Самородный сары алтын, Саудасыз берсең алмайды, Саудыраған жезіне. Саудырсыз сары қамқаны, Садаға кеткір сұрайды, Самарқанның бөзіне. Кеселді түйін шешілсе Кердең мойын кесілсе, Келмей кетпес кезіне (Абай).
Немесе
Қара басқан, қаңғыған, Қас надан нені ұға алсын? Көкірегінде оты бар Құлағын ойлы ер салсын (Абай)
1)Тіл құралдарының стилистикасы – тілдің барлық деңгейлеріндегі құралдардың стилистикалық қызметін қарастырады. Өйткені әр түрлі стильдік мағына-бояу, стильдік өң, көркемділік мәнерлілік сипат тілдік өлшемдердің (единицалардың) барлық түрінде болады. Сондықтан тіл құралдары стилистикасының зерттеу нысаны – лексика-фразеология, грамматика және фонетика қарастыратын тілдік тұлға-бірліктер. Мәселен, фонетикада – фонетикалық элементтердің (дыбыс, интонация, екпін) стильдік өңі, лексика-фразеологияда – жеке сөздер мен тұрақты сөз тіркестерінің стильдік қолданысы, грамматикада септік, жіктік, синонимдік тұлғалардың мағыналары, сын есім шырайларының жұмсалу ерекшеліктері, сөз таптарының стильдік қолданысы, сөйлем түрлерінің қызметі, т.б. мәселелер стильдік тұрғыдан зерттеледі. Сонда тіл құралдары стилистикасының мынадай түрлері бар: фонетикалық, лексикалық, грамматикалық, синтаксистік стилистикака.
2) Лексика – белгілі бір тілдегі сөздердің жиынтығы, оның сөздік қоры. Қоғам өмірінде болып жатқан жаңа үрдістермен байланысты көптеген жаңа сөздер пайда болып жатады. Тілде мұндай сөздер неологизмдер деп аталады. Қай тілде болмасын, лексика стильдік сипатына қарай ерекшеленеді. Бұл тұрғыдан үш салаға бөлінеді: сөйлеу тілі лексикасы, бейтарап лексика және кітаби лексика. Стиль түрлерінің барлығында қолданылатын тілдік құбылыстарды (сөздерді) бейтарап немесе стильаралық лексика делінеді.: жер, су, ауа, өзен т.б. Таза ауа, ауа атмосферасы, ауадай қажет - әр стиль түрлерінде жұмсалады. Абстракт мағыналы сөздер де барлық стильдерде қолданыла береді. Сонымен қатар, стиль түрлерінің кейбірінде ғана қолданылатын сөздер де бар. Мұндай сөздер талғаммен екшеліп жұмсалады. Кейбірі – ауызекі сөйлеу тілінің лексикасын құраса, ал кейбір сөздер тек жазба әдебиет үлгілерінде қолданылады. Бұл жағдайды, хабарды тура айтпай-ақ тұспалдап жеткізетін сөздер табу, эффемизм делінеді. Стильдік тұрғыдан ұтымды тәсіл: - Бұларың кім? – деді Ұлпан.
- Төрттен астам аулының жігіттері ғой, «Алтыбақан» құрып жатқан.
Кітаби лексика – ойды накты, дәл беру үшін жазба әдебиеттерде қалыптасқан сөздер мен сөз оралымдары. Кітаби лексикаға көбінесе саяси-әлеуметтік терминдер, әр алуан экономикалық, техникалық, іскерлік атаулар т.б. жатады. Мәселен, әр түрлі салалық терминдер ғылыми еңбектерде, оқулықтар тілінде көбірек ұшырасады. Ал көқркем әдебиетте, ресми іс қағаздары тілінде, публицистикалық стильде сирек кездеседі. Байырғы сөздер көркем әдебиет стилінде көбірек жұмсалады. Көркем әдебиет, ғылыми шығарма, публицистикада кітаби лексика элементтері қолданылады. М, шайтан –сайтан вариантты сөздердің алғашқысы – бейтарап лексика, стиль түрлерінің бәрінде қолданылады, ал «сайтан» «сиқырлы» деген ауыс мәндегі сөз көбінесе көркем әдебиет стилінде қолданылады.
3) Сөз мағынасының стильдік қызметі. Сөздің о баста бір ғана мағынада жұмсалғанын білеміз. Ал адамның күнделікті іс-тәжірибесіне, ойлау қабілетінің дамуы арқасында жеке сөздерге үстеме мағына жүктеледі. «Қалғып жатқан теңіз ем, дауыл тербеп оятты» (Баян) өзін толқып жатқан зат есіммен ауыстырып, ауыспалы мағынада бейнелі айтуы адамның сезіміне бірден әсер етеді. Қосымша мағынаның аз-көп болуы сөздің негізгі лексикалық мағынасымен тығыз байланысты. Мыс. Сүбелі мал (семіз). Бура найман – сүбелі елдің бірі. Бұл – жинақтағы сүбелі де көркем туынды. Тіл білімінде бұларды сөздің ауыспалы мағынасы дейді. Ауыспалы мәндегі сөздердің біразы ауызекі сөйлеу тілінде жұмсалады да, жұртқа молынан тарайды, енді біразы шығарма стилінде пайда болады. Кейде мұндай ауыспалы мағыналы сөздер жазушы стилінде қалып қоймай, жалпыхалықтық сипат алып кетеді. Мұндай ауыспалы мағыналы сөздерге түспен байланысты айтылған сын есімдер жатады. Мыс. ақ жарқын, қара қазан, қызыл көз, көк бет. Осы сияқты түспен байланысты кейбір сын есімді сөздердің ауыспалы мағынасы жеке өлең жолдарынан, прозалық зерттеулерден ғана байқалады. Сөздің көп мағыналалығын әр суреткер өз лабораториясынан қырнап, өңдеп, өз орнын тауып, қиыстырған болса, тілге жеңіл, ойға қонымды болмақшы. Сөздің көп мағыналалығы прозадан гөрі поэзияда жиі кездеседі. Сөздің көп мағыналалығын жалпы халықтың ауыспалы мағынаның негізінде жасалып. Тілдің стилилистикалқ арнасын кеңейтеді, байытады, тілдің экспрессивтік-эмоциялық бояуын қоюландырып, аша түседі.
Ақ көңілім анық қарайды,
Қызыл гүлім суалып.
Жарқ етпес қара көңлім не қылса да.
Кейде есер көңіл құрғырың.
Күңгірт көңіл сырласар.
Сұрғыл тартқан бейуаққа.
Жаралы көңіл жазылар.
Көңіл сөзімен тыңнан тіркес жасап шебер стильдік үлгі танытқан – Абай. Әрине, көп мағыналы сөз өзінің эстетикалық қызметі жағынан әр ақын-жазушыда әр түрлі стильдік өң алады. Әдебиеттегі кӛп мағыналы сөздің кейбірі ауызекі сөйлеу стиліне ауысып, жалпыхалықтық болып кетеді. Айталық, аяз, үскірік аяз, ақырған аяз, қолқаңды қауып тұрған аяз, сары шұнақ аяз, деп халық аузында қолданыла береді. О баста фольклордан ауысқан.
4. Синонимдер – ойды көрікті, әрі әсерлі жеткізудің құралы. Оларды талғай да, таңдай да білу керек. Өйткені мағыналас сөздердің бәрі үнемі бірінің орнына бірі жұмсала бермейді. Контексте қолданылуына қарай әр түрлі мағыналық реңк туғызады. Олардың стильдік бояулары сол сөздерді салыстырып қолданғанда айқын көрінеді. Синонимдерді тіліміздің стиль түрлеріне қарай саралап қолдану қажет. Мыс. күш, қуат, әл. Күш сөзінің орнына кейде әл сөзін алмастыруға болмайды. Қолыңдағы бар күшті жинай білсең, ұлы хандықты құруға болады. (І.Есенб.)
Синоним сөздер көркем шығармаларда кейіпкердің сезімін, мақсатын, бағытын дәл көрсету үшін, айтылған ойдың, сөздің мағыналық-эмоциялық мәнін күшейтіп беру үшін, құбылысты кеңірек суреттеу үшін жұмсалады. Толып жатқан нәзік ойлар, сезімдер синоним арқылы жеткізіледі.
1) синонимдердің бірнешеуін қатар айту айтылатын ойды анықтай түседі. Ол Сармолда айтып жүрген сөзді өз тарапынан да жұртқа жеткізу борыш, қарыз, тәрізді. Қағаз деген абырой, атақ, беделге қарай ма? Абайдың көз алдына Байтастың былтыр жаздағы әншіл, сауықшыл жолдастары толық елестеді.
2) Кейбір синоним сөздер контексте жансыз заттармен тіркесіп айтылып, бейнелілік мағына беріп тұрады: быжыр жүз, сылбыр күз.
Ойды бейнелі айту үшін де көркемдік дәлдікке, шынайылыққа жету үшін де антоним сөздер қолданылады. Абай «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да...».
1) ойды ықшамды, әсерлі ету үшін жұмсалады: күні-түні тынбай, жұмыс жасады. Басы қатты, аяғы тәтті.
2) Ойды жинақтау үшін қолданылады: жақсылық пен жамандықтың бағасын ұғар кезі болды ғой. Каламбур – фр. шендестіру тәсілі. Дыбысталуы бірдей, мағынасы әр басқа сөздерге негізделген сөз әзілі, яғни омонимдерді жұмсаудағы стильдік тәсіл.
Қалқам, жаным, қарағым,
Бетіңе келмес қарағым (С.Тор.)
Тағы сынды жан едік,
Тағы келдік тар жерге (Мах.)
5) Сөздің экспрессивті бояуы, оның түрлері. «Экспрессия – көркемдік бояуларының саласы, ол стильдік негізгі категория»- дейді А.Ефимов (стил. Худ. Речи. М.1957.)
Экспрессия жалпы екі тұрғыдан сөз етіледі.
1) лексикалық мағынасы әуелден экспрессияға бейім сөздер (контекссз экспрессивті мағына береді.
2) Қолданылу процесінде экспрессивтік бояу алатын есімдер, сөз тұлғалары. Тілдің көркемділігін жетілдіру үшін, образ жасауда бұл тәсілді жиі қолданады. Эмоциялық реңкі бар экспрессивті сөздер көбінесе көркем әдебиет стилінде кездеседі, өйткені олардың стильдік бояуы, қыр-сыры сонда ашылады. Ақын-жазушылар шындықты көрсетуде, ондағы кейіпкерлердің мінезін ашып, портретін жасауда осындай көтеріңікі, бейнелі, мәнерлі сөздер қолданады. Контекссіз экспрессиялық мағынаны білдіріп тұратын сөздер: қанішер, жауыз, тыраштану, ыржақтау т.б. Қазақ тілінде әсіресе болымсыздықтың эмоционалды-экспрессивті мәні күштірек сезіледі:
а) сөйлемнің толымсыз формалы баяндауышының қайталанып келуі арқылы: Есіл, Тожан, ұмытпаспын, ұмытпаспын! Айтпа, айтпа деймін, антұрған! (М.Ә.) күшейту мәні басым.
ә) сөйлемде болымсыз есімдіктердің қайталануы да оған экспрессивтік мән береді: Ештеңе де ішкім келмей отыр, Мәнә, ештеңе де (С.Шайм)
б) түгіл, тұрмақ, тұрсын шылдаулары зат есім, сын есім, сан есім, қимыл атауларымен тіркесіп, болымсыз мәнді салыстыру арқылы экспрессивтік мән алады: «Жеке меншікті жоймақ түгіл, әзір ойлаған да емеспін» (Ғ.Мұст.) Хат былай тұрсын, ас та бергізбейді (С.Мұқ)
Әдебиеттер
1. Болғанбаев Ә.,Қалиев Ғ. Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы.А. 2002.
2.Нұрмұханов Х.Сөз және шеберлік. А. 1987
3. Серғалиев М., Нұрғожина Ш. Қазақтың сөйлеу тілінің эмоционалды-
экспрессивті лексикасы. А. 1995
4.Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. А., 2006. 31
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Тіл құралдары стилистикасының қарастыратын мәселелерін атаңыз
2. Сөйлеу тілінің лексикасыдегеніміз не?
3. Кітаби лексиканың ерекшелігі неде?
4. Бейтарап (стильаралық) лексика
5. Синоним, омоним, антонимдердің стильдік қызметі қандай?
6. Каламбур дегеніміз не?