Қазақ тіл білімінде фразеологизмдер жүйесіне қатысты өзіндік лингвистикалық концепцияларымен ерекшеленетін екінші мектеп – М. Копыленконың лингвистикалық мектебі.
М. Копыленконың тілдік зерттеулерінде фразеологизмдер жүйесі мен оның жіктелімі туралы жан-жақты, әрі толық ғылыми ақпарат беріледі. Ғалымның көрсетуінше, фразеологизмдердің зерттеу нысаны ретінде тұрақты тіркес құрамындағы бірліктердің семантикалық тұтастығы басшылыққа алынуы тиіс, өйткені тілде абсолютті түрде еркін тіркесімділік кездеспейді, соған сәйкес фразеология жеке ғылым саласы ретінде Д¹ денотаттық мағынадан градация жолымен К³ коннотаттық мағынаға дейінгі барлық тіркесімділік түрлерін негізге алынуы тиіс [16, 68-69]. Ұсынылған концепция бойынша, тұрақты тіркес құрамындағы екі не бірнеше лексемалардың тіркесімі арқылы тура мағынаның тілдік санада қайта өңдеуден өту арқылы ауыс мағынаны иелену үдерісін қарастыруға негізделген. М. М. Копыленконың ұсынған концепциясы фразеологизмдердің шығу тегі мен оның жұмсалымдық қызметін динамикалық аспектіде қарастыруға негізделген. Дегенмен, қазақ тіл білімінде фразеолог-ғалымдар тарапынан В. В. Виноградовтың жіктелімі басшылыққа алынады. Қорыта айтқанда, қазақ және кеңес тіл білімі тілші-ғалымдарының тілдік жүйедегі фразеологизмдердің жіктелімі бойынша көзқарастары бір-бірінен алшақ кетпейді.
Фразеологизмдердің лексика-семантикалық сипаты. Сөз жүйесінің лексика‐семантикалық топтары сияқты тілдің фразеологиялық жүйесі лексика-семантикалық категорияларға жіктеледі. Жоғарыда сөздердің өзара парадигмалық қатынасы негізінде лексикалық жүйедегі сөздер тақырыптық және лексика-семантикалық топтарға топтастырылатыны сияқты, фразеологизмдер де білдіретін фразеологиялық мағынасы арасындағы өзара үйлесімі негізінде лексика-семантикалық парадигмаларға топтастырылады.
Фразеологизмдер жүйесіндегі лексика-семантикалық категорияларды былайша топтап көрсетуге болады:
Қазақ тіліндегі «әдемілік, сұлулық» ұғымын үріп ауызға салғандай, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, құралай көз, сүмбіл шаш сынды тұрақты тіркестермен экспрессивті түрде беруге болады. Берілген тұрақты сөз тіркестері білдіретін мағыналары өзара мәндес болғандықтан фразеологиялық синонимдер жүйесін құрайды.
Омонимия және көпмағыналылық құбылысының фразеологизмдерге қатысы жөнінде Ә.Болғанбаев пен Ғ.Қалиев мынадай пікір білдіреді: «Омонимия мен көпмағыналылық құбылыстары негізінен жеке сөздердің арасында жиі ұшырасады. Ал фразеологизмдерге бұл құбылыс онша тән емес. Дегенмен фразеологизмдердің идиомалық түрлері әрдайым дара мағыналы болады да, фразалық тіркестердің кейбіреулері көпмағыналы болатындығы байқалады, ал сөздің сапа жағынан қаншалықты дамығандығын көрсететін бірден-бір белгі оның көпмағыналық сипатта болып, туынды мағынада жұмсалып, әлденеше фразеологизмдерді тудыруға себеп болуында» [17, 198]. Г.Смағұлова көпмағыналылық құбылысының фразеологизмнің семантикалық құрылымына тікелей байланысты екендігін және бұл құбылыстың етістікті фразеологизмдерге тән екендігін айтады. Сонымен қатар көпмағыналылық категориясының фразеологизмдер жүйесіне тән екендігін І.Кеңесбаев, Ә.Болғанбаев, Ә.Қайдар, Р.Жайсақова сынды ғалымдар атап өткен болатын.