Кесте 1. Қазақ тіліндегі фразеологизмдер жүйесінің зерттеу аспектілері
Дәстүрлі-құрылымдық аспектіде фразеологизмдердің пайда болу негіздері, қалыптасуы мен зерттелуі, оның жасалу жолдары, типологиялық жіктелімі, құрылымдық-семантикалық сипаты басшылыққа алынады.
Салғастырмалы-салыстырмалы аспектіде тіл-тілдер жүйесіндегі фразеологиялық жүйесі өзара салғастырыла келе, фразеологиялық универсалия мен уникалия құбылысы негізге алынады.
Тіл ғылымындағы антропоөзектік парадигманың негізі В. фон Гумбольдт, Э.Бенвенист, Л.Вайсгербер, Б.Уорф, Э.Сепирдің еңбектерінде қаланған болатын. В. фон Гумбольдттың пікірінше, тіл – халық пен өзін қоршаған ортаның қатынасындағы аралық әлем болып табылады. Ұғым, түсінік, пайымдаудан тұратын тіл адам баласының қоршаған ортаға деген қатынасын, дүниетанымын, ұлттық ойлау жүйесін, мінез-құлқын айқындап береді.
Тіл білімінің қазіргі даму кезеңі типологиялық құрылымы әр басқа тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеумен қатар, функционалды, прагматикалық, когнитивтік, лингвомәдениеттанымдық сынды өзге де зерттеу парадигмаларының қатар жүруімен ерекшеленеді. Осы парадигмалардың орталық нүктесінде жеке тұлға мен адам қызметінің әлеуметтік жағына деген қызығушылықты арттыратын антропоөзектік әдістеме тұр. Антропоөзектік бағыттың зерттеу нысаны: тіл – адам – болмыс.
Болмысты қабылдау, тану және ұғыну әрекеттері адам санасында тілдік таңбалар арқылы бейнеленеді. Бұл туралы Н. Уәли былай дейді: «Адам санасындағы ақиқат дүние туралы ақпараттар – сыртқы дүниенің тілдік тұлға санасындағы моделі. Сыртқы дүниенің санадағы ақпараттық моделі бірте-бірте жинақталған, жүйеге түскен түрде болады. Ұзына бойы сыртқы дүние туралы, ондағы белгілі бір обьект туралы ақпарат қабылданған сайын санада оның бейнесі тереңдей түседі, нақтылана береді» [6, 68]. Мәселен, табиғатта саңырауқұлақтың көптеген түрлері кездессе де, қазақ халқының танымы бойынша оның бір ғана түрі бар. Өйткені қазақ халқының мәдениетінде, тұрмыс-тіршілігінде саңырауқұлақтың мәдени коннотациясы жоғары емес. Ал славян және Европа халқының мәдениетінде саңырауқұлақ және оның түрлері өте жоғары бағаланады.
Қазіргі әлемдік лингвистикада көрініс тапқан антропоөзектік парадигма негізінде тілдің фразеологиялық жүйесі этнолингвистикалық, когнитивті және лингвомәдени аспект тұрғысынан Ә.Қайдар, Р.Сыздық, М.Копыленко, Н.Уәли, Е.Жанпейісов, Г.Смағұлова, С.Сатенова Р.Авакова, А.Салқынбай сынды тілші-ғалымдардың еңбектерінде қарастырылып келеді. Бұл бағыттағы зерттеулердің қатарында ерекше орын алатын Ә.Қайдардың «Бір мың әсерлі де бейнелі оралым» атты қазақша-орысша фразеологиялық сөздігін жатқызуға болады. Бұл сөздікте мыңнан аса фразеологизмдер қамтылып, бес жүзден аса фразалық және идиомалық тіркестердің қалыптасуының тарихи-этнографиялық, әлеуметтік-тұрмыстық факторлары қарастырылып, этнолингвистикалық сипаттама беріледі.
ХV-ХІХ ғасырда өмір сүрген ақын-жазушылар тіліндегі, мақал-мәтелдердегі және фразеологиялық тіркес құрамындағы мағынасы түсініксіз не күңгірттенген мағынасын ашуда лингвистикалық және когнитивті аспект тұрғысынан талдау жасаған академик Р.Сыздық «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінде «күн жайлату» тұрақты тіркесінің құрамындағы жайлату және тіліміздегі «жайшы» лексемасының арасында логикалық-семантикалық байланыстың бар екендігін атап көрсетеді. Осындағы жад // жат тұлғасының алғашқы формасы ретінде «йад» түбірін көрсетеді [7, 89]. Түркі тілдерінің тарихи даму процесінде д ~ й дыбыстық сәйкестігінің болуы (адақ ~ айақ, құдық ~ құй) белгілі. Р.Сыздықтың көрсетуінше, ертеректе жайшы сөзі «ауа райын өзгерту үшін сиқырлық жасаушы адам» мағынасында қолданылған екен. Ш. Уәлиханов та өзінің этнографиялық еңбектерінде жайшы сөзінің мағынасын «сиқырмен жаңбыр шақырушы адам» ретінде түсіндіреді [8, 251]. Сонымен қатар бұл сөз Н.Ильминскийдің сөздігін де де «жаңбырды шақыртушы адамға» қатысты айтылады [9, 124]. Ырықсыз мәніндегі жайлату етістігі күн сөзімен тіркесіп, тұрақты тіркеске айналған. «Қозы Көрпеш» жырында тазша бала болып жүрген Қойшы Баянның асқа кеткен әкесі мен Қодарды келтірмей кідірту үшін:
Он екі күн бұршақты төгілдіріп,
Күн жайлатып, асшыны қамап салады, – деген өлең жолдары кездеседі.
Жырдың тағы бір жерінде:
Жердің жүзін күн жайлатып боран қылды, – деп келеді [7, 90].
Осылайша, Р.Сыздық күн жайлату тұрақты тіркесінің мағынасын қазақ халқының наным-сенім мәдениетімен байланыстырады. Яғни жаңбырдың жаууын сиқыр жолымен шақыру деген сенім «күн жайлату» фразеологиялық бірлігінің қалыптасуына ықпал еткен.
Қазақ тіл ғылымында фразеологизмдер жүйесін сөйлеу мәдениеті, тілдік норма тұрғысынан қарастырған Н. Уәли аш ішектей созылу тұрақты тіркесінің фразеологиялық мағынасын «ұзаққа созылған, бас-аяғы көрінбейтін, адамды ығыр қылатын баяу іс-әрекет» ретінде бере отырып, фразеологиялық мағына ақиқат дүниедегі денотаттық ситуацияның тілдік ұжымның санасында фреймдік құрылым ретінде қалыптасуымен байланыстырады. Когнитивтік санада қалыптасқан фразеологиялық бірліктің фреймдік құрылымы Н.Уәли былайша түсіндіріп береді: «жаңа сойылған малдың ішек-қарны тазаланады, әсіресе, аш ішек ұзын, жіңішкелеу болғандықтан, ши жүгіртіп, сумен шаю ұзаққа созылып, баяу орындалады» [6, 17]. Орындалатын жағдаяттың өн бойындағы «ұзақтық, баяулық» сынды ұғымдық белгілер екіншілік номинацияның жасалуына негіз болған. Демек, қарапайым денотаттық ситуацияның екіншілік номинация қатарын түзе алатындығын көруге болады. Мұндағы денотаттық ситуацияның стереотипке айналғандығын көреміз.
Фразеологизмдердің типологиялық жіктелімі. Фразеологияның зерттеу нысаны ретінде екі не одан да көп сөздің тіркесе келіп, тұтас бір мағынаны иеленген тілдік бірліктер жүйесі саналады. Фразеологиялық тіркес құрамындағы сөздердің тұрақтылығы, яғни даяр қалпында жұмсалу белгісі, мағына тұтастығы, тіркестің тиянақтылығы сияқты өзіне тән үш белгісі арқылы айқындалады. Тұрақты сөз тіркестерін зерттейтін фразеология ғылымының зерттеу нысаны ‒ жеке номинативті атау ретінде қызмет атқаратын фразеологиялық бірліктер болса, жеке ғылым саласы ретінде фразеологиялық мағынаның қалыптасуы мен дамуын, олардың семантикалық‐құрылымдық және стилистикалық қызметі тұрғысынан зерттеуді мақсат етеді.
Фразеологиялық тіркестер мағына жағынан жеке сөзге, құрамы жағынан еркін сөз тіркестеріне жақын болып келеді. Сондықтан фразеологиялық тіркестердің басты белгілерін ажырату үшін сөз және еркін сөз тіркесімен салыстыра қарастыру керек. Фразеологиялық тіркестер екі не одан көп сөздің тіркесі сияқты көрінгенмен, олар ауызша және жазбаша сөйлеу тілінде бір бүтін единица ретінде даяр күйінде қолданылады. Мәселен, тауға шығу, көлікпен қайту, ананың баласы сияқты еркін тіркестер ауызекі сөйлеу тілі мен жазу кезінде сөздердің ойға сәйкес таңдалуынан барып тіркеседі. Ал қыпша бел, қаба сақал, жүрек жұтқан, сүт пісірім уақыт сияқты тіркес құрамындағы сөздер тұтас алынып, даяр қалпында қолданылады. Бұл құбылыс фразеологизмдердегі мағыналық бірліктің тұтастығын көрсетеді. Демек фразеологизмдер сыртқы тұлғасы жағынан еркін сөз тіркесіне ұқсас болғанымен, ішкі мазмұндық тұтастығымен ерекшеленеді.
Фразеологизмдер ‒ жеке сөз сияқты форма және мазмұнға ие тілдік бірліктер. Жеке сөздің формасын тарихи қалыптасқан дыбыстар тіркесімі, ал фразеологиялық тіркестің сыртқы формасын сөздер құрайды. Мәселен, зығырданы қайнау, қанды көйлек дос, көк малтасын езу. Фразеологизмдер тілде атқаратын атауыштық қызметіне байланысты жеке сөзге жақын болғанмен, тұрақты тіркестердің семантикалық құрылымы фразеологиялық мағына мен ұлттық мәдени коннотациялық реңктерден тұрады. Төбе шашы тік тұру тұрақты тіркесі «қорқу» ұғымын беретін жеке сөзбен де, «қатты қорқу» сияқты синтаксистік тіркеспен де беруге болады, алайда өзара синонимдес қатар құрайтын тілдік бірліктердің мәні тұрақты тіркестің қолданысымен салыстырғанда солғын келеді. Бір нәрседен қатты қорыққанда шартты рефлекс негізінде адамда жалпы мазасыздану, тамырдың қатты соғуы, тыныс алудың жиілеуі, көз қарашығының ұлғаюы, төбе шаштың тік тұруы сияқты физиологиялық белгілер пайда болады. Сонымен қатар фразеологизмдер тұтас мағына бүтіндігіне ие болғандықтан, сөйлемде жеке сұраққа жауап беріп, жеке сөйлем мүшесінің қызметін атқарады. Мысалы: Жиналғандар директордың бұйрығын сілтідей тынып тыңдап алды да, ләм-мим деместен асығыс тарай бастады (Қ. Жұмаділов). Қанжығасы майланар ғұмыр атты саят пәнидің олжасы қанша? (С. Сматаев). Келмей жатып дікіңдеп, әңгір таяқ ойнатып, ақыл үйреткеніне зығырданы қайнайды (Б. Тілегенов). Берілген мысалдардағы фразеологиялық тіркестер пысықтауыш, анықтауыш және баяндауыш қызметінде жұмсалып тұр.
Қазақ тіл білімінде фразеологизмдердің зерттелуі І.Кеңесбаевтың еңбектерімен байланысты, 1977 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» деген еңбегінде 8000-ға жуық фразеологиялық тіркес қамтылған. Академик І.Кеңесбаев фразеологизмдерді өзіне ұқсас тілдік бірліктерден ажыратып танудың басты үш белгісін айқындап береді:
- мағына тұтастығы;
- тіркес тиянақтылығы;
- даяр қалпында жұмсалу үлгісі [1, 32].
Фразеологизмдер типологиясын тілші-ғалымдар білдіретін мағынасына, құрылымдық ерекшеліктеріне, атқаратын қызметіне қарай топтастырады. Фразеологизмдер жүйесін теориялық тұрғыдан қарастырғанда тұрақты тіркес құрамындағы компоненттердің семантикалық тұтастығын негізге алатын екі ғылыми бағыт ерекше назар аудартады. Фразеологизмдер жүйесіне байланысты кеңінен танылған лингвистикалық мектептің бірі – академик В.В. Виноградовтың лингвистикалық мектебі саналады.
В. Виноградов тұрақты тіркес құрамындағы компоненттердің өзара семантикалық тіркесімділік сипаты бойынша фразеологизмдерді төмендегідей төрт типке жіктеп көрсетеді [10, 58]:
Достарыңызбен бөлісу: |