Әдебиеттер: Әуезов М. Қазақ әдеби тілі туралы// Әдебиет және искусство журналы А., 1951 №4.
Сауранбаев Н.Т. Қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеу туралы// Қазақ тіл білімінің проблемалары таңдамалы еңбектерінің жинағы. А., 1982. 112-124 б.
Кеңесбаев І. Әдеби тіл туралы// Қазақ тіл білімі туралы зерттеулер А., 1987.
Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. А., 1996. 6-74 б.
Дәрістің тақырыбы мен сұрақтары:
Қазақ әдеби тілінің тарихи арналары 1. Көне түркі жазба ескерткіштері және қазақ әдеби тілі
2. Орта ғасырлық түркі жазба ескерткіштерінің тілі
3. Қазақ ауыз әдебиетінің тілі
Тірек сөздер: жазба мұра, көне түркі, орта ғасыр, эпостық, лиро-эпостық жырлар, тарихи арна, тарихи көз.
Қазақтың ауызша дамыған әдеби тілінің тарихи арналары, қайнар көзі халық ауыз әдебиеті (фольклор) тілі және көне, орта түркі жазба ескерткіштерінің тілі болды.
Қазақ әдеби тілінің тарихы бастау-көзін тікелей көне жазба ескерткіштерден алады дейтін пікір, әрине, жаңсақ. Бірақ осы екі категория арасында тарихи сабақтастық пен жалғастық бары даусыз. Әсіресе түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілі де бар, грамматикалық құрылысы мен сөз түрлендіруі мен фонетикалық жүйесіндегі негізгі заңдылықтары мен нормалары көне түркі тілінен бастап қалыптасқан.
Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына жатады, көне қыпшақ тілінің бүгінге жеткен “көзі” саналады, қарақалпақ, ноғай және өзбек тілдерімен бірлесе отырып, қыпшақ-ноғай шағын тобын құрайды.
Тіл білімінде қазақ тілінің басқа түркі тілдерінен негізгі ерекшеліктері ажыратылып, көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысы анықталған. Бұл жөнінде ғалым М.Томанов ”Қазақ тілінің тарихи грамматикасы” (Алматы, 1981) атты еңбегінде былай дейді: ”Қазақ тілінің өзіне ғана тән басты ерекшеліктері мыналар: 1) Көрші дыбыстың әсерімен л дыбысы д, т дыбыстарына ауысады. 2) Қыпшақ тілдерінде сөз басында кездесетін й//ж//дж дыбыс сәйкестігінен қазақ тілінде ж дыбысы қолданылады. 3) Басқа тілдерде сөз соңында айтылатын ш орнына қазақ тілінде с дыбысы қолданылады” (4-б.). Қазақ әдеби тілі мен көне жазбалардың арасындағы байланыс туралы Қ.Өмірәлиев «VІІІ-ХІІ ғасырлардағы көне түркі әдеби жазба ескерткіштері» (Алматы,1968) деген еңбегінде: «Көне жазба ескерткіштер «осыдан 1250 жыл бұрын Орхон бойына қойылған осы бір тас кітап (“бітіг таш”) түркі халықтарының тарих сахнасына шығуы мен өзін танытуының, өзгелерге осы танымды мойындатудың тарихи куәсі іспетті қызмет атқарып тұр», - дейді (9-б.). Ал ертедегі түркілердің бір бұтағы, бір ұрпағы — қазақ халқы. «Бұл мұралар «V-VІІІғасырға тән сөз үлгілері — түркі тектес халықтардың сөз мәдениетінің шартты түрде ғана «басы» болып есептелмек» (Қ.Өмірәлиев. Аталған еңбек, 20-б). Себебі, көне түркі жазба ескерткіштері кейінге белгілі кезеңнің ғана басы. Олардан бұрын дүниеге келген бізге беймәлім мұралар болуы да мүмкін. Ү ғасырдан арғы сөз үлгілерін Қ.Өмірәлиев түркі тектес халықтардың сөз үлгісіне жатқызудың дұрыс емесін, егер ұқсастық табылып жатса, оны кездейсоқтық деп білетінін айтады. Ал көне түркілердің мәдени ескерткіштері - тасқа қашалған, таяқшаларға, табақшаларға жазылған көне кезеңнің көздері, қазақ әдеби тілінің тарихи негіздерінің бірі.
Бұл ескерткіштер түркі халықтарына ортақ мұра, ол кезде түркі халықтары жеке бөлініп, халық ретінде қалыптаспаған еді. Ғалымдар бұл кездегі үлкен бірлестікті ірі тайпалық одаққа жатқызады. Тайпалық одақтан кейін тарайтын халықтардың бәріне ортақ етіп телініп жүрген көне түркі жазба ескерткіштері - Күлтегін, Мойыншор, Тоныкөк, Білге қағанға, Елтеріске қойылған ескерткіштердің тілі - олардың әдеби мұраға жататынын көрсетті.
Орхон-Енисей жазбаларының жанры туралы әрқилы пікірлер орын алған. “Поэзия тюрков VІ—VІІІ веков” (Стеблева И.В. М., 1965) деген еңбекте мұралар “поэзиялық туынды” деп танылса, белгілі зерттеуші Қ.Өмірәлиев аталған еңбегінде: “Орхон ескерткіштерін “түркі поэзиясы” деп тану — бізге жеткен дүниені түркі халықтарының сөз мәдениетінің басы деп түсінуден туған қате пайымдаулар” (21-б.) дей келе, “Күлтегін”, “Тонуқуқ” — поэзия да, творчестволық өлең-жыр да емес. Олар, жұрт айтқандай поэма да емес, түркі қағандары мен батырларының ерлік жорықтарын баяндайтын көркем тарихи шығарма, баяндау үлгісіндегі тарихи әңгіме” (22-б.) екенін атап өтеді, ал енді бір сөзінде оларды хан жарлықтары мен шежірелердің алғашқы үлгі-нұсқаларына жатқызады. Әрине, хан жарлықтарына қатысты айтылған Қ.Өмірәлиев болжамы дәлелдеуді керек етеді.
Бұл ескерткіштерді жанры жағынан поэзиялық шығармаға жатқызатын қазақ ғалымдары да бар /Ғ.Мұсабаев, А.Махмұтов, Ғ.Айдаров/. Қай жанрдың үлгісінде болса да, көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі сұрыпталған, сол кез үшін нормасы қалыптасқан, соның нәтижесінде қазіргі түркі тілдеріне арна, негіз болған әдеби тіл үлгісі, жазба әдеби нұсқа екеніне күмән жоқ.
Әрине, қазақ тілі мен көне түркі жазба ескерткіштерінің арасында айырмашылықтар көп, сонымен бірге қазақ тілінің нормалары сол көне тілдік нормаларға ұқсас болып жатады. Бірақ түркі тілдеріне ортақ бұл мұралар қазақ әдеби тілінің қалыптасуының басы емес, тарихи арналарының бірі ғана.
Ғалым Ғ.Айдаров “Орхон-Енисей және көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі” атты еңбегінде осы аталмыш жазба ескерткіштерінің алфавитінен бастап, дауысты, дауыссыз, қос дауыссыз дыбыстарды көрсететін таңбалар, буын түрлерін, дыбыс тіркестерін, ассимиляция құбылысына, ескерткіштердің лексикалық ерекшеліктеріне, оның ішінде омонимдерге, синонимдерге, антонимдерге, көп мағыналы сөздерге, сөз таптары мен тыныс белгілеріне, т.б. ерекшеліктеріне салыстыра отырып тоқталған.
Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілдік ерекшеліктері және қазақ тілімен салыстыра қараудың нәтижелері:
1.Қазақ тіліне дыбыс жүйесі аса ұқсас бұл көне тілден қазақ тіліне дыбыстар өз қасиеттерімен, атап айтқанда, дауыстылар жуан-жіңішке түрінде келуімен, үндестік заңының сақталуымен, түбірдің ерекшелігіне орай қосымшалардың жуан-жіңішке жалғануымен үлгі болды;
2.Көне түркі тіліндегі дауыссыз дыбыстардың үндесуі жүйелі емес. Бұл туралы С.Исаев: «Ассимиляция заңдылығы ол кезде болмаған, кейін ғана кейбір түркі тілдерінде пайда болған деген пікір бар. Қазіргі қазақ тілінде бектер, қағанға, бұдұнға, таудағы, келді, қағанда, т.б. тұлғада айтылатын сөздер көне түркі тілінде беклер, қағанка, будунка, тағтақы, келті, қағанта түрінде қолданылған. Мұның өзі шынында да дыбыс үндестік заңы кейінгі кезеңдерде қалыптасты ма деген ой туғызады», - деп болжамдайды (Қазақ әдеби тілінің тарихы,67-б.);
3.Көне түркі ескерткіштерінде қосымша тұлғалардың жалғануында белгілі бір жүйе сақтала бермейді. Мысалы, йылқа, қапығқа, тэнріде, ілте, т.б.
4.Ч - ш, й - ж, д - т, ғ - у, з - й, б - м, и - е дыбыстарының бірінің орнына екіншісінің қолданылуы (ч-ның ш орнына немесе ш-ның орнына ч қолданылуы қатарласып отырған) ұшырасады. Көне түрімен қатар қазақ тіліне тән деп жүрген түрлері де қолданылғаны анықталды: іш - іс, йаш - йас, аш - ас, сүңүш - сүңүс, Ертіш – Ертіс, т.б.
5. Көне түркі тілінің грамматикалық құрылысындағы септіктердің саны туралы әр түрлі пікір болуына қарамастан, қазақ тілімен ұқсастықтарына ілік, барыс, табыс, жатыс септіктерінің жалғаулары жүйесіндегі сәйкестіктер жатқызылады. Шығыс септік тұлғасы қолданылмаған деген болжам бар. Бірақ бұл болжаммен және құралды септік болды деген пікірмен С.Исаев келіспейді. Ол сирек болса да, шығыс септік формасы қолданыста болғанын айтады. Шығыс септігі тұлғасының –тан, -тен тұлғасы қантан (Йарықлығ қантан кэліп йақа элтді?) сөзінің (қайдан деген сұраққа жауап береді) құрамында бар екенін мысалға келтіреді. Ілік септіктің –ң, -ың, -ің, -ның, -нің; Табыс септігінің–ғ, -г, -ығ, -іг және екінші түрі –ын, -ін, -н кездеседі. Табыс септігінің –ғ,-ығ,-іг тұлғасы қазіргі қазақ тілінде жоқ.
Барыс септік тұлғасы –ға, –ге, -қа, -ке формасымен, ал жатыс септігінің грамматикалық көрсеткіштері –да, -де, -та, -те –нда, -нта (тәуелдік жалғаудың 3-жағынан кейін) қолданылады. Көне түркі ескерткіштерінде септіктердің бірінің орнына бірі қолданылуы кездеседі. Жатыс септігі шығыс және барыс септігінің орнына жұмсалады, ал бұл құбылыстың дәл сол күйінде қазақ тілінде де кездесуі көнеден келе жатқан грамматикалық ерекшелікті көрсетеді;
6.Ұқсастықтарды грамматикалық жүйедегі сөз таптарынан кездестіруге болады. Біз - бігіз, бен - мен жіктеу есімдіктерінен, сапалық сын есімдерден, сан есімдерден, т.б. қазақ тілімен сәйкестік бар екені анықталды.
7.Соңғы жылдары көне түркі ескерткіштері мен қазақ тілі арасындағы дәстүрлік, поэтикалық, жанрлық образдардың ұқсастығы сөз бола бастады. «Қазақтың әр дәуірде өмір сүрген ақын-жыраулары көне түркі поэзияларының үлгілерін, ондағы сөз саптау өнері мен дәстүрін білген, өйткені бұларға ол ұрпақтан ұрпаққа, ананың сүті арқылы, ана тілі арқылы жетіп бойға сіңіп отырғанын», - келтірген С.Исаев поэтикалық образдардың ұқсастығына, кейінгі дәуірлердегі жыр жолдарында ұшырасуына: Қаның субча йүгүрті, - Майданнан аққан қызыл қан Сарқырап ақты судай боп; Көрүр көзім көрмәз тэг – Көретін көзім көр болды, т.б. мысалдарды келтіреді (С.Исаев.Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы. - 1989,72-б.).
Көне түркі жазба ескерткіштері тіліндегі қазақ тілімен ұқсастық, іліктестік белгілеріне тоқталсақ, ол мынадай болды: дауысты дыбыстар жуан-жіңішке болып жұп құрады а-э(е), ы-и(і), о-е, ұ-ү; сингорманизм құбылысы сақталды; морфология саласында негізгі грамматикалық көрсеткіштер қазақ тіліндегі көрсеткіштерге сай келеді; сондай-ақ есімшенің -мыш/-міш, -чы/-чі тұлғалары, көсемшенің -ы/-і, -у/-ү, барыс септіктің -ғару, -гару, табыстың -іг, -ығ, -уғ, -үг тұлғалары көне жазба тілге тән ерекшеліктер, сондай-ақ жеке сөздердің көпшілігінің мағыналық және тұлғалық бітімі қазіргі қазақ тіліндегі сөздермен бірдей екендігі байқалады (мысалы: таш-тас, оғул-ұл, йурт-жұрт, ағыл-ауыл, бічін-мешін, иігірмі-жиырма).
Қорыта келгенде, көне жазба ескерткіштері мен қазақ әдеби тілі арасында тарихи сабақтастықты табуға болады, бірақ V-VІІІ, VІІІ-ХІІ ғасырлардағы көне жазба мұралар, түрколог ғалымдарының бірауызды пікірі бойынша, “жалпытүркілік” дәуірдің мұралары болып саналады.
Орта ғасырлық түркі жазба ескерткіштерін X-XIIғасырларда туындаған Ю.Баласағұнның «Құдатғу білік» поэмасы, М.Қашқаридың «Дивану лұғат-ат түрік» атты лингвистикалық еңбегі, Қожа Ахмет Яссауидің «Хикметі» жазба мұралары жатады. Бұл араб басқыншылығынан кейінгі кездегі қараханид кезеңі. Монғол шапқыншылығынан кейінгі орта ғасырлық кезеңдегі жазба мұралары Хорезмидің «Мұхаббатнамесі», Құтып ақынның «Хосрау-шырыны», Сейф-Сарайдың «Гүлістан бит-түркні» Рабғузидің «Қысас-ул-анбиясы» қыпшақтың «Кодекс-куманикус» т.б. шығармалары жатады.
Бұл кезең мерзімдік жағынан XIII-XV ғасырларды қамтиды. Қазақ ауыз әдебиетінің тілі – қазақ әдеби тілінің басты арналары. Қазақ тілі тарихы үшін XV-XVIғасырларда қазақ, қарақалпақ, ноғай халықтарына ортақ тарихи оқиғаларға байланысты туған «Едіге», «Ер Көкше», «Орақ», «Шора батыр» жырлары мен «Манас жыры» Асан Қайғы мен Өз Жәнібек туралы аңыз әңгімелердің орны айрықша. Бұлардан басқа ноғай цикліндегі «Ер тарғын», «Қырымның қырық батыры», «Ер Қосай» т.б. жырлармен қатар, ертеден жырланып келе жатқан «Қозы Көрпеш Баян сұлу», XVII-XIXғасырларда туып жырланған «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Мақпал қыз» т.б. лирикалық эпостар да қазақ көркем сөзінің үлгісі болып, әдеби тілдің дамуына зор үлес қосты.
Қазақ жеке ел болып қалыптасқаннан кейін әдеби тілдің негізі қаланған әдеби тілдің әрі қарай қалыптасуы жүрді. Бұл ХҮ ғасырдан басталады да ХІХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін созылады. Осы бірнеше ғасырға созылған дәуірді қазақ әдеби тілінің хандық дәуірі деп атап жүр. Іштей бірнеше кезеңдерге бөлуге болады. С.Исаев үшке бөліп қарастырады:
1.Қазақ хандығы дәуіріндегі қазақ әдеби тілінің қалыптасу кезеңі. Бұл кезеңдегі ақын-жыраулар Қазтуғаннан басталып Бұхар жыраумен аяқталады. Қадырғали Жалаиридің «Жами-ат тауарих» кітабы, ресми құжаттар, іс қағаздары жатады. Бұл уақытта ауызша әдеби тіл түрі мен жазба тілдің көне түрі қатарласа өмір сүрген.
2.Халық ауыз әдебиетінің нұсқаларына иек сүйеген әдеби тіл. Негізгі тілдік материалдары батырлар жыры мен лиро-эпостық жырлар болып табылады. Олардың негізінен хатқа түскен уақыты - ХІХ ғасыр. Осы орайда халық ауыз әдебиетінің нұсқалары туралы, олардағы нақтылықтың аздығы жөнінде, әдеби тілмен арақатынасы туралы 1-бөлімде айтылғанын ескерту дұрыс.
3. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдеби тіл материалдары Махамбеттен бастап Дулат, Шортанбай, Алмажанға дейінгі аралықта өмір сүрген ақындардың шығармаларынан алынған.
Ресми іс-қағаздары, орыс әкімшілігіне жазылған түрлі хаттар, мәлімдемелер, өтініштер, т.б. жатады (Қазақ әдеби тілінің тарихы,1989,62-б.).
Шындығында, бұл дәуір қазақ әдеби тілінің ауызша түрі жетілген дәуір болып саналады. Ал ауыз әдебиеті мен көне қазақ жазба әдеби тілі осы ауызша әдеби тілмен жарыса өмір сүрді.
Бұл дәуірді іштей кезеңдерге жіктегенде әлеуметтік факторлар есепке алынбай қалуы дұрыс емес. Қазақ қауымы, оның мәдениеті, экономикасы мен рухани дүниесі үшін аса бір іргелі өзгерістерімен кезеңдік сипатпен қатты айырықшаланбайтындықтан, дәуірді кезеңдерге бөлу артық. Өйткені қай кезеңді алып қараса да, функционалдық стиль тармақтарының саны өзгеріссіз қала береді. Мұралардың жеткізілуі де ауызша түрден өзгермеді. Жазба мұраларды пайдаланатын әлеуметтік топ өте аз және жазба мұралардың белсенділігі ауызша әдеби тілге қарағанда ауыз толтырып айта қаларлықтай болмады. Сондықтан дәуірдің әдеби тілін хандық немесе халықтық дәуірдегі әдеби тіл деп атаған дұрыс, бірақ кезең-кезеңге бөлудің қажеті аз.
“Нақтылы бір тілдің (мәселен, қазақ тілінің) шыңдалған жазба әдебиеті мен ауыз әдебиетіндегі көрінісі неде? Тіл ярустарының қызметі әрдайым осы екеуінде бірдей ме? Әлде әдебиеттану тұрғысынан беті ашылған критерийлердің түп етегінен ұстаймыз ба?” — деген сауалдарды С.Кеңесбаев өзінің «Орта ғасыр ескерткіштерін зерттеу жайында бірер сөз (Кітапта: Ескі түркі жазба ескерткіштері туралы зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1983, 26-б.) атты мақаласында қойған еді. Сауалдың астарында ауыз әдебиеті мен оныің тілін тереңірек біле түсу ниеті көрінді.
Ғасырлар төрінен келіп жеткен ауыз әдебиетінің үлгілері қазақ әдеби тілінің арналарының біріне жатады. Халықтық дәуірдің туындылары болып саналатын ауыз әдебиетінің үлгілері - халықтық сөйлеу тілінен ерекшеленетін дүниелер. Олардың пайда болу уақыты мен жанрлық түрі жағынан әркелкі болып келуінің ең басты себебі - түркі халықтарына ортақ және қазақтың төл топырағында туған үлгілерінің болуында. Ауыз әдебиеті үлгілері тілінде көне түркілік, оғыздық, қарлұқтық элементтердің ұшырасуының да себебін де осы жағдайдан іздестірген дұрыс.
Ауыз әдебиетінің әдеби тілге қатысы бар ма, болса қандай дәрежеде деген мәселе төңірегінде әлі күнге дейін тұрақты бір тоқтамға келу байқалмайды. Әдеби тілді фольклордың тікелей жалғасы деп қарайтын ғалым Е.Жұбанов «Қазақтың ауызекі көркем тілі» (Алматы. - 1996) атты еңбегінде әдеби тіл мен фольклордың арасын алшақтатуды дұрыс көрмейді, тіпті екеуін тең деп санайтын ғалым мұндай “шеттетудің” жөн еместігін, онымен келіспейтіндігін былайша дәлелдеуге тырысқан: “Фольклор стилінің сөз жұмсауы үнемді болмайтыны белгілі. Әйтсе де ол күнделікті қарым-қатынас тілінен биік тұрған, өнделген, көркем тіл. Жазба тілдегі публицистика секілді ол да қалың көпшілікке арналған, аймақтық тілдердің” ең негізгі, ең тұрақты лексикалық қорына негізделген, барша жұртқа түсінікті, диалект атаулыдан шоқтығы анағұрлым жоғары тұрған тіл. Оның әдеби тілге жуық болу себебі де осыдан” (10-б.).
Ғалым ауыз әдебиетін әдеби тіл ұғымынан бөліп қараумен келіспейді. Ауыз әдеби тілінің көркем екендігіне еш күмәнсыз қарай отырып, “ауыз әдебиетінің ең құндылары жазба әдеби тілге бір табанжуық тұрған, ауызекі тіл мен жазба әдеби тілдің аралығындағы көпір”, — деп санайтын Р.Сыздықтың пікірін (Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы:Арыс. - 2004) осы жерде еске сала кеткен артық болмайды. Сонымен бірге “ауыз әдебиеті халық тілі байлықтарын молынан қамтып, тілдің ішкі заңына лайық, жасалған тілдік нормаларын сақтап, оларды шыңдай түсетін, әдеби тілді сомдаудың алғашқы дүкені — лабораториясы, бірақ әдеби тілдің өзі емес. Оны да әдеби тіл деп дәріптейтін ғалымдар фольклор тілінде кездесетін жақсы тіл орамдарын, көркем, әсерлі өлең жолдарын соған дәлел етеді. Мұндай көркем әдебиет стиліне тән шеберліктер немесе халық арасында орын тепкен шешендік сөздер тілдің “әдебиеттілігінің” көрсеткіштері” емес, тілдің эмоция, эстетикалық та қызмет атқаруының, көркем, өрелі ойдың көріністері. ...Олай етпей, атам заманғы ауызша тілді де, ауыз әдебиетінің тілін де, жазуға дейінгі аты мәлім ақын-жыраулар тілін де нағыз әдеби тілдің өзі деп танитын болсақ (олар қазіргі әдеби тіл сияқты танылатын болса), қазақ тілінің әдеби емесіне не қалады? Онда, тілді әдеби, әдеби емес деп бөлудің не керегі бар?” — деген М.Балақаевтың «Қазақ әдеби тілі және оның нормалары» (Алматы.- Ғылым, 1984,14-б.) кітабындағы кейбір ойларымен толығымен келіспегенімізбен, негізінен дұрыстығын мойындауға тура келеді. Келіспейтініміз — аты мәлім ақын-жыраулардың рөлін төмендетуі, яғни олардың авторлы поэзия өкілі болумен қатар, ауызша тараған әдеби тілді дүниеге әкелген тұлғалар екендігін, олар тудырған дүниелердің қоғам өмірінде атқарған әлеуметтік, мәдени қызметінің бүгінгі күнгі әдеби тіл атқарып отырған қоғамдық кызметімен пара-пар екендігін жете бағаламауы екені» жөніндегі пікір оқулықтың 1-бөлімінде айтылды.
Сондықтан да, халық ауыз әдебиеті турасындағы баға бере айтылған «Қазақ әдеби тілінің тарихы. Методикалық, кеңес және бақылау-пысықтау тапсырмаларының» (Құрастырушы Ғ.Қалиев.-Алматы,1987,6-б.) авторының: «Ғасырлар бойы дамып жетілген халықтың ауыз әдебиетінің тілі қазақ әдеби тілінің алғашқы арнасы болып табылады, өйткені ол шешендік, дидактикалық, жауынгерлік, әлеуметтік, лирикалық және тарихи сипаттағы кейінгі поэзия үлгілерінің тууына негіз болды”, - деген пікірі толық құптауға тұрарлық.
Қазақтың ауызша әдебиеті - қазақтың ауызша әдеби тілінің тарихи қайнаркөздерінің бірі, бірақ ол ауызша әдеби тілдің өзі емес. Әдеби тілдің талаптарына тілдік сипаттары жағынан тура келе бермейді. Өйткені, фольклорлық шығармалар:
-авторсыз шығармалар;
- варианттары бар;
-тілдік жағынан алып қарағанда нақтылық аз, болмаса жоқ;
-шыққан, халыққа таралған уақытының тілдік белгілерін тап басып айтудың мүмкіндігі жоқ, өйткені айтушылардың тарапынан өзгерістер енгізіліп келген, жаңа, өз дәуіріне тән емес сөз қолданыстары кіргізілген және ғасырдан ғасырға өткен сайын өзге уақыттың тілдік белгілерін жамап алып отырған.
Ал ауызша әдеби тіл:
-авторлы шығармаларды негізге алады, нысан етеді;
-әдеби тіл үшін кез келген варианттылық жат болып саналады, себебі варианттылық нақтылықты жояды;
-тілдік нақтылығы фольклорға қарағанда басым, бірақ жазба әдеби тілге қарағанда аз. Өйткені жазба әдеби тілде жазба түрдегі мұраның мәтініне бөтен элементті енгізудің, кіріктірудің мүмкіндігі жоқ, сондықтан да жазба мәтіндер нақты тілдік фактілер болып есептеледі, өз дәуірінің өзгеріссіз жеткен құнды ескерткіші болып саналады.
-ауызша әдеби тілдің нақтылығы шығармаларда айтылатын тарихи есімдерден, нақты жер-су атауларынан, белгілі тарихи оқиғаларды сипаттаудан және авторлық стиль даралығының сақталуынан көрінеді. Бұл айырмашылықтар әдеби тіл мен фольклордың екі бөлек құбылыс екенін көрсетеді, сонымен бірге оларды бір-бірінен айрықшаландырып тұрады.
Сонымен, қорыта айтсақ, қазақ халық ауыз әдебиеті - қазақ әдеби тілінің басты арналарының, тарихи көздерінің бірі.