2009 жылы 19 маусымда Қазақстан Республикасы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 20 жылдығын және Семей ядролық полигонындағы сынақтар тоқтатылуының 20 жылдығын атап өтті. Халықпен бірге осы күнді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өтті. Полковничий аралында Семей полигонындағы «Өлімнен күшті» атты ядролық сынақ құрбандарына арналған мемориал бар, сол жерде полигонның жабылуының 18 жылдығына арналған және Қазақстан аумағындағы ядролық соғыстың аяқталуына арналған халықаралық митинг өтті.
«Жиырма жыл бұрын осында, Семей жерінде әлемдегі аса ірі полигондардың бірінде соңғы ядролық жарылыс болып өтті. Ядролық сынақтарды тоқтатуға «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы белсенді жәрдемдесті. Шынайы бүкілхалықтық күш-жігердің нәтижесінде 1989 жылы Семей полигонында жоспарланған 18 ядролық сынақтың 11-ін тоқтата алдық. Біздің жерімізде барлығы 456 ядролық сынақ өткізілсе, олардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе артық еді. Біздің халқымызға келтірілген орны толмас залалды әлі күнге дейін сезінудеміз. Барлық қиындықтарға қарамастан, мемлекет ешқашан өз азаматтарын олардың проблемаларымен бетпе-бет қалдырған емес. Осы мақсаттарға 34 миллиард теңгеге жуық қаржы көзделген. Бұл қаржы Шығыс Қазақстан облысында онкологиялық аурулар бойынша медициналық кластерді құруға жұмсалады.
Семей полигонының төңірегіндегі экологиялық апатқа ұшыраған аймақ қана 300 мыңнан астам шаршы шақырымды алып жатыр. Қазақстанның Германия аумағына барабар аумағының оннан бірі бөлігі уланған, құла дүзге айналып, жүздеген ядролық жарылыстар оған жазылмастай жарақат салды.
Біз сондай-ақ халықты және Семей өңірінің экологиясын нәрлендіруге қосқан үлестері үшін шетелдік әріптестерімізге ризашылық білдіреміз. Өкінішке орай, Қазақтан өнегесіне ергендер аз болды. Жуырда Солтүстік Кореяның ядролық сынақ өткізуі, Иран ядролық бағдарламасы төңірегіндегі қарама-қайшылықтар, екі ядролық державаның – Үндістан мен Пәкістанның көп жылдардан бергі қарсы тұрушылығы – осының бәрі бүгінде әлемдік тепе-теңдіктің қандайлық шетін болып отырғанын тағы да көрсетіп берді. Өз әріптестерімен бірлесіп, Қазақстан алдағы кезде де ядролық қарусыз дүние жолындағы жаһандық қозғалыс қаруға бар күш қуатын жұмсайтын болады.
29 тамызды, осыдан 18 жыл бұрын ядролық полигон жабылған күнді Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың Бүкіләлемдік күні деп жариялау бастамасы назар аударуға тұрарлық деп санаймын. Біз бұл ұсынысты Біріккен Ұлттар Ұйымының қарауына ендіруге әзірміз» – деп атап көрсетті Н.Ә. Назарбаев [1, 2 б.].
Семей ядролық сынақ полигонын құру туралы шешім 1947 жылы 21 тамызда қабылданған. Ядролық сынақ 1949 жылдан 1989 жылдар аралығында өтті.
ҚР Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар үш облыс аумағында орналасқан, сынақ алаңы 18500 км., периметрі шамамен 600 км алып жатыр.
Бұрынғы Семей облысы бойынша полигон алаңы 10 000 км жерді алып жатыр.
1949-1989 жылдар аралығында Семей полигонындағы ресми деректерге сәйкес 456 ядролық сынақ, соның ішінде 8-і – ауада, 30-ы – жердің үстінде және 340-ы – жер астында болды. Қоршаған ортаға атмосферада сыналған және 1949–1962 жылдар аралығында жүргізілген ядролық сынақтар орасан шығын әкелді.
Семей полигонынан басқа, Батыс Қазақстан және Атырау облысы шекарасында Нарын өңірінде 3 сынақ полигоны болды: Азғыр атом полигоны, Мемлекеттік Жазғы-сынақ орталығы және Мемлекеттік орталық полигоны (соңғы екеуі Ресей кешеніндегі Капустин Ярға тиесілі, қазіргі уақытта да қолданыста). Осы полигондар аумағында 29 ядролық жарылыс жүргізілді (18 жер асты, 11 атмосфералық). Зерттеулер мақсатында тағы да 10 ядролық жарылыс жүргізілді: 6 — Қарашығанақта, 3 – Маңғыстау облысында және 1- Ақтөбе облысында.
1966-1979 жж. аралығында Азғыр атом полигонында 10 алаңда 17 ядролық жарылыс жүргізілді. Жарылыстар нәтижесінде жалпы көлемі 1,2 млн.м болатын 9 жер асты жолағы және диаметрі 600 метр бір жасанды көл пайда болды. Бірінші жарылыс 300 тұрғыны бар Азғыр кентінен 1,5 км жерде 165 метр тереңдікте жүргізілді. Жарылыс ұңғымасынан 20 күн бойы қосынды радиоактивтілігі 190 мың Ku болатын газ шықты.
Келесі жарылыстар кезінде газ шығарындысы 11 айға дейін жалғасты.
Полигон 80-жылдардың өзінде де жабық болатын. Алайда Азғыр полигоны аймағындағы радиациялық ахуал тұрақты емес, ластануы жеткілікті биік.
Ядролық жарылыстардан кейін қалған жер асты қуыстары қатты ластанған биологиялық қауіпті радиоактивті заттарды сақтау үшін «зираттар» ретінде пайдаланылады. Олардың кейбіреуі су деңгей жиектерінен тұз ерітіндісімен толтырылды және осы уақытқа дейін өз радиоактивтілігін сақтайды. Бұл ретте ластанған топырақ көлемі 24000 м құрайды.
Капустин Яр ракеталық-ғарыштық полигон Ресейде Астрахан облысында орналасқан және Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарына жазғы сынақ полигоны түрінде енеді, бұл 3 млн.га астам жерді алып жатыр. Атмосферада 11 ядролық жарылыс жүргізілді, 24000 зенитті-басқарылатын ракета іске қосылды және жарылды, 177 қару үлгісі сыналды. Әрқайсысының массасы 50 тонна болатын СС-20 типтес 619 ракета жер үсті жою барысында атмосфераға улылығы жоғары шамамен 30 мың тонна заттар шығарылған.
Радиациялық және улы ластануға мына аудан аумақтары ұшырады:
Қызылқоға, Қаратөбе, Тайпақ. Орда және Жаңақала аудандарының тұрғындары және табиғат кешені бірнеше жылдар бойы Азғыр және Тайсойған полигондарының қиылысқан әсерлеріне ұшырады (жер үсті ядролық жарылыстар әсері және алыстығы орташа лақтырылатын ракеталардың гептил шлейфтері). Сағыз өзенінде және Миялы кентіндегі құдық суларының ауыр металдармен ластануы ШРК асып кетеді: таллий бойынша – мың рет, кадмий – 20 есе, қорғасын – 10 есе, мыс – 10-15 есе артық, фтор – 1,5-4 есе артық [3, 56 б.].
Никель, қалайы, мырыш, кобальт, күміс, қорғасынның өсімдіктердегі құрамы сындарлы деңгейден асып кетеді.
Радиациялық ластану – иондаушы сәуле шығару әсерін тудыратын физикалық ластану түрлерінің бірі, оның көздері осындай сәуле шығару құрылғылары немесе радиоактивтілікті меңгерген кейбір химиялық заттар болуы мүмкін, яғни осы химиялық элементтердің атомдық ядроларының қабілеттілігі, иондаушы сәуле шығаруды шығара отырып, олардың изотоптарының өздігінен еркін ыдырауы мүмкін.
Қазіргі уақытта мамандардың ұйғарымы бойынша Қазақстан аумағындағы радиоактивті ластанудың жалпы деңгейі Чернобыль АЭС апаты нәтижесінде зардап шеккен аумақтарға қарағанда 1,5 есе жоғары.
Жер үсті ядролық жарылыстары ауада жарылған жарылыстарға қарағанда үлкен әсерін тигізді.
Атмосфералық сынақтар нәтижесінде радиоактивті материалдың бір бөлігі сынақ алаңынан алыс емес жерге түседі, қандай да бір бөлігі атмосфераның, төменгі қабатында кідіріп қалады да желмен бірге ұшады, үлкен ара қашықтыққа орналасады. Ауада орташа алғанда бір ай шамасында бола отырып, радиоактивті заттар осы орын ауыстырулар кезінде жерге біртіндеп түседі. Алайда радиоактивті заттардың бір бөлігі атмосфераға шығарылады (10-15 км биіктікте жатқан атмосфераның қабаты), сол жерде көптеген айларға дейін қалып қояды, жер шарының барлық бетіне баяу түсіп, шашырап тарайды.
Радиоактивті шөгінділер бірнеше жүздеген әр түрлі радионуклидті қамтиды, алайда олардың көпшілігі жылдам ериді.
Қазіргі кезде Ұлттық ядролық орталық деректері бойынша Семей полигонында жер асты ядролық жарылыстар кезінде бөлу өнімдерін шоғырлаумен және оларды топырақ бетіне еріген қар суларымен және көшкін суларымен шығарумен байланысты аумақтың ластануының екінші реттік әсерлері байқалуда.
18.12.1992 жылғы азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы Заңда
полигонның қызмет ету нәтижесінде радиациялық әсерге 1,2 млн. адам ұшырады. Олардың бір бөлігі Шығыс Қазақстан облысында – 1,1 млн., 0,048 млн. – Қарағанды облысында және 0,052 млн. – Павлодар облысында тұрады.
Семей өңірі полигонның әсерін сипаттайтын аурулар мен денсаулық жағдайының негізгі көрсеткіштері бойынша аймақтағы қолайсыз аудандардың бірі болып қалуда. 1989 жылдан бастап тұрғындардың денсаулық жағдайына кешенді зерттеу жүргізіліп келеді, Семей қаласында радиациялық медицина және экология ҚазҒЗИ ашылды және Курчатов қаласында емдеу-диагностикалық орталығы ашылды.
41. Н.Хрущевтың «жылымығы» жылдарындағы Қазақстан. Тың және тыңайған жерлерді игерудің әлеуметтік-экономикалық салдары мен этнодемографиялық құрылымға әсерін, табыстары мен зардаптарын салыстыра баяндаңыз (1953-1964 жж.).
Тың игеру, тың және тыңайған жерлерді игеру — КСРО-да (Қазақстан, Сібір, Орал, т.б.) 1954 – 1960 ж. жүргізілген науқан. КСРО бойынша жалпы 41,8 млн га жер жыртылса, соның 25,5 млн га-сы қазақ жері болды. Тың игеру нәтижесінде Қазақстан КСРО-дағы ең ірі астықты республикаларының біріне айналды. Тың игеру. Кеңес үкіметі тұсында ең көп тәжірибе жасалған сала – ауыл шаруашылығы. Жасалған реформалар аграрлық саланы дамытудың орнына, көбінесе үлкен қиындықтарға алып келді. Ауыл шаруашылығымен қазақ халқы тығыз байланысты екені белгілі. Сондықтан қазақ халқының басым бөлігі ауылдарда тұрғандықтан реформалардың зардабы бірінші кезекте қазақтарға тиді. Ауыл шаруашылығындағы тәжірибелер 1950 жылдары өз жалғасын тапты. 1953 жылы қыркүйекте КОКП ОК пленумы ауыл шаруашылығында қалыптасқан жағдайды талқылады. Пленумда мемлекет басшысы Н.С.Хрущев баяндама жасады. Баяндамада аграрлық саланың артта қалу себептері талданды. Күштеп ұжымдастырудың зардаптары, миллиондаған шаруалардың ашаршылық пен саяси қуғын–сүргіннің құрбаны болғандығы атап көрсетілді. Тың жерлерді игеру мақсатында Қазақстанға көптеген жұмысшы келді. 1953-1958 жылдар аралығында совхоздар мен колхоздарға 266,6 мың механизатор, 1954 жылы Ақмола облысына тың игеру үшін 20000-ға жуық адам келді. Тың игеруді жеделдету мақсатында көптеген шаралар қолданылды. Басқа өңірлерден тың игеруге келгендерге көптеген материалдық жеңілдік жасалды. Тың игеруге келген әр адамға 150 мен 1000 сом аралығында бір реттік көмек берілді. Бұдан басқа да материалдық, азық-түлік т. б. көмектер берілді. Тың игеруге келгендер ауылшаруашылығы салығынан босатылды. Тың игеру Қазақстанда ерекше қарқынмен жүргізілді. Қазақстанда егістік жерлердің көлемі артты. Астық өндіру көлемі жөнінен Қазақстан одақта 2-орынға шықты. 1956 жылы тың игерушілер 16 миллион тонна астық жинады. Соның арқасында Қазақстан Орта Азия мен Сібірді, Оралды астықпен қамтамасыз етті. Тың игеру жылдарында Қазақстан көп ұлтты, интернационалды елге айналды. Қазақстан жерінде тұрғын үйлер, құрылыстар, мәдени обьектілер көптеп салына бастады. Он мыңдаған шақырым жол төселді.