1 балуан шолақ шығармалары (Әндері, өлең-жырлары. Естеліктер, мақалалар, аңыз) Құрастырған Балжан Хабдина



Pdf көрінісі
бет5/29
Дата15.03.2017
өлшемі1,52 Mb.
#9852
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

48
Мол күштің тəңірім берген арқасында, 
Дұшпанды жүндей төпеп басып жүрмін.
Үш жүзге атым шыққан Балуан Шолақ, 
Денеме тегіс біткен күш пенен бақ. 
Көргенде сұлу əйел есім қалмас, 
Жігіттік бойымдағы күнəм сол-ақ.
Нұрмұхамбет – Балуан Шолақ – менің атым, 
Бар елге мағлұм болған асыл затым. 
Нағашым жалпақ Қанай деп айтады, 
Болады Ұлы жүздік арғы затым.
Кенже қоңыр 
Бір аты əндерімнің «Кенже қоңыр», 
Тең болмас арғымақ пен қара шобыр. 
Армансыз Үйсін, Дулат араладым, 
Көп жатып бір ауылды етпей ығыр. 
Əнімнің əркім құмар мұқамына, 
Кей жігіт қарап отыр тұтамына. 
Сайраған Сарыарқаның бұлбұлы едім, 
Жетісу, қонақтадым бұтағыңа... 
ҒАЛИЯ
Ғалия
(1963  жылы  шыққан  «ХХ  ғасыр  басындағы  қазақ  ақындарының 
шығармалар жинағында» жарияланған бұл өлең ел ішіне əн мəтіні ретінде 
кең таралған, тек оның үшінші шумағындағы алғашқы жолы «Айдың көзін 
жалт етіп бұлт алсын» деп келеді, сондай-ақ əн қайырмамен айтылады). 
Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен,
Оң қабағым тартады күлімдесең.
Менің көңілім, Ғалия, дауалансын,
Ауған түйе секілді бейімдесең.
Нұр сипатың, Ғалия, жамалыңыз,
Ешбір жанға тимесін залалымыз.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Əлдеқандай болады заманымыз?

49
Айдың көзін, Ғалия, бұлыт алсын,
Бүйте берсең, жүйкемді құрытарсың.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Қай қылығын қалқаның ұмытарсың?
Қайырмасы:
Ойпыр-ау, жан сəулем,
Ғалия-ау, бетіңнен,
Əппақ қардай етіңнен.
Бір күн ауру, бір күн сау,
Жазылдың ба дертіңнен.
Əнеугі айтқан...
Əнеугі айтқан, сəулем-ай, сөзіңді ұқтым, 
Мен дұшпаннан қорғалап қашан бұқтым.
Ақсұңқарды бөктергі іле ме деп, 
Ерегіскен дұшпанды жерге тықтым.
Ерейменнің түбінде сегіз ағаш, 
Сені маған телиді көрген алаш. 
Аға, жеңгең бас болып қорыса да, 
Амандасып қалушы ең таңмен талас.
Бір ат келді базардан құла қасқа, 
Жібек ноқта басында, бауы басқа. 
Ғашық болып қосылған Ғалияжан, 
Кел, екеуіміз мінейік тарантасқа.
Ойлап тұрсам, дүние, жалғаның-ай,
Өгіз сатып Қараөткел барғаным-ай. 
Қапаланып жүргенде ел сағынып, 
Қайдан менің іліндің қармағыма-ай.
Құрмет еткен кішіні үлкен аға, 
Сүйеніш ерлерге болған пана. 
Ғашық болып қосылған Ғалияжан, 
Өлеңменен сөйлейін біраз ғана.
Есен бол, енді айналып келгенімше, 
Қылығыңды ұмытпан өлгенімше. 

50
Ел сағынып барамын үйге қайтып, 
Бір аллаға тапсырдым көргенімше.
Айналайын...
Айналайын, Ғалия, сен бір тоты, 
Осы күнде келмей тұр көңіл хоты. 
Ғашық болып қосылған Ғалияжан, 
Көрсетпейді қорған боп өгіз соты.
Айналайын, Ғалия, сен бір тоты, 
Сені айтпасам, келмейді көңіл хоты. 
Сен есіме түскенде, Ғалияжан, 
Бит шаққандай болмайды өгіз соты.
Мынау дүние, қай дүние, күлкі дүние, 
Таудан қашқан сылаңдап түлкі дүние. 
Сексен сұлу сылаңдап жүрсе-дағы, 
Ғалияның алмаймын кірпігіне.
Хат жазайын, Ғалия, саған арнап, 
Сипатыңа екінші құрмет айлап, 
Анда-санда көзіме бір көрінсең, 
Қарға аунаған түлкідей қалам жайнап.
Көк ала үйрек ұшады кел дегенде, 
Менің діңкем құриды сен дегенде. 
Ғашық болып қосылған Ғалияжан, 
Сусын болар лебізің шөлдегенде.
Күнім де сен, Ғалия, айым да сен, 
Көзді тартар батсайы, шайым да сен, 
Ғашық болып айқасқан құшағыңды 
Балтаменен шаппаса, айырма сен.
Айым да сен…
Айым да сен, Ғалия, күнім де сен,
Оң қабағым тартады, күлімдесең. 
Келмеді деп, Ғалия, өкпелеме, 
Амал қанша, бір минут кідірмес ем!

51
Айым да сен, Ғалия, күнім де сен, 
Оң қабағым тартады, күлімдесең. 
Менің көңілім, Ғалия, дауалансын, 
Ауған түйе секілді бейімдесең.
Ғалияның қолында бұйда пышақ, 
Ғалияны көрдім де, жайдым құшақ. 
Жатыр ма екен Ғалия, отыр ма екен, 
Айдын көлге шомылған аққуға ұсап?
Қараөткелде, Ғалия, сен емес пе ең, 
Бұл Арқаның шортаны мен емес пе ем? 
Құралай көз, сүмбіл шаш Ғалияжан, 
Ынтығымды құрытқан сен емес пе ең?
Айналайын, қарағым...
Айналайын, қарағым, Ғалиясың,
Білдірмеуші ең сөзіңнің жариясын. 
Түнеугүні бір сөзді айтып едім, 
Сол сөзіме не жауап қайырасың?
Ғалия 
(Əн мəтінінің төменде беріліп отырған алты нұсқасы 1998 жылы 
С.  Оспанов тың  құрастыруымен  шыққан  «Балуан  Шолақ»  жинағында 
нота сымен бірге жарияланған). 
(1-түрі)
Əнеугі айтқан, сəулем-ай, сөзіңді ұқтым, 
Мен дұшпаннан қорғалап, қашан бұқтым. 
Ақсұңқарды бөктергі, ау, іле ме деп, 
Ерегіскен дүшпанды, ай, жерге тықтым, жерге тықтым. 
Қайырмасы:
Ойпырмау, ой, Ғалия! 
Ісіміз болды, əй, жария, ай!
Ерейменнің түбінде сегіз ағаш, 
Сені маған телиді көрген алаш. 

52
Аға, жеңгең бас болып қорыса да, 
Амандасып қалушы ең таңмен талас.
Қайырмасы: 
Ойпырмау, ой, нəркес көзіңнен,
Бал татыған, ей, сөзіңнен. 
Бір ат келді базардан құла қасқа,
Жібек ноқта басында, бауы басқа.
Ғашық болып қосылған Ғалияжан, 
Кел, екеуміз мінейік тарантасқа.
Қайырмасы: 
Ойпырмау, ой, Гүлəнім,
Жарай ма екен бұл əнім.
Ғалия 
(2-түрі)
Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен, 
Оң қабағым тартады, күлімдесең. 
Менің көңілім, Ғалия, дауаласын, 
Ауған түйе секілді бейімделсең.
Қайырмасы: 
Ойпырмау, жан сəулем,
Ғалия-ау, бетіңнен.
Аппақ қардай етіңнен,
Бір күн ауру, бір күн сау, 
Жазылмадым дертіңнен.
Нұр сипатты, Ғалия, жамалыңыз, 
Ешбір жанға тимесін залалыңыз. 
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан, 
Əлдеқалай болады заманыңыз. 
Қайырмасы.
Айым да сен, Ғалия, күнім де сен, 
Оң қабағым тартады, күлімдесең. 

53
Келмеді деп, Ғалия, өкпелеме, 
Амал қанша, бір минөт кідірмес ем! 
Қайырмасы.
 Ғалия 
(3-түрі)
Сен Тілеудің қызы едің Ғалиядай,
Ісің болды халыққа жариядай,
Бүл қылығың қоймасаң, Ғалияжан,
Арты болып кетпесін дариядай.
Қайырмасы: 
Ойпырмау, Ғалия, қабақтан, 
Сүйе берсең тамақтан.
Ойда тұрып, Ғалия-ау,
Дүрия пешпент жамылып, 
Іс қыларсың жария.
Бүйте берсең, Ғалия, бүлдірерсің, 
Қордабайды мұртынан күлдірерсің. 
Бұл қылығың қоймасаң, Ғалияжан, 
Кезегімді соңынан бір берерсің. 
Қайырмасы.
Ғалия  
(4-түрі)
Қараөткелдік Ғалия сен емес пе ең, 
Көкшетаудың Шолағы мен емес пе ем,
Ойпырмау, жан сəулем, Ғалия!
Кішкентайдан бірге өскен Ғалияжан, 
Қарағың мен шырағың мен емес пе ем.
Ойпырмау, жан сəулем, Ғалия.
Қайырмасы: 
Тілегім сен емес пе ең, тілегім, 
Жан сүйгенім, Ғалия, 
Жараланды жүрегім.

54
Сені ойлап, Ғалия, зарланамын, 
Хатыңды оқып, сасқаннан зарланамын. 
Зарлы күймен бойымды билеткенде, 
Əсерімен сол күйдің толғанамын. 
Қайырмасы.
Ғалияның қолында бұйда пышақ, 
Ғалияны көрдім де, жайдым құшақ. 
Жатыр ма екен Ғалия, отыр ма екен, 
Айдын көлге шомылған аққуға ұқсап? 
Қайырмасы.
Ғалия  
(5-түрі)
Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен,
Оң қабағым тартады, күлімдесең.
Менің көңілім, Ғалия, дауаласын, а,
Ауған түйе секілді бейімдесең, бейімдесең. 
Қайырмасы: 
Ойпырмай-ай, жан сəулем, Ғалия-ау, бетіңнен, 
Аппақ қардай етіңнен, 
Бір күн ауру, бір күн сау, 
Жазылмадың, а, е-ей, дертіңнен.
Нұр сипатты, Ғалия-ау, жамалыңыз, 
Ешбір жанға тимесін залалыңыз. 
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан, 
Əлдеқалай болады заманымыз. 
Қайырмасы.
Айдың көзін жалт етіп бұлыт алсын, 
Бүйте берсең, жүйкемді құрытарсың. 
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан, 
Қай қылығын қалқаның ұмытарсың. 
Қайырмасы.

55
Ғалия 
(6-түрі)
Ғалияның қолында бұйда пышақ, о,
Ғалияны көрдім де, жайдым құшақ.
Отыр ма екен Ғалия, жатыр ма екен, а?
Айдын көлде шомылған аққу құсап.
Беу, жан сəуле, Ғалия, бетіңнен,
Сүйіп бір алсам ерніңнен. 
Қайырмасы:
Ойда тұрып Ғалия-ай, 
Ақбоз үйге сүйенгенде, 
Сарыала бешпет киінгенде, 
Шəйі орамал түйінгенде. 
Айналайын Ғалия-ай, 
Қолым салдым қалтаңа-ай. 
Жығыла жаздап байқамай. 
Аңсап, сусап келгенде, 
Бір сүйгізші, а-ха-хау, қалқатай!
Алып келген базардан құла қасқа, 
Жібек ноқта басында, бауы басқа. 
Кішкентайдан бірге өскен Ғалияжан, 
Кел, екеуміз мінейік тарантасқа. 
Беу, жан сəулем, Ғалия, қабақтан, 
Сүйіп бір алсам тамақтан. 
Қайырмасы.
Хат жазайын, Ғалия…
Хат жазайын, Ғалия, саған арнап, 
Сипатыңа, екінші, құрмет айлап. 
Анда-санда көзіме бір көрінсең, 
Қарға аунаған түлкідей қалам жайнап!
Ойпырым-ай, жан сəулем, Ғалия, 
Бетіңнен... 
Аппақ қардай етіңнен... 
Бір күн ауру, бір күн сау, 
Жазылмадым, 
Ой, ой, ой... дертіңнен!

56
Айналайын Ғалия, сен бір тоты
Айналайын Ғалия, сен бір тоты, 
Сені айтпасам, келмейді көңіл хошы, 
Сен есіме түскенде, Ғалияжан, 
Бір тиындай болмайды өгіз соты.
Бір ат келді...
Бір ат келді базарға құла қасқа, 
Жібек ноқта басында, бауы басқа, 
Ғашық болып көріскен Ғалияжан, 
Кел, екеуміз мінейік тарантасқа! 
Ойпырым-ай, жан сəулем Ғалия, 
Қабағың... 
Күндей аппақ тамағың. 
Қарақаттай көзіңе, құмарлана 
Ой, ой, ой... қарадым!..
Мына дүние...
Мына дүние қай дүние – күлкі дүние! 
Таудан қашқан сылаңдап түлкі дүние! 
Сексен сұлу сылаңдап тұрса-дағы, 
Ғалияның алмаймын кірпігіне! 
Ойпырмай, жан сəулем Ғалия... 
Ғалияның қолында...
Ғалияның қолында бұйда пышақ, 
Ғалияны көрдім де, жайдым құшақ. 
Отыр ма екен Ғалия, жатыр ма екен, 
Айдын көлде таранған аққу құсап?
Көк ала үйрек...
Көк ала үйрек ұшады көл дегенде, 
Менің діңкем құриды сен дегенде. 
Ғашық болып қосылған Ғалияжан, 
Сусын болар лебізің шөлдегенде! 
Күнім де сен 
Күнім де сен, Ғалия, айым да сен, 
Көзді тартар батсайы, шайым да сен, 

57
Ғашық болып айқасқан құшағымды, 
Балтаменен шапса да – айырма сен! 
Көріп пе едің...
Көріп пе едің қырғыздың Алатауын, 
Бұлт ұялап, басында күнде жауын 
Алыстағы аңсаған Ғалияның, 
Біліп қайтсам, шіркін-ай, есен-сауын!
Айдың көзін жалт еткен...
Айдың көзін жалт еткен бұлт алсын, 
Бүйте берсең, діңкемді құрытарсың. 
Биуадан қосылған Ғалияжан, 
Қай қылығын қалқаның ұмытарсың.
Айым да сен, Ғалия, күнім де сен, 
Оң қабағым тартады, күлімдесең. 
Менің көңілім, Ғалия, дауалансын, 
Ауған түйе секілді бейімдесең.
Ғалияның қолында бұйда пышақ, 
Ғалияны көрдім де, жайдым құшақ. 
Ғалия жатыр ма екен, отыр ма екен, 
Шомылған айдын көлде аққуға ұсап?!
Қараөткелде Ғалия сен емес пе ең, 
Бұл Арқаның шортаны мен емес пе ем. 
Сүмбіл шаш, құралай көз Ғалияжан, 
Ынтығымды құрытқан сен емес пе ең?! 
Қайырмалары:
Ойпырмай, жан сəулем, 
Ғалия, көзіңнен. 
Қосылып ем өзіңмен. 
Бір көрінсең көзіме, 
Айрылмас ем өзіңнен!
Ойпырмай, жан сəулем, 
Ғалия, басыңнан.

58
Кеткім келмес қасыңнан. 
Жұпар иісі шығады, 
Қолаң қара шашыңнан!
Ойпырмай, жан сəулем,
Ғалия, қабағың. 
Аппақ екен тамағың. 
Қайта айналып тағы да, 
Көрер ме екем, қарағым?! 
Ғалия айналайын 
Ғалия айналайын қалып еді, 
Көп жылап, таңға жақын талып еді. 
Білмеймін не болғанын əңгіменің, 
Біржанмен биге түсіп қалып еді. 
Сəлем де 
Сəлем де – Ғалия жүрсін аман,
Артынан аяңдаған өсек жаман.
Шетіне шай орамал мейіз түйіп, 
Кісіден қатынасқан берсін маған.
Сəлем де Ғалияға
Сəлем де Ғалияға ұмытпасын, 
Қасына ешбір жанды жуытпасын. 
Жұлдыздың бас кезінде барып қалам, 
Жүрекке жара салып суытпасын.
Ноғайлар бал жалайды 
Ноғайлар бал жалайды шыныменен, 
Ешнəрсе бітірмедім мұныменен. 
Ғалия, сен туралы естігенде, 
Дөңбекшіп жата алмадым түніменен.
Ғалия, ұзын бойлы ырғақтым-ай, 
Үстіңде дүрия көйлек сырғақтым-ай. 
Қазақтың сендей қызы үйінде отыр, 
Шыдамай бір-екі айға жын қақты ма-ай.

59
Дегенде, Ғалиясың
(Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауылында тұратын зейнет-
кер Қайреден Жұмашев 2014 жылғы 8 тамызда «Жас алаш» газетінде 
жариялаған мəтін).
Дегенде, Ғалиясың, Ғалиясың!
Iшiңнiң кiм бiледi жар-ұясын.
Сонау күнi бiр сөздi айтып едiм,
Сол сөзiме не жауап қайырасың!?
 
Қайырмасы:
Япырм-ай! Жан сəулем! 
Ғалия-ай! Етiңнен!
Аппақ қардай бетiңнен!
Бiр күн ауру, бiр күн сау,
Жазылмадың дертiңнен!
 
Көгалда көгала үйрек балпаңдаған,
Құрбыға бiр сөзiм бар айта алмаған.
Томағасын сыпырған ителгiдей,
Айналайын, көзiңнен жайтаңдаған!
 
Қайырмасы.
 
Қолында Ғалияның алмас пышақ,
Көрдiм де, Ғалияға жайдым құшақ.
Отыр ма екен Ғалия, жатыр ма екен,
Айдын көлге шомылған аққу құсап!
Қайырмасы:
Япырм-ай! Ғалия-ай!
Жан сəулем! Етiңнен!
Аппақ қардай бетiңнен!
Бiр күн ауру, бiр күн сау!
Жазылмадың дертiңнен!
 

60
Ғалия
(«Ғалия»  əнінің  тағы  бір  түпнұсқалық  мəтіні  мен  оның  жолма-жол 
мағыналық  тəржімесі  А.В.  Затаевичтің  М.И.  Глинка  атындағы  Ресей 
мемлекеттік  орталық  музыкалық  мəдениет  мұражайындағы  қорында 
сақталған. 2004 жылы Алматыда қайта басылған «Қазақ халқының 1000 
əні»  жинағы  бойынша  беріліп  отыр.  Затаевич  Балуан  Шолақтың  төрт 
əнін, оның ішінде бір əнді («Ғалияны») екі адамның – Денисов үйезі Домбар 
болысында Беймұхаммед (Бейімбет) Майлиннің, Черлак (бұрынғы Омбы) 
үйезіндегі Қайтас болысында Əлікей Өтекиннің орындауында жазып алған. 
«1000  əнге»  жазған  түсініктерінде: «...солардың  ішіндегі  танымалдығы 
бойынша  өзінше  бір  атақтысы  «Ғалия» (Шолақтың  ғашығының  есімі) 
жəне, əсіресе, аса тамаша «Сарын» болып табылады, бұл менің жинаған 
коллекциямның  ішіндегі  неғұрлым  аршынды,  кең  құлашты,  асқан  үздік, 
виртуозды əндер қатарына жатады», – деп жазды).
Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен,
Оң қабағым тартады, күлімдесең.
Менің көңілім, Ғалия, дауалансын,
Ауған түйе секілді бейімдесең.
Қайырмасы:
Япырау, жан сəулем, Ғалия, бетіңнен,
Аппақ болған етіңнен.
Бір күн ауру, бір күн сау,
Жазылдың ба дертіңнен.
Айдың көзін жалт еткен бұлыт алсын,
Бүйте берсең, жүйкемді құрытарсың.
Биуадан қосылған Ғалияжан,
Қай қылығын қалқаның ұмытарсың.
Қайырмасы.
Галия
Ты, Галия, луна моя и солнце мое,
От твоей улыбки играет моя правая бровь.
Моя душа, Галия, успокоится,
Если обнимешь меня крепче.

61
Припев:
Люблю твое личико, милая Галия,
И белоснежное твое тело.
То больна ты, то здорова, 
Избавилась ли ты от болезни?
Сверкнувшую луну пусть укроет туча, 
Милая Галия, с которой встречался вдалеке,
Если так будешь поступать, ты забудешь меня,
Можно ли забыть проделки любимой?
Припев.
Сарын
(Балуан Шолақтың сарыны)
Атандым Балуан Шолақ бала күннен, а-ау, 
Ту ұстап, ерлік етіп, тұлпар мінген, а-ау. 
Ешкімге опасы жоқ жалған дүние, 
Өтті ғой талай-талай кемеңгерден. 
Бұл дүние шын емес, жалған дүние, 
Адамды əрбір жолға салған дүние. 
Ойласаң, ау, түбің заһар сондай ащы, сондай ащы, 
Лəззəтті болсаң-дағы балдан дүние, ау,
            
 
 
 
      о-у, о-у, о-ой!
Жалғанның алданбадық, несін біліп, 
Жастықта тəуба етпедім есім біліп. 
Дүниеге жаяу келіп, жаяу кеттім, 
Үстіме жеңсіз көйлек тесіп іліп. 
Өлімнен құтылу жоқ батыр болып, 
Сөзге шешен, əнге жүйрік ақын болып. 
Баратын алыс сапар қайтып келмес, 
Қалыңдар, елі-жұртым, бақыл болып.
Наз
(Шолақтың назы)
Нұрмағамбет Баймырзаұлы менің атым, 
Бар елге мағлұм болған асыл затым. 
Нағашым жалпақ Қанай деп айтады, 
Болады Ұлы-ай жүздік арғы затым. 

62
Қайырмасы: 
И-ай, й-а-ай,
И-а, ой, а-а-а-а, ой, а-а-а-ай.
Шығады ақыл жастан, асыл – тастан, 
Сарқады арнасынан өзен тасқан. 
Əйгілі менің атым Балуан Шолақ, 
Дұшпанның ерегіскен көңілін басқан. 
Қайырмасы.
Желдірме
(Шолақтың желдірмесі)
Əй-ə-əй! Кейбіреу кеп қылып жүр кебін білмей,
Кейбіреу кейбіреумен қалжыңдап жүр,
Өзінің ойнайтұғын теңін білмей,
Кейбіреу кейбіреуге сын тағып жүр,
Өзінің жыртық тұрған жеңін білмей.
Шын жүйрік қызған сайын көтерілер,
Əсілі ылди менен өрін білмей.
Кей надан қызым бар деп той мал салар,
Үйінде жасайтұғын себін білмей.
О-ой! И-и-и,
А-хау, и-и, а-хау, и-и-и-ей.
Балуан Шолақтың əні 
(1-түрі)
Дегенде Шолақ баяу, Шолақ баяу, 
Еркім жоқ, қапастамын, ау, көңілім қаяу.
       
 
Қапастамын, көңілім қаяу. 
Жаласы сексен өгіз бірдей қуып, 
Мылтықтың дəл аузында, ау, тұрмын таяу.
      
 
Дəл аузында тұрмын таяу.
Жазығым – мықтылығым, күшім басым, 
Дұшпанның талқандадым талай тасын. 
Отырмын мен қапаста қамығумен, 
Сұм дұшпан, енді маған не қыласың.

63
Япырмау, мен не қылдым жақыныма, 
Жақыным бір келмеді ақылыма. 
Жатқанда абақтыда бір келмеді, 
Мұжық қол батқан екен тақымына.
Балуан Шолақтың əні 
 (2-түрі)
Бозбала, не сұрайсың біздей ерден, 
Бұл кеңес шыға бермес өзге жерден. 
Барында қызыл гүлдің қал қимылдап, 
Бар ма екен дүние айналып екі келген. 
Қайырмасы: 
Екі келген пірім-ай,
Жазбады, ау, жазбады саған күнім-ай.
Жасымнан қол сермедім асқар белге, 
Көкорай ел қондырдым жайлы жерге. 
Өлеңші, домбырашы, өзім балуан, 
Болмаған кімдер əуес біздей ерге. 
Қайырмасы.
Балуан Шолақтың əні 
 (3-түрі)
Ой-ди-ди-ди-ди-ди-ди, рай-ра, и-и-и-а-ай, 
Атандым, ау, Нұрмағамбет – Балуан Шолақ, 
Бойыма құдай берген күш пенен бақ. 
Сұлу қыз, келіншекке тынышсыздаумын – 
Жалғыз-ақ денемдегі кінəм сол-ақ. 
Қайырмасы: 
А-ха-ха-ха, хай-хай,
А-ха-ха-ха, хай-хай. 
А-ха-ха, ай-ай! А-ха-хау, 
А-ха-хау, а-ха-ха-ха, а-ха-ха-ха, а-ай.

64
Атандым Балуан Шолақ Баймырзаұлы, 
Алашқа мағлұм болған əр пиғылы. 
Қыран құс қисық ұшып, түзу ілер, 
Жақсының естен кетпес əр қылығы. 
Қайырмасы.
Балуан Шолақтың əні 
 (4-түрі)
Бұл күнде жиырмада менің жасым, 
Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын. 
Кешегі сентябрьдің базарыңда, 
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.
Жиналған орыс-қазақ таң қалысты, 
Болды деп Қаһарманнан мынау басым. 
Залог сап жетпіс бес сом күрескенде, 
Сындырдым Карон балуан қабырғасын.
Балуан Шолақтың əні 
 (5-түрі)
Мен өзім осы кезде тасып жүрмін,
Кеудесін дұшпандардың басып жүрмін.
Жаласы сексен өгіз маған ауып,
Сол кезде Қараткөлде қашып жүрмін, ай.
Қайырмасы. 
Айтқаны жақсылардың болар себеп, 
Қолтықтан көтере көр, əруақ, демеп. 
Ұстайды деген менің ойымда жоқ, 
Тайный
1
 кеп он бес солдат алды қамап.
Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ,
Оң қолым отқа күйіп болдым молақ.
Сұлу қыз, келіншекке тынышсызбын –
Жалғыз-ақ тал бойымда мінім сол-ақ.
1
 Білдірмей, жасырын, құпия келу мағынасында.

65
Қайырмасы. 
Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым, 
Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын, 
Кешегі сентябрьдің базарында, 
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.
Жиналып орыс, қазақ таң қалысты, 
Болды деп Қаһарманнан болды басым. 
Залог сап 75 сом күрескенде, 
Сындырдым Карон балуан қабырғасын. 
Қайырмасы.
Дауыс ашар
Атанған, ей, мен жасымнан Шолақ едім, 
Намаз бен оразаңа олақ едім, 
Айында қатын, бала бір көрмейтін, 
Мен жүрген ел шетінде қонақ едім. 
Қайырмасы.
Мен, Шолақ, ашуланса қалай тоқтар, 
Елде аз осы күнде мені боқтар. 
Қашанғы қорлығыңа шыдайын деп, 
Біреуін біреуіне қылдым шоқпар. 
Қайырмасы.
Қос балапан – Көкшетау
Жасымнан үйір болдым қыз балаға, 
Шешесі қыз баланың қызғана ма. 
Он жеті, он сегізге жеткеннен соң, 
Қыз бала, жолығарсың бір жалаға. 
Қайырмасы: 
Көкшетауым,
Күнде жауын.
Сексен көл айдын шалқар,
Сенің баурың.

66
Жақсы қыз сыр айтады жеңгесіне, 
Айтқан соң өз жеңгесі көнбесін бе.
Білмеген адам жайын жаман қатын, 
Қондырар қара құсты кеудесіне. 
Қайырмасы.
Қос қалқа
Айтуға-ай мен бір өлең көңілім ауып, 
Қыз бала, алдыңда тұр үлкен қауіп.
Қайырмасы: 
Қос қалқа-ау, сəулем, қос қалқа-ай,
Алтыннан сырға алқа бел, 
Сағынсаң, қалқа, қайта кел.
Əкеңнің оң жағында ойна да күл,
Бір жақсы жігітпенен теңің тауып.
Қайырмасы. 
Əкеңнің оң жағынан кеткеннен соң, 
Жүресің бөтен елде сиыр сауып. 
Қайырмасы.
Егер де күйеуіңе жақпай қалсаң, 
Басыңа кетер сонда қамшы жауып.
Қайырмасы.
Жіберер əкең сені малға сатып, 
Мал болса болғаны ғой құдай атып. 
Қайырмасы.
Жігітпен көңілің сүйген ойна да күл, 
Айтамын осы өлеңді таңырқатып. 
Қайырмасы.
Жігітке өзің сүйген бара алмасаң, 
Өтерсің бір жаманмен сілең қатып. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет