37.Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың майдандағы және тылдағы ерліктері және оларды әдеби шығармалар негізінде талдаңыз (1941-1945 жж.) 1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері Кеңес Одағына тұтқиылдан, соғыс жарияламастан басып кірді. Кеңес халқының Ұлы Отан соғысы, яғни Отанын шетел басқыншыларынан азат ету соғысы басталды. Кеңестік әскери күш бейбіт уақыт жоспарына сай орналасқандықтан соғыс қимылдары басталған территорияға тартылуы барысында, жау соғыстың алғашқы бес айында мемлекеттің 5% халқы тұратын аудандарын жаулап алды. Германия КСРО-ға қарсы барлық қарулы күшінін 70% - 5,5 млн адамнан тұратын 190 дивизия, 4300 танк, 5 мың ұшақ шоғырландырды. Батыс шекаралық округтердегі Қызыл Әскер күштерімен салыстырғанда Германия әскери күші адам ресурсінен екі есе, танктен үш есе, ұшақтан 3 есе, артиллериядан – 1,3 есе басым болды. Осыған қарамастан шекарашылар, олардың қатарында Брест қорғаушылары алғашқы ұрыстың өзінде теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Брест шекаралық отряды жауынгерлердің құрамында жаудын алғашқы соққысына А.Мүсірепов, В.Лобанов, К.Абдрахманов, К.Иманқұлов, А.Наганов, Ғ.Жұматов, Ш.Шолтыров, Т.Деревянко, Қ.Батталов және басқа қазақстандық жауынгерлер қарсылық көрсетіп, айрықша ерлікпен көзге түсті.
Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталып, майданға аттандырылды. Қазақстан территориясында жасақталған әскери құрылымдар соғыстың алғашқы күндерінен бастап жаумен ерлікпен шайқасты. Әсіресе, Москва түбіндегі шайқаста қазақстандықтар үлкен құрметке ие болды. Москва бағытындағы негізгі жолдардың бірі – Волоколамск тас жолын қорғауда Алматыда жабдықталған 316-атқыштар дивизиясы генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен теңдесі жоқ ерлік танытты. Қысқа уақыт ішінде дивизия жауынгерлері жаудың танк, моторлы және екі жаяу әскер дивизияларын талқандады. Москва түбіндегі шайқаста әсіресе саяси жетекші В.Г. Клочков басқарған бөлімше – 28 панфиловшылар жаудың 50 танкісіне тойтарыс беріп, асқан ерлік көрсетті. 1941 ж. 17 қарашада дивизияға 8-ші гвардиялық деген атақ беріліп, кейінірек Қызыл Ту, Ленин ордендерімен, ал Риганы жаудан азат еткені үшін екінші дәрежелі Суворов орденімен марапатталды. Бұл шайқаста ерлік танықтан 28 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Сонымен бірге Волоколамск түбінде үлкен ерлік көрсетіп қаза тапқан талантты қолбасшы, қаһарман командир И.В.Панфиловке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Панфиловшы аға лейтенант Б.Момышұлы Москва түбіндегі шайқаста өз батальонымен жау қоршауын үш рет бұзып шықты. Соғысты Б.Момышұлы полковник лауазымымен, 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болып жүріп аяқтады. Белгілі орыс жазушысы А.Бектің “Волоколамское шоссе” повесі Б.Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігіне арналды. Сөйтсе де, Б.Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігі өз дәрежесінде мойындалмай, тек 1990 жылы еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тікелей араласуымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
И.В.Панфилов дивизиясы құрамында жаумен шайқасқан М.Ғабдуллин 1943 ж. Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. М.Ғабдуллин бастаған жауынгерлер Бородино селосын жаудан тартып алып, 7 сағат бойында ерлікпен қорғады. Шайқас нәтижесінде немістер шегінуге мәжбүр болды. Москва түбіндегі шайқастарда Т.Тоқтаров, Р.Жанғозин, Р.Елебаев және т.б. қазақстандықтар асқан ерлік танытты. Бұл шайқасқа қазақстандық 238-ші дивизия, 19-шы атқыштар бригадасы да қатысты.
Жау 1942 жылдың шілде айында Сталинград бағытына 42 дивизия, тамызда – 69, ал қыркүйекте – 81 дивизия аттандырды. Күш тең болмады. Өйткені кеңестік қолбасшылар жау шабуылын Москва бағытында күтіп, негізгі әскери күшті осы бағытқа шоғырландырды. Өйткені ”Блау” бойынша, Кеңес барлаушыларын жалған жолға түсіріп, шабуыл Москва бағытында қайта жанданады деген ақпарат таратылған еді. Сталинград бағытындағы шайқастарға төмендегідей қазақстандық әскери құрылымдар қатысты: 292-ші атқыштар дивизиясы ретінде қайта құрылған 74-ші Аралдық атқыштар бригадасы, 387-ші атқыштар дивизиясы, 27-ші атқыштар кейінгі 72 гвардиялық дивизия, 75-ші атқыштар кейінгі 3-ші гвардиялық атқыштар бригадасы. 3-ші атқыштар бригадасы Сталинград түбідегі шайқаста 5 мың фашисті жойып, 3 мың фашист офицері мен жауынгерлерін тұтқынға алды. Сонымен бірге, бұл шайқасқа 81-ші атты әскер дивизиясы, 152-ші атқыштар бригадасы, 129-ші миномет полкі мен 196-ші жеке көпір құрылысы батальоны қатысты.
1942 жылдың 19 желтоқсанында Боковская-Пономаревка ауданында болған әуе шайқасында қарағандылық ұшқыш Н.Әбдіров өзінің оқ тиіп өртенген ұшағын жау танктері шоғырланған жерге бағыттап, экипажымен бірге ерлікпен қаза тапты. Н.Әбдіров, минометші К.Сыпатаев пен Р.Рамазанов Сталинградты қорғаудағы ерліктері үшін Ұлы Отан соғысы батыры атағына ие болды. Сталинградта қаланы жаудан қорғауда ерлік танытқан қазақстандықтар құрметіне “Казахстанская” аталған көше бар. Бірнеше айға созылған Сталинград шайқасы 1943 жылдын басында жаудың жеңілуімен аяқталды. Сталинград шайқасы барысында Кеңес Армиясы екінші дүниежүзілік соғыстағы түбегейлі бетбұрысқа шешуші үлес қосты.
Прага операциясына 118, 88, 314, 8-ші атқыштар, 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы қатысып, бұл операцияда 992-ші алматылық авиация полкі асқан ерлік көрсетті. Бұл полк екінші дәрежелі Б.Хмельницкий және 3-ші дәрежелі Суворов ордендерімен үш мәрте марапатталды. 992-ші полк 7642 рет жауға шабуыл жасап, 816 бомба тастап, 3 ұшақты, 19 зенитті батареяны, 1000 автомашина, 2 көпірді және т.б. жойды. Прага операциясы барысында 52-ші армия құрамындағы алматылық 556-ші эскадрилия ерлікпен көзге түсті. Бұл эскадрилия тұтқиылдан 4050 шабуыл жасап, 2350 мәрте жау территориясын бомбалаған. Құрамындағы 14 адамның 10-ы үкімет тарапынан марапатталады.
Чехословакия жерін азат етуге келген қазақстандық ұшқыштар 2, 8, 5-ші әуе армиясының бөлімдерінде жаумен шайқасты. Шайқастардағы ерлігі үшін С.А.Батеньков пен П.Ф.Железняков соғыстан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады. Ұшқыштар: Т.Я.Бигелдинов, И.Павлов, С.Д.Луганский және Л.И.Беда 2 мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Олардың қатарын 56 жыл кешігіп барып, 1941 жылдың 26-шы маусымында, соғыстың бесінші күні-ақ аты аңызға айналған батырлық капитан Гастелло экипажының ерлігі емес, капитан А. Масловтың экипажынікі екендігі айқындалып, осы экипаж құрамындағы Б. Бейсекбаев 1998 жылы Ресей Батыры атағын алып, толықтырылды.
Берлин операциясына қазақстандық 118-ші, 313-ші атқыштар дивизиялары және 209-ші атқыштар полкі қатысты. Берлин ратушасын алуда 118-ші атқыштар дивизиясының взвод лейтенанты К.Маденов, ал көше шайқастарында И.Б.Мадин, Рейхстагка ту тігуде Р.Қошқарбаев ерлік танытты. Айтпенбет Нақыпов Одерден Петерсфельд қаласына дейін танкпен келеді. Соғыстан кейін Нақыповтың танкі қала алаңына ескерткіш ретінде қойылды. Берлин операциясында 27 қазақстандық ерліктерімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.
Қазақ қыздары да соғыс ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей көтерді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап соғысқа сұранып, әскери комиссариаттарға хат жазған қазақ қыздары өте көп болды. Мысалы, Қарағандының әскери комиссариатына соғысқа сұранып өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асқан. Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінде 3 мың өтініш түскен. Ал, Алматы қаласының тек Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш түсті. Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбі медсанбаттар мен госпитальдарда борышын өтеген. Қазақ арулары түрлі әскери құрамаларда болып, ерен ерлік үлгісін көрсетті. Қолдарына қару алып, майданға аттанған қазақ жұлдыздары - Әлия мен Мәншүк Қазақстан даңқын әлемге паш етті. Авиация саласын меңгерген қазақ қызы – Х.Доспанова Кеңес Одағының батыры М.Раскова басқарған әйелдер авиациясының құрамында авиация штурманы болып 300-ден астам мәрте әуеге көтерілді. 2004-ші жылы Президенттің жарлығымен Х.Д.Доспановаға Халық Қаһарманы атағы берілді. Сафарбекова Жауһария Насырқызы Ленинград майданында қалалық радиостанция бастығы болып, Ленинград майданында аса ерлігімен көзге түскен. 1942 жылы Қазақстанда құрылған 34-жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта арулары Курск иініндегі шайқасқа қатысып, бірнеше марапаттарға ие болды.
Қорыта келе, Ұлы Отан соғысына тартылған қазақстандықтар санына тоқталайық. Соғыстың алдында Қазақстанда 6,2 млн. адам тұрды. Соғыс жылдары қолына қару алып, майданға 1,9 млн. адам аттанды. Сталиндік тәртіп 1916 жылғы патша үкіметінің тәжірибесін пайдаланып, арнайы құрылыс батальондарын да құрды. Бұл батальондар Орта Азия және Қазақстанның жергілікті халқынан және құғын-сүргінге түскен халықтардан жасақталды. Қазақстаннан әскери комиссариат арқылы еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді. Олар соғыс шебіне жақын аудандарда оқ астында қорғаныс объектілерінде еңбек етті. Осылайша әрбір төртінші қазақстандық қорғаныс және майдан объктілеріне тартылған. Республиканың мобилизациялық деңгейі тіпті Германиядан да жоғары болды, Германия халқының 12% мобилизацияланса, Қазақстанда халықтың 24% мобилизацияланған. Мобилизацияланған халықтың 50-60% қазақ ұлтынан еді. Қорғаныс, көмір, ауыр өнеркәсіп жұмысшылары соғысқа тартылудан босатылса, Қазақстан тұрғындары түгелімен дерлік армияға шақырылды. Өйткені Қазақстанда шаруалар басым болды.
Ұлы Отан соғысы майдандарында қаза болған қазақстандықтар санына байланысты түрлі пікірлер бар. Кейінгі жылдардағы мәліметтерде соғыстан оралмаған қазақстандықтардың саны 601 000-ға дейін жетіп отыр, оның 350 мыңнан астамы қазақтар. Бұл қолға қару алып, ұрыс даласында қаза тапқардардың саны. Егер осы тұстағы халықтың жалпы саны мен соғыста қаза тапқан өкілдердің санына шағатын болсақ, қазақтардың шығыны көршілес өзбек, татар, азербайжан, грузиндерден анағұрлым жоғары. Бұл пайыздық шығын жағынан қазақ халқы өз жерінде соғыс қимылдары болған орыстармен, украиндермен, белорустермен деңгейлеседі.
Кеңестер Одағының құрамдас бөлігі ретінде жаумен шайқаста қазақстандықтар үлкен ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты. Майдандағы ерлігі үшін 520 қазақстандықтың, оның ішінде 100-ден астам қазақтың Кеңес Одағының Батыры атағын алуы – ортақ Отанын қорғауда қазақ ұлтының суырылып алға шыққанын көрсетеді.