37.Сальмонеллез ауруының клиникалық белгілері. Сальмонеллез, немесе қылау, (Salmonellosis, паратиф) – жіті өткенде қызбамен және іш өтумен, ал созылмалы өткенде өкпенің қабынуымен ерекшеленетін төл ауруы.
Жасырын кезеңі 1-3 күн, кейде 7 күнге дейін жетеді. Ауру септицемия, жіті және созылмалы энтерит түрінде өтеді. Жас төлдерде (бұзау, қозы, торай) септицемия, ересек малда әдетте жіті энтерит түрінде өтсе, жас шошқаларда, кейде сиырда созылмалы энтерит ретінде байқалады.
Бұзауда қылау жіті, жітіден төмен, созылмалы және үзікті түрде өтеді. Жіті өткенде қатты күйзеліп, дененің ыстығы көтеріліп, тұрақты 41- 42°С болады. Ауырған бұзау бір орыннан көп жылжымайды, көбінесе жата береді, жатқанда мойынын созып немесе кеудесіне бүгеді, тұрғанда бүгжиіп, көзін жартылай ғана ашады. Тамыры жиілеп, минутына 110-150 рет соғады. Егер бұзау өліп қалмаса, 2-3 күн өткен соң іші өте бастайды. Бұзау жүдеп, әлсірейді, ыңырсып, басын кегжитіп немесе мойынын созып, басын жерге тіреп, көңіл аудармай, селқос күйге түседі. 5-10 күн ауырғанда тамыр соғуы ретсізденіп, тыныс алуы үздік-создық болып, есеңгіреп, өліп қалады.
Жітіден төмен өткенде клиникалық белгілері жіті өткеңдегідей, бірақ бәсеңірек білінеді. Іші бір өтіп, бір тыйылады да, тыныс мүшелерінің зақымдануы: ринит, конъюнктивит, жөтел байқалып, танаудан сулы-кілегейлі сора ағады.
Созылмалы өтуі әдетте жіті және жітіден төмен өтуінен туындайды да, тыныс мүшелерінің басым зақымдануымен ерекшеленеді. Танаудан кілегейлі іріңді сора ағып, жөтел пайда болады. Ауру бұзау селқостанып, жемшөп жеуі нашарлайды, жөтелгенде ауырсынып, ыңырсыған дыбыс шығарады. Дененің температурасы кейде 40,5-41,5°С деңгейінде тұрып алады. Бұзау арықтап, әлсіреп, ауру бірнеше айға созылып, ем қолданылмаса өліп қалады.
Үзікті түрі кей жағдайда ересек бұзауларда байқалады. Олар әдеттегіден тыс жеңіл ғана ауырады. Жемшөпке зауқы төмеңдеп, ыстығы аздап көтеріледі. Кейде іші өтіп, бірер күн өткен соң сауығып кетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |