Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы: зерттеу мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны мен шектес салалары
1. Қазақ тілінің шыққан тегі мен даму кезеңдеріне қысқаша шолу.
2. Лексикологияның зерттеу нысаны мен зерттеу пәні.
3. Тіл білімінің лексикологиямен шектес салалары.
Қазақ тілі шығу тегі мен құрылымы жағынан түркі тілдері семьясына жатады. Қазақ тілінің түпкі шығу тегі түркі тілдері дамуындағы ең көне Алтай дәуірінен (хронологиялық шегі анықталмаған), ғұн дәуірінен (б.з.б. ІҮ-ІІІ ғ. және б.Ү ғ.) және одан бергі көне түркі дәуірінен (б.з.Ү-Х ғ.) бастау алады.
Кесте 1. Қазақ лексикасының қалыптасуы мен даму кезеңдері.
Алтай дәуірінде негізі бір ата тілден тараған түркі, монғол және тұңғыс-маньчжур тілдері бір-бірінен ажырай бастаған. Ал ғұн дәуірінде монғол, тұңғыс-маньчжур тілдерінен түгелдей ажырап, түркі тілдері екі үлкен топқа бөлінеді: батыс ғұн және шығыс ғұн тобы. Қазақ тарихындағы алғашқы тайпалы одақтар осы кезеңнен белгілі (үйсін, қаңлы, алан). Көне түркі дәуірінде қазақ халқының негізін құраған тайпалық одақтар айқындала түседі. ҮІІ-ІХ ғасырларда қазақтың ірі тайпалық одақтарының негізі салынды деген пікір бар [1].
Тіл жағынан алғанда тайпалық одақтар түркі тілдес диалектілерде сөйлеген, сонымен қатар бұл тайпалық одақтар көне түркілік негізден бөліне бастаған. Сөйтіп ҮІІ ғасырдан бастап ру-тайпа тілдерінің диалектілік сипатының дамуы негізінде жергілікті сипаты бар диалектілер қалыптаса бастайды. Ү-Х ғасырдағы көне түркі тілдері жайында мәлімет беретін Орхон-Енисей, Іле, Талас бойындағы өзендерден табылған жазба ескерткіштерде қазақ тайпаларының көне замандағы тілдік құрылымы жайында ақпарат береді.
Түркі тілдерінің ортағасырлық дәуірінде жергілікті сипат алған диалектілердің бәріне ортақ тілдік белгілер жетіле түсті. Мұның өзі қазақ халық тілінің жасалуына үлкен септігін тигізді. Қазақ тілдерінің құрылымы туралы мәліметтерді М.Қашқаридің (Диуани лұғат әт‐түрк), Ю.Баласағұнның (Құтты білік), А.Яссауидің (Диуани хикмет), хандар жарлығынан алуға болады. Бұл ескерткіштер сол замандағы жазба әдебиетінің дәстүрі бойынша шағатай, көне түркі кітаби элементтері де кездесіп отырады. Бұлар ортағасырлық дәуірдегі жазба әдеби тілінің үлгісі ретінде танылуға тиіс.
Кесте 2. Диалектілік ерекшеліктердің пайда болу кезеңдері.
Түркі тілдері дамуының жаңа дәуірінде (ХҮ-ХІХ) қазақтың тайпалық одақтары қыпшақ қауымынан, ноғай ордасынан бөлініп, өз алдына халық болып қалыптасу үстінде еді. Тайпалық одақтар тіліндегі ортақ тілдік көрсеткіштер бірыңғай халық тілінің қалыптасуына әсер етті. Қазақтың халық тілінің қалыптасуы ХҮ-ХҮІ ғасырдан бастап ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейін созылды [2].
ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап түркі тілдес ұлттар пайда болды. Бұл түркі халықтары дамуындағы ең жаңа дәуір саналады. Қазақ тілінің ұлт тілі болып қалыптаса бастауы осы дәуірге сәйкес келеді. Сөйтіп ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап қазақ тілінің ұлт тілі болу процесі ХХ ғасырда одан ары қарай дамып жетілді. Ұлт тілі – ауызекі және жазба түрде ұлттық қарым-қатынас құралы қызметін атқаратын, әлеуметтік-тарихи категория. Қазақ тілінің фактілері осы күнгі ұлттық дамуында үш негізгі тармақ бар екендігін көрсетеді:
‐ ауызша және жазба әдеби тіл;
‐ жергілікті тілдік ерекшеліктер;
‐ жалпыхалықтық сипаттағы ауызекі сөйлеу тілі [3, 43].
Бір тілде қанша сөз болса, сонша сөздердің тұтас жиынтығын тіл ғылымында лексика немесе сөздік құрам деп атайды. Осы сөздік құрамды зерттейтін ғылым саласы лекскиология саналады. Лексикология сөздердің лексикалық жүйеде алатын орнын, олардың шығу төркінін, күнделікті қарым-қатынастағы қолданылу қабілетін, стильдік мәнін қарастырады.
Лексикологияның зерттеу нысаны: сөз және мағына, сөздің лексикалық жүйедегі орны, сөздің сөйлеу әрекеті үстіндегі қолданысы; сөздің экспрессивті-стилистикалық қызметі.
Лексикологияның зерттеу пәні:
социолингвистикалық аспект, яғни тілдік коммуникацияны қамтамасыз ететін, үнемі даму үстінде болатын, тарихи тұрғыдан қалыптасқан лексикалық бірліктердің жиынтығы;
семантикалық аспект, яғни лексикалық бірліктердің арасындағы лексика-семантикалық қатынастар.
Тіл деңгейі ретінде лексикаға тән негізгі белгілер:
* сыртқы факторлардың әсерінен өзгермелі келеді, қоршаған ортамен тікелей байланыста болады;
* жаңа реалиялардың пайда болуы, кейбір сөздердің көнерген сөздер қабатына өтуі сөз мағынасының өзгеруіне, сөз мағынасының дамуына алып келеді;
* лексикалық бірліктер бірден жойылып кетпейді, олар тарихи сөз не архаизм ретінде көнерген сөздер қабатында өмір сүреді;
* жаңа сөздер (неологизмдер) жалпыхалықтық сипат алғаннан кейін сөздік құрамға өтеді;
* лексикалық жүйе үнемі даму үстінде болғандықтан, оның сандық көрсеткішін нақты айқындау мүмкін емес;
* тілдік ұжымның әлеуметтік және физиологиялық жас ерекшеліктеріне, айналысатын кәсібіне қарай лексикалық жүйенің қолданысына қарай әртүрлі қабаттар пайда болады; соған сәйкес тілдік ұжым жалпыхалықтық лексикамен қатар, қолданыс аясы тар арнаулы лексиканы да қолданады;
* әрбір тілде сөздің білдіретін стилдік мәні мен атқаратын стилистикалық қызметі болады, соған орай сөздің стилистикалық сипаты қалыптасады. Мәселен, бейтарап мәнді сөздер стильдердің барлық жүйесінде талғаусыз қолдана береді. Ал дөрекі мәнді, тұрмыстық-қарапайым сөздер ауызекі сөйлеу стилінде, сол сияқты ғылыми стиль, ресми стиль немесе кітаби лексикаға қатысты қолданылатын арнаулы сөздер тобы болады.
Лексикология зерттеу нысанына қарай жалпы лексикология және жеке лексикология, тарихи (диахронды) лексикология және сипаттамалы (синхронды) лексикология, салғастырмалы лексикология, қолданбалы лексикология бөліып бөлінеді.
Тілдің қаншалықты дамып жетілгендігі сөздік құрамдағы сөздердің санымен ғана емес, ұғымдық мазмұнымен де өлшенеді. Бұл жағынан лексикология сөздік жүйенің семантикалық құрылымын зерттейтін семасиология ғылымымен тікелей байланысты. Бұл ғылымның мәні түсіндірме сөздіктерді жасау барысында айқындалады. Өйткені мұнда сөздің негізгі, туынды және ауыс мағыналары даму тұрғысынан сараланып талданады.
Сөздердің қалыптасуына, өзгеруі мен дамуына қатысты тарихи заңдылықтарын тарихи лексикология зерттейді. Тарихи лексикологияның бір саласы – этимология. Этимология сөздің шығу төркінін, алғашқы тұлғасы мен түпкі мағынасын айқындайды. Этимологиялық зерттеулер арқылы қазақ халқының бұрынғы өмірінен мәлімет алуға, қандай халықтармен қарым-қатынаста болғандығын байқауға болады.
Тілдегі жалқы есімдерді зерттейтін ономастика ғылымымен лексикология тығыз байланысты. Ономастика өзі іштей антропонимика және топонимика болып жіктеледі. Антропонимика кісі есімдерін зерттеу нысаны етіп алса, топонимика жер-су атауларын жеке нысан ретінде қарастырады.
Тілдегі сөздердің номинативтік қызметімен қатар грамматикалық қызметі бар. Тілдердің тарихи дамуы барысында сөздердің бір-бірімен әрдайым грамматикалық байланыс жасауы арқылы бір жағынан лексикалық бірліктердің грамматикалану процесі жүріп жатса, екінші жағынан, сөз тіркестерінің бір бүтін лексикалық бірлікке ауысу процесі жүріп жататындығы белгілі. Бұл құбылысты сөзжасам үрдісінен айқын байқауға болады.
Лексикология тіл ғылымының фонетика саласымен де тығыз байланыста. Сөздер көбінесе бірнеше дыбыстың қалыптасқан тіркесімен айтылғанда ғана белгілі бір мағынаны білдіре алады. Тілдегі сөздердің дыбыстық құрамының өзгеруі сөз семантикасының өзгеруіне әкеледі. Бұдан, біз, тіл ғылымының әрбір саласы өзінің дербестігі мен даралығын сақтай отырып, өзара бір-бірімен құрылымдық қатынаста екендігін байқаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |