгертпесе де, кішірейткіш мән үстейді. Сондықтан мұны реңк мәнін үстейтін жұрнақтар ретінде танимыз.
Ал орыс тіліндегі дождь, завод сөздеріне жалғанған сөздерге кішірейткіш мәнді жұрнақтар дождь + ик, завод + ик; дождь+ишк+о, завод+ишк+о сөздері завод, дождь лексемаларына қарағанда кішірейткіш мән үстейді, сол арқылы қарапайым сөйлеу тіліндегі «мазақ ету, келеке ету» сынды стилистикалық мағына үстейді.
Сөздің семантикалық құрылымы. Сөз мағынасы – логика, философия, психология, лингвистика тәрізді ғылым салаларында қарастырылатын күрделі мәселелердің бірі.
Сөз семантикалық кұрылымы мынадай ірі бөліктерден тұрады: денотаттык мағына, сигнификаттык мағына, конотациялық мағына.
Кесте 1. Лексикалық мағына компоненттері.
Денотаттық мағына – қоршаған ортадағы заттармен, құбылыстармен байланыста болатын мағынасын айтамыз. Лингвистикалық әдебиеттерде денотаттық мағынаны материалды денотат (референт) және идеалды денотат деп бөлушілік бар. Денотаттық немесе референттік мағына белгілі бір сөзді айтқан кезде көз алдымызға, ойымызға келетін заттар мен құбылыстардың басты белгілеріне, бейнесіне негізделеді.
Денотаттық мағына – затты, құбылысты, нәрсені, сапаны, іс-әрекетті атап білдіретін семантикалық компоненттердің жиынтығы. Денотаттық мағына – сөздің семантикалық құрылымының негізгі, әрі маңызды бөлігі саналады. Денотаттық мағына негізінен сол затты бейнелейтін ұғымдық белгілердің біреумен сәйкес келеді.
Ал сөз мағынасында өмір сүретін идеалды денотат санадағы ұғыммен байланысты. Яғни материалдық денотат арқылы қоршаған ортадағы заттармен, құбылыстармен байланысып жатады. Мәселен, тас қарапайым адам үшін «формасы әртүрлі, үлкенді-кішілі болып келетін зат» деген денотаттық мағынаға ие болса, геолог мамандар үшін «тас – кристалды минералдардың жиынтығы» деген сигнификаттық мағынаны иеленеді.
Лексикалық мағына
Тау – жер бетінен жоғары, әрі көтеріңкі жатқан биік зат.
Терминдік мағына
Тау – айналасынан оқшау, айқын байқалатын беткейі, етегі және шыңы бар, теңіз деңгейінен биіктігі кемінде 200 м болатын көтеріңкі жер.
Сурет 1. Тау сөзінің сигнификаттық мағынасы
Сөздің лексикалық мағынасының құрамдас бөліктерінің бірі – сигнификаттық мағына. Денотатты мағына көрнекі нақты ойлау негізінде қабылданып, ұғым негізінде қалыптасқан ақиқат дүниенің обьект бейнесі болса, сигнификативті мағына – абстрактілі, дерексіз ойлау негізінде пайда болған субьект бейне. Сондықтан мұны қазақ тілінде пайымдық мағына деп те атауға болады [1,17-18]. Пайымдық мағына – сөздің білдіретін тұрақты мағынасы. Кей сөздердің мағынасынан заттық мағына, кей сөздерден сигнификативті мағына айқын танылады. Мысалы: бақыт – адамның тілегінің орындалып, қуанышқа кенелуі (пайымдық мағына). Б.Сағындықұлының айтуынша, зат есімдерден денотаттық мағына, сын есім, сан есім, етістіктерден пайымдық мағына анық та айқын сезіліп тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |