40.Сальмонеллез ауруының диагнозы және дифференциалдық диагнозы. Сальмонеллез, немесе қылау, (Salmonellosis, паратиф) – жіті өткенде қызбамен және іш өтумен, ал созылмалы өткенде өкпенің қабынуымен ерекшеленетін төл ауруы.
Сальмонеллезді балау үшін індеттанулық деректер, аурудың клиникалық белгілері мен патологиялық-анатомиялық өзгерістері ескеріліп, арнайы зертханалық зерттеулер жүргізіледі.
Қылау негізінен мал жаппай төлдеген уақытта басталады. Аурудың негізгі клиникалық белгісі – жіті өткенде барлық түліктерде өлі тию арқылы білініп, жануардың температурасы көтеріліп, күйзеліп, жүрек соғысы мен тынысы жиілеп, тәбеті нашарлап, іші өтеді.
Қылау кезіндегі негізгі патологиялық-анатомиялық өзгерістер: көк бауырдың ұлғаюы, көк бауыр мен бауырдағы өліеттенген ошақтар, кілегейлі және сірлі қабықтардың қанталауы, ішекте болатын өзгерістер.
Сальмонеллезге күдік туған жағдайда бактериологиялық зерттеулер жүргізіледі. Ол үшін зертханаға сойылмаған өлексе немесе ішкі үлпершек мүшелер (бауыр өтіменен, көк бауыр, бүйрек, шажырқай сөл түйіндері, жілік сүйектері), іш тастаған кезде тастанды төл, малдың тірі кезінде нәжіс, қан, іш тастаған малдың жатырынан аққан бөлінді жіберіледі.
Ауру жітіден төмен немесе созылмалы өткенде бактерия алып жүретін жануарларды анықтау үшін агглютинация реакциясы қойылады. Бөлініп алынған сальмонеллаларды айқындау үшін иммунофлуоресценция әдісі және монорецепторлық қан сарысуларымен пластинкалык агглютинация реакциясы қойылады.
Сальмонеллезді бұзауда колибактериоздан және диплококты инфекциядан, торайда обадан, трансмиссиялық гастроэнтериттен және дизентериядан, қозыда анаэробты дизентериядан, ал барлық түліктердің төлінде диспепсиядан, жұқпалы емес гастроэнтериттен ажырату қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |