Кесте 4. І.Кеңесбаев ұсынған фразеологизмдер жіктелімі
Академик І.Кеңесбаевтың жіктеліміндегі фразеологиялық түйдек (фразеологиялық тұтастық не идиома) құрамындағы құрастырушы сыңарларының бұрынғы лексикалық мағынасы ұмытылып, бір ғана ұғымды беретіндігін атап көрсетеді. Мысалы: ит арқасы қиянда, жеті қараңғы түнде, көк ми, ақ түйенің қарны жарылу, жанын шүберекке түю, жаны қуырдақ болу т.б. Бұдан, біз, фразеологиялық мағынаның тіркес құрамындағы құрастырушы сыңарлардың мағынасының бір-бірімен жанаспайтындығын көреміз. Демек, фразеологиялық тұтастық – тарихи құбылыс. О баста еркін тіркес және еркін мағына негізінде қалыптасып, тілдің тарихи даму процесінде бірте-бірте тура мағынасы ұмытылып, ауыспалы образды мағынада қолданысқа түскен тілдік категория. К.Аханов «ит өлген жер» деген идомалық тіркес құрамындағы құрастырушы сыңарлардың өзара семантикалық тұтастыққа ие болып, фразеологизациялану үдерісінен өткендігін айтады. Осы тілдік бірліктің уәждік белгісін қазақ халқының ұлттық дүниетанымында «жақсы ит өлімін көрсетпейді» деген сенімнің негізінде қазақ халқының дәстүрлік тілдік санасында алыс жер, шалғай жатқан жер ұғымын таңбалауда «ит өлген жер» сынды идиомалық тіркес қалыптасқан [12, 12].
В.Виноградов көрсеткен фразеологиялық бірлік І.Кеңесбаевтың жіктелімінде түйін тіркес түрінде көрініс табады. Фразеологиялық бірлік немесе түйін тіркес құрамындағы құрастырушы сыңарларының тура мағынасы солғындап, біртұтас ауыспалы мағынада қолдану арқылы пайда болған. Мысалы: төбе шашы тік тұру, екі езуі екі құлағында, жақ ашпау, езу тарту, жегені желім, ішкені ірің болу, жылан жалағандай т.б. Яғни, төбе шаштың тік тұруы – бірден туған үрей, қорқыныштан; екі езудің құлаққа жақындауы – күлуден, қуаныштан; тісін-тісіне қою – қиналудан; жегені желім, ішкені ірің болу – ішкен-жегені тамақ болмаудан болатын құбылыс екенін білуге болады.
Фразеологиялық тізбек немесе түйіс тіркес – еркін тіркесті ауыспалы мағынада қолдану арқылы пайда болған. Тұрақты тіркес сыңарларының бастапқы лексикалық мағынасы бүтіндей жойылмағанымен, күңгірттене бастаған. Мұнда еркін мағынадағы сөз бен фразеологиялық қалыптағы сөздің тіркесінен жасалып, сол тізбек күйінде қолданылады. Мысалы: оймақ ауыз, бота көз, қонақ асы, қонағын атқарды, қоныс тепті, тар заман т.б. [1, 12-13].
Ә.Қайдар фразеологизмдердің құрылымына, құрамындағы қатысушы компоненттердің санына, орналасу тәртібіне, морфологиялық көрсеткішіне және грамматикалық байланыс тәсіліне ерекше мән береді. Осыған орай фразеологизмдер типологиясын оның құрамындағы сөз топтарының өзара тіркесімдігі негізінде жіктеп көрсетеді:
1. Есімді фразеологизмдер, яғни екі не одан көп есім сөздердің өзара тіркесімділігі (зат есім + зат есім, сын есім + зат есім, сан есім + зат есім т.б.). Тұрақты тіркес құрамындағы сөздердің қандай грамматикалық категориядан және сөз топтарының өзара тіркесімділігіне орай төмендегідей жіктеледі:
а) зат есім мен зат есімнің тіркесімділігі негізінде туындаған фразеологизмдер. Мысалы: қоян жүрек, тас бауыр;
б) сын есім мен зат есімнің өзара тіркесімділігі негізінде түзілген фразеологизмдер: ақ көңіл, қара шаңырақ;
в) сан есім мен зат есімнің өзара тіркесімділігі негізінде түзілген фразеологизмдер: қырық құрау, жеті түнде;
2. Етістікті фразеологизмдер, есім сөздер мен етістіктің өзара тіркесімділігі негізінде қалыптасады. Мысалы: малтасын езу, құлақ-миын жеу.
Бір ескеретін жайт, қазақ тілінің фразеологиялық қорында етістікті фразеологиялық бірліктердің сандық көрсеткіштері өте жоғары болып келеді. Соған орай тілдік коммуникацияда дәл осы етістікті фразеологиялық бірліктер жиі қолданысқа түседі.
3. Әртүрлі сөздер тобының өзара тіркесімділігі негізінде туындаған фразеологизмдер. Мысалы: шыбын шаққандай көрмеу, мойны жар бермеу; ойы оңға, санасы санға бөліну [15, 204].
Н. Уәли фразеологизмдердің ішкі формасының күңгірттену белгісін негізге ала отырып, фразеологизмдер жүйесінің мынадай типтерін көрсетеді [21]:
Достарыңызбен бөлісу: |