1 Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы


Қазіргі қазақ тіліндегі лексикалық синонимдер жүйесі



бет31/69
Дата07.09.2023
өлшемі1,77 Mb.
#106548
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   69
Байланысты:
ҚҚТЛменЛ. Оқулық. Соңғы вариант

Қазіргі қазақ тіліндегі лексикалық синонимдер жүйесі

1. Синоним сөздер және өзіне тән ерекшеліктері.


2. Синоним сөздердің лексика-семантикалық ерекшеліктері.
3. Синоним сөздердің стильдік мәні мен қызметі.
4. Синоним сөздердің жасалу жолдары.
5. Тіл біліміндегі гипер-гипонимдік қатынас туралы түсінік.


Синоним сөздер және өзіне тән ерекшеліктері. Сыртқы тұлғасы бойынша әртүрлі дыбысталғанымен, мағыналық тұрғыдан бір-бірінен жуық, жақын келетін, белгілі бір ортақ ұғымды таңбалау үшін қолданылатын тілдік бірліктерді синонимдер деп айтамыз. Синонимдер – сөздің дыбысталуы мен мағынасы жағынан салыстырып қарағанда омонимдерге қарсы тұрған лексика-семантикалық тілдік құбылыс. Ғаламды тануда, ғалам бейнесін түзуде, оны тілдік санада сақтауда, қоршаған орта туралы ақпаратты өңдеуде синонимдер маңызды рөл атқарады. Синонимдердің атқаратын коммуникативті қызметі көпқырлы. Солардың бірі – метатілдік қызмет. Мысалы: Анархия басталды, яғни бейберекетсіздік орын алды.
Синонимдік қатарға жекелеген сөздермен қатар, тұрақты тіркестер, фразеологиялық бірліктер де енеді. Олар тілде эмоционалды-экспрессивті қызмет атқарады. Синонимдер бір ұғымды білдіретіндіктен, олар тек бір ғана сөз табына қатысты болады. Жалпы тіл білімінде синонимдер мынадай белгілеріне қарай топтастырылады:
- сөздің дыбысталуында аз да болса, тұлғалық өзгешелігі болуы қажет;
- сөздер бір ғана ұғымды білдіруі қажет;
- сөздер бір ғана сөз табына қатысты болуы тиіс [1,104].
Көрсетілген үш белгі ̶ сөздерді синоним деп танудағы басты шарт саналады.
Синонимдер сөздердің жалпы мағыналық бірлестігіне қарай топтастырылады. Мәселен, той ̶ мейрам ̶ мереке ̶ думан ̶ тамаша сөздерін алсақ, бұларды іштей «жалпыхалықтық қуанышты күндер» (мейрам-мереке) және «жеке отбасының немесе бір ауылдың қуанышты күндері» (думан-тамаша) деп екі топқа бөлуге болады. Ал той сөзі қуанышты күндердің екі тобына да жалпылама айтылады [1,105]. Сол сияқты, семіру – шелдену – майлану – тойыну – жуандау – толу – қоңдану дегендер жан-жануарлардың арық күйден семіз күйге айналғанын білдіред. Соның ішінде адамға қатысты синонимдер ретінде жуандау ̶ толу бірлігін, шелдену – майлану – тойыну ̶ қоңдану лексемаларын жан-жануарға байланысты қолданамыз. Ал семіру сөзі екі лексика-семантикалық топқа қатысты айтылады.
Өзара мәндес сөздер тобы синонимдік қатар не синонимдік ұя ретінде танылады. Синонимдік қатарға енген мәндес сөздердің ішінен ұйытқы болатын тірек сөз не доминант сөз таңдалып алынады. Доминант сөз мәндес сөздерді мағыналық жағынан ғана топтастырмайды, синонимдік қатарды әліпби жүйесіне келтіру үшін де қызмет етеді. Доминант сөзге синонимдік қатардағы сөздердің ішіндегі мағына жағынан ең айқын, стильдік мәні жағынан бейтарап, жалпы халыққа танымал деген нұсқа ғана таңдалып алынады.
Синоним сөздердің лексика-семантикалық ерекшеліктері. Синонимдердің мағыналарын ажыратқанда мынадай мәселелерге назар аударылады:
1. Синонимдік қатарға енген сөздер мағына жағынан бір-бірінен сәл жоғары не сәл төмен дәрежеде болуы мүмкін. Мәселен, аяз, ызғырық сөздеріне қарағанда үскірік сөзінің мағыналық салмағы күшті. Сол сияқты, атақ ̶ даңқ, белсену құлшыну, ақылгөй – ақылшы – данагөй дегендердің соңғылары мағына жағынан басым түсетінін байқау қиын емес.
2. Синонимдердің біреуінің мағынасы екіншісінен кеңірек болады. Мәселен, соғыс деген сөздің мағынасы ұрыс деген сөзден кең, ұстаз сөзі мұғалімнен, демеуші сөзі жебеушіден, дәуір сөзі заманнан, жабу кілттеу сөзінің мағынасына қарағанда кең.
3. Синонимдер бір-бірінен мағыналарының аз-көбіне қарай ажыратылуы мүмкін. Мәселен, аты ̶ есім ̶ ныспы синонимдік қатардағы ат сөзі көп мағыналы, есім мен ныспы сөздері бір мағыналы болып келеді.
4. Синонимдер мағыналарының деректі және дерексіз болып келуіне қарай ажыратылады: маңдай – пешене, іш – құрсақ, бала – перзент, тығу – бұқпантайлау т.б.
5. Синонимдер бір-бірінен ауыспалы мағынада қолдану-қолданылмауына қарай ерекшеленеді. Мысалы: көмей мен көмекей. Пештің көмейі, тоғанның көмейі деп қолданылғанмен, адамға келгенде көмей сөзімен қатар, көмекей сөзі қолданылады. Мысалы: көмейі (көмекейі) бүлкілдейді, көмекей безі, көмекейі белгілі.
6. Синонимдер сөз туғызуға қабілетті және қабілетсіз болып келуіне қарай өзгешеленеді. Сапар мен жол сөздерін алсақ, сапар сөзінен ұзақ сапар, сапар шегу, іссапар (командировка) деген сөз тіркестерін туғызуға болады. Ал жол сөзінен жолай, жолшыбай, жол-жөнекей, жолдама, жолдас, теміржол, жол азық, жолашар, жолаяқ, жол жүру сияқты тіл бірліктерін алуға болады. Ақша, пұл синонимдік қатарларынан ақша сөзінен ақшалы, ақшақұмар, ақшашыл деген сөздер туындаса, пұл сөзінен пұлды деген сөз алынады [1, 106].
Синонимдік қатардағы сөздер бір-бірінен градуалды шегі, қарқындылық дәрежесі бойынша ерекшеленеді. Мәселен, суық – мұздай – тастай (төменгі температура); жылы – ыстық – қапырық (жоғарғы температура). Көрсетілген идеографиялық синонимдердің семантикалық құрылымында өзіне тән дифференциалды семалары және жалпылаушы ортақ семалары бар. Жоғарыда синонимдік қатар құраған сөздер бір-бірінен қарқындылық, үдемілік дәрежесі бойынша өсір отырады. Мәселен, салқын – суық (су температурасының орташа деңгейі), мұздай – тастай (судың төменгі температурасы).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет