Дәріс тақырыбы: Сөздің лексикалық мағынасының негізгі типтері
Дәріс жоспары: 1.Сөздің атауыш мағынасы: тура мағына, ауыспалы мағына, меңзеу мағына
2.Сөздің шығу тегіне байланысты туған лексикалық мағыналары: түпкі мағына, туынды мағына, синонимдік, омонимдік және антонимдік мағыналар.
3.Сөздің тіркесу сипатына байланысты туған лексикалық мағыналары: еркін мағына, фразеологиялық байлаулы мағына, синтаксистік шартты мағына.
4.Сөздің стилистикалық қызметіне байланысты туған лексикалық мағыналары: бейтарап мағына, бейнелі мағына, терминдік мағына және кәсіби мағына.
Дәріс мазмұны Кеңес тіл білімінде 1950 жылдардан бастап сөз мағынасын топтастыруда В.В.Виноградов ұсынған классификация негізге алынды. В.В.Виноградов сөздің лексикалық мағыналарын үш типке бөліп көрсетеді: 1) тура немесе номинативті мағына; 2) фразеологиялық байлаулы мағына; 3) синтаксистік шартты мағына. В.В.Виноградовтың сөз мағыналары және оларды топтастыру туралы пікірі қазақ тіл білімінде қолдау тауып отырды. Сөздің лексикалық мағынасының типтерін анықтауда сөз мағыналарының шындық болмыстағы заттар мен құбылыстарға қатыстылығы дегеннен басқа да белгілері бар екені зерттеу тәжірибесінде көрініп жүр. Мәселен, Н.М.Шанский сөздің лексикалық мағынасының қалыптасуын оның ұғымды білдіру сипаты мен белгілі бір лексика-грамматикалық топтарға қатыстылығымен байланыстырып қарайды. М.И.Фомина лексикалық мағыналардың типологиясын ұғымдық-заттық қатынастан басқа сөздердің бір-бірімен байланыстылығы, мағыналардың уәжділігі, қалыптасуының тарихи себептері және сөз мағыналарының атқаратын қызметі (номинативті, экспрессивті-семантикалық) тұрғысынан қарастырады. Дегенмен сөз мағыналарын топтастыруда ұстанатын ең негізгі белгілердің бірі – сөз мағыналарының шындық болмыстағы объектілерге қатыстылығы. Лексикалық мағынаға заттар мен құбылыстарды білдіретін толық мағыналы атаулар ие болады. Бұлардың ең маңызды қасиеті – заттар мен құбылыстарды, іс-әрекетті олардың белгілерін атап білдіретіндігінде. Сол себепті, бұлар лексикологияның зерттеу объектісіне жатады. Ал шылау, одағай, көмекші сөздер, модаль сөздер шындық болмыстағы зат, құбылыстарға тікелей қатысты болмағандықтан, грамматикада зерттеледі.
Осындай әртүрлі лексика-грамматикалық сипатта көрінетін қазақ сөздерінің лексикалық мағыналары да әр қилы болып келеді. Олардың шындық өмірдегі заттар мен құбылыстарды білдіруі жағынан, бір-бірімен байланысы жағынан бірыңғай емес. Сөздің лексикалық мағыналарын топтастыру үш түрлі қатынасқа негізделеді: 1) логикалық-заттық байланыс; 2) сөздердің бір-біріне қатынасы; 3) мағыналардың уәжделу дәрежесі (2, 42 б).
Лексикалық мағынаның түрлері мынадай төрт негізгі белгілеріне қарай жіктеледі: