95-бап. Бала асырап алудың күшін жоюға негіздер 1. Бала асырап алушылар өздеріне жүктелген міндеттерін орындаудан жалтарған, ата-ана құқықтарын теріс пайдаланған, асырап алынған балаға қатал қараған, соның ішінде оған күш қолданып немесе психикалық зорлық- зомбылық етіп, жыныстық пәктігіне қастық жасаған, маскүнемдікпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауырады деп танылған жағдайларда, баланы асырап алудың күші жойылуы мүмкін.
2. Сот баланың мүдделерін негізге алып және баланың пікірін ескере отырып, басқа да негіздер бойынша баланы асырап алудың күшін жоюға құқылы.
96-бап. Бала асырап алудың күшін жою 1. Бала асырап алудың күшін жою сот тәртібімен жүргізіледі.
2. Бала асырап алудың күшін жою туралы іс қорғаншы және қамқоршы органның, сондай-ақ прокурордың қатысуымен қаралады.
3. Бала асырап алудың күшін жою туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бала асырап алу тоқтатылады.
Сот бала асырап алудың күшін жою туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде осы шешімнің үзіндісін бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органдарға жіберуге міндетті.
97-бап. Бала асырап алудың күшін жоюды талап етуге құқығы бар адамдар Бала асырап алудың күшін жоюды талап етуге оның ата-аналарының, бала асырап алушылардың, он төрт жасқа толған асырап алынған баланың, қорғаншы немесе қамқоршы органның, сондай-ақ баланың мүдделеріне сай прокурордың құқығы бар.
98-бап. Бала асырап алудың күшін жоюдың салдары 1. Сот бала асырап алудың күшін жойған кезде, асырап алынған баланың және баланы асырап алғандардың, бала асырап алушылар туыстарының өзара құқықтары мен міндеттері тоқтатылады және егер баланың мүдделері талап етсе, бала мен оның ата-анасының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен міндеттері қалпына келтіріледі.
2. Бала асырап алудың күші жойылған кезде бала сот шешімі бойынша ата- анасына беріледі. Ата-аналары болмаған кезде, сондай-ақ баланы ата-анасына беру оның мүдделеріне қайшы келсе, бала қорғаншы және қамқоршы органның қамқоршылығына беріледі.
3. Сот баланың асырап алынуына байланысты оған берілген аты, әкесінің аты және тегі сақталу-сақталмау мәселесін де шешеді.
Он жасқа толған баланың атын, әкесінің атын немесе тегін тек оның келісімімен ғана өзгерту мүмкін болады.
4. Сот баланың мүдделерін негізге ала отырып, осы Заңның 125 және 127-баптарында белгіленген мөлшерде бұрынғы бала асырап алушыны баланы асырауға қаражат төлеп тұруға міндеттеуге құқылы.