2-бап. Неке-отбасы заңдарының негіздері 1. Неке және отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.
2. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңдары:
1) еркек пен әйелдің некелі одағының еріктілігі;
2) ерлі-зайыптылардың отбасындағы құқықтарының теңдігі;
3) отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол берілмеушілік;
4) отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісіммен шешу;
5) балаларды отбасында тәрбиелеуге басымдық беру, олардың өсіп-жетілуі мен әл-ауқатты болуына қамқорлық жасау;
6) отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабылетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға басымдық беру;
7) отбасы мүшелерінің өз құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруын қамтамасыз ету, бұл құқықтарды сот қорғауының мүмкіндіктері;
8) отбасының барлық мүшелерін салауатты тұрмыс салтына ынталандыру принциптеріне негізделеді.
3. Мемлекеттік азаматтық хал актілерін жазу органдарында қиылған неке ғана танылады.
4. Некеге тұруы кезінде және отбасылық қатынастарда әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық тіл және діни белгілері бойынша азаматтардың құқықтарын шектеудің кез келген нысандарына тыйым салынады.
Азаматтардың неке-отбасы қатынастарындағы құқықтары тек заң негізінде және отбасы мүшелері мен өзге де азаматтардың денсаулығын, адамгершілігін, құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, сондай шамада ғана шектелуі мүмкін.
3-бап. Неке-отбасы заңдарымен реттелетін қатынастар Неке-отбасы заңдары:
1) некеге тұрудың, некені тоқтатудың және оны жарамсыз деп танудың шарты мен тәртібін белгілейді;
2) отбасы мүшелерінің: ерлі-зайыптылардың, ата-аналар мен балалардың (асырап алушылар мен асырап алынғандардың) арасындағы, ал неке-отбасы заңдарында көзделген жағдайларда және шектерде басқа туыстар мен өзге де адамдардың арасындағы азаматтық құқықтар мен міндеттерді, мүліктік емес және мүліктік жеке қатынастарды реттейді;
3) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың нысандары мен тәртібін айқындайды;
4) азаматтық хал актілерін тіркеу және заңдарда белгіленген тәртіппен ақылы қызмет көрсету тәртібін реттейді.