1 Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы


Сөздің шығу тегіне байланысты туған лексикалық мағыналары



бет16/53
Дата21.10.2023
өлшемі0,62 Mb.
#120026
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   53
Байланысты:
лекция 2

2. Сөздің шығу тегіне байланысты туған лексикалық мағыналары.
Мұндай мағыналар қатарына сөздің түпкі мағынасы, туынды мағынасы және синонимдік, омонимдік, антонимдік мағыналар жатады.
Түпкі мағына деп тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан қарағанда ары қарай бөлшектеуге келмейтін түбір ретінде танылатын дербес сөздердің мағынасын айтамыз. Түпкі мағыналардың пайда болу себебі көп жағдайда белгісіз болып келеді: күн, таң, жаңбыр, өзен, бар, кел. Сөздің түпкі мағынасын айқындау үшін, этимологиялық зерттеулер жүргізу арқылы сөздің ішкі формасын табу керек. Мәселен, ақ жауып арулау фразеологиялық тіркесіндегі арулау сөзіне назар аударайық. Бұл сөз алтай, сары ұйғыр, хакас, татар т.б. түркі тілдерінде тұлғалық жақтан арула//арығла түрінде кездесіп «тазалау, жуыну, жуу» мағынасында қолданылады. В.Радловтың «Опыт словаря тюркских наречии І‐ІҮ» еңбегінде ару (арыг, арік, ерік, ары) тұлғасы «таза, жақсы, кіршіксіз», «әулие» мағынасында кездеседі. Олай болса, арулау сөзінің түбірі ару//арығ түрінде дыбысталып, түпкі мағынасы таза, жақсы деген мәнді иеленген екен. Ш.Сарыбаев: «осындағы арығ сөзінің қазақ тілінде ару болуы ғ дыбысының түсіп қалуымен байланысты (салыстыр: сары ‐ сарығ, кіші ‐кішік, тірі ‐тірік», - дейді [3, 43]. Ал қазіргі қазақ тілінде ару қыз қолданысында әдемі, сұлу, ару ана тіркесінде ардақты, аяулы, құрметті деген мағынада жұмсалады. Олай болса, сөздің ішкі формасы бір‐бірінен алшақ кетпейді, сөз семантикасындағы қандай да бір семалық бөліктің тарылып, екіншісінің кеңеюі арқылы бұл сөз әдемі, сұлу, ардақты мағыналарда жұмсалатын болған.
Туынды мағына – басқа бір мағынаның қатысымен туған, пайда болу уәжін түсіндіруге болатын сөздің кейінгі мағынасы болып табылады. Сол себепті туынды мағына сөзжасам процесімен тікелей байланысты. Туынды мағына өзін тудырған сөздің алғашқы мағынасымен семантикалық байланысын үзбейді. Мысалы, бу деген түбірден була, булағыш, буландырғыш, булы, булық деген сөздер туындаған.
Тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан алғанда түбір негіз деп жүрген сөздеріміздің ішінде тарихи туынды болып табылатын сөздер аз емес. Мұны көне түркі жазбалар тілі дәлелдейді. Мысалы, Б.М.Юнусалиев етістік үйір мен зат есім үйірдің тегі көне түркілік үй-өг тұлғасы деп қарайды, көне ұйғыр тілінде өк –«жию» мәнінде, өгүр – «үйір, табын» мағынасында болған. Сол сияқты қабырға сөзі қабыр етістігінен, қабыр – ұстау, жармасу мәніндегі «қап» сөзінен шыққан деп түсіндіреді. Туынды мағыналардың уәжі уақыт өте келе көмескіленіп, жойылады, сөйтіп негізгі мағыналармен теңеледі. Мұндай сөздердің туынды екенін тек этимологиялық талдау жасау арқылы ғана айқындауға болады.
Лексикалық құрамның толығып, сөздің ішкі мағынасының дамып отыруына байланысты туған синонимдік, омонимдік, антонимдік мағыналар да лексикалық мағыналардың түрлеріне жатады. Синонимдік мағына - екі не одан да көп әр түрлі сөз мағыналарының бір-біріне жақындығынан туған (ес-ақыл, жынды – нақұрыс); омонимдік мағына - іштей мағыналық байланысы жоқ бірнеше сөздің бірдей тұлғада көрінуіне бақыр (шелек) - бақыр (ұсақ ақша), от (жалын) – от (жердің шөбі); антонимдік мағына - бір деңгейдегі әр түрлі сөз мағыналарының бір-бірне кереғарлығынан туған мағына (келу – кету, қатты - жұмсақ ).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет