ХV-ХVІІ ғасырлардағы қазақ әдеби тілі мұраларын лингвистикалық тұрғыдан танып-білуде олардың ауызша жетуімен байланысты туындайтын түрлі қиындықтар аз емес. Қиындықтардың ең негізгісі нақты дерекпен сөйлеу мүмкіндігінің жоқтығына байланысты туындайды.
«ХҮ ғасырдың шамасында бірен-саран ақын-жыраулардың аттары да мәлім бола бастайды. Мәселен, Асан қайғы, Шәлкез, Сыпыра жырау тағы басқалар. Бірақ бұлардың есімдеріне байланысты шығармалардың саны аз, көбі жөнді сақталмаған. Ендеше, Асан қайғы, Шәлкез, Сыпыра жырауларды бірден әдебиет тарихына енгізіп, олардың шығармаларын сөз ету әзірге асығыстық шығар, олай шешу үшін дәлелімізі де тапшы», - дейді Ы.Дүйсенбаев (Алғы сөз. Үш ғасыр жырлайды.А.,1965,6-7бб.). Соған қарамастан, қазақ әдеби тілін біз нақ осы аты аталған жыраулардан бастаймыз.
Соңғы жылдары зерттеулер негізінде екі бөлімнен тұратын «Ертедегі әдебиет нұсқалары» жинағы (Ү-ҮІІІ ғғ. дейінгі Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі жазба ескерткіштер және ХҮ –ХҮІІІ ғғ. поэзиясы) жарық көрді. Осы зерттеуде Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Мағауин, Х.Сүйіншәлиев, Қ.Өмірәлиев, Ә.Дербісалин сияқты ғалымдар біраз үлгілерді басшылыққа ала отырып, оларды салыстыру барысында ХҮ ғасырдан Асанқайғы мен Қазтуған, ХҮІ ғасырдан Шалкиіз, Доспамбет, Шобан, ХҮІІ ғасырдан Жиембет пен Марғасқалар бізге ауызша түрде жеткен әдеби нұсқалардың иелері деген тұжырымға келеді.
ХҮ-ХҮІІ ғғ. әдебиеті бізге ауызша жетті. Шалкиіздің өлеңдері ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде, ХХ ғасырдың басында біраз жарияланды. Доспамбет пен Жиембеттің жекелеген өлеңдері 200-300 жылдай ауыздан ауызға тарап, осы Шалкиіз өлеңдерімен қатарласа жарық көрді. Ауызша өмір сүрген, ауызша жеткен әдеби шығармаларды дәуірлеуге бару оңай емес. Өйткені, мына өлең Шалкиіздікі, ал мына бір өлең Асанқайғынікі деп кесіп-пішіп айту мүмкіндігі аз, авторын белгілей алу қиындық тудырғаннан кейін, шыққан кезеңі жөнінде де нақты бірдеңе айту қиын, айтқан күннің өзінде айтылған пікірді дәлелдейтін жазба дерек жоқ.
Бұл аты аталған жырауларға телініп жүрген мұралардың текстологиялық жағдайы біркелкі емес. Өйткені, Асан толғаулары стилі, тілі жағынан әлдеқайда жаңа, кейінгі заманға жуық болып келеді. Осыған орай академик С.Кеңесбаевтың: “Асан Қайғының өлең сазы, лексикалық шалымына қарағанда, бертінгі заманда да халық қоспасы жамалып отырған” - деуі тектен тек емес (Орта ғасыр ескерткіштерін зерттеу жайында бірер сөз. - Кітапта: Ескі түркі жазба ескерткіштері туралы зерттеулер. - Алматы: Ғылым, 1983, 24-б.). Бұл ғасырлардағы көркем әдебиет нұсқалары тілінде өзіндік ерекшеліктер жеткілікті. Олардың тілінде бейтаныс сөздер, мағынасы күңгірт сөздер, сол сияқты грамматикалық ерекшеліктер кездеседі.
Қазтуған жырындағы Белгілі биік көк сеңгір Басынан қарға ұшырмас- жолдарындағы сеңгір ҚТТС-де «биік, зәулім, заңғар», ал көк сеңгір «қарлы, мұзды, зәулім, биік, көк сауысты» деп түсіндіреді. М.Қашқари сөздігінде «сеңір» «тау мүйісі» деп көрсетілсе, осы мағынасы алтай, телеуіт тілдерінде сақталғанын В.В.Радлов атап өтеді (Опыт словаря тюркских наречий. -ІҮ,І,448-б.). Ал өте көне түркі тілдеріне жатқызылып жүрген чуваш тілінде «шенкер»-көкшіл түс, саха тілінде «чәңкір» немесе «джәңкир» - мөлдір. Қазан татарларында «зәңгір» - көкшіл, тува «чиңгир» - көк, көкшіл мағынасында жұмсалады. Қазақ тілінде де шегір (сұр көз, көкке жуық) көз қолданысы бар екенін айту керек. Монғол тіліндегі «цэнхэр», буряттардағы «сэнхир» сөздері де «көкшіл» -ді білдіреді деп түсіндіріледі. Тілдік деректер «сеңгір» сөзі түркі-монғол тілдерінде «көкшіл» мағынасын білдірген, ал биік, зәулім мағыналарын білдіруі кейінгі кезеңнің жемісі сияқты. Бұл жөнінде Ә.Нұрмағамбетовтің келтірілген дәлелдері бар.
Мағынасы бүгінгі күнде күңгірт тартқан, мысалы, кілең (асты кілең), ботташық, көбе, қылмайқан, ерең, жәміші, сәйгез, жиырлы, оразды, шүлеңгір, баяжан, т.б. жүздеген сөздер бар. Жыраулар тіліндегі мағынасы көмескіленген тіркестер, атап айтқанда, ебелек от, оймауыттай тоғай, мұздай көбелі, салуалы орда, қос арту, қос айтып, т.б., тіпті көп деуге болады.