8-дәріс. Грамматикалық стилистика
1. Морфологиялық стилистика. Морфологиялық тұлғалардың стиль түрлеріне қатысы.
2. Сөз таптарының стильдік қолданысы.
а) зат есімнің стильдік мүмкіншіліктері
ә) сын есімнің стилистикалық қызметі.
б) сан есімнің стилистикалық қызметі.
в) есімдік сөздердің стилі.
1) Стилистика тілдің сөздік құрамымен бірге, оның грамматикалық құрылысын да қамтиды. Грамматикалық стилистика грамматикалық категориялар мен олардың мағыналарының қолданылу жүйесін айқындайды. Морфемалардың қызметіндегі, мағыналарындағы түрлі ерекшеліктері нақты қолданыста ғана ашылады. Кейде дұрыс сөйлемнің өзін бұзып айтып, ондағы сөздерге жалғанып тұрған морфемалардың қызметіне мән бермеушілік кездеседі. Әрбір сөз табының өзіндік өзгеру заңы, сөз тудыру тәсілі бар. Ол – морфологиялық, синтаксистік және морфология-синтаксистік тәсілдер. Солардың ең өнімдісі – морфологиялық тәсіл, ол арқылы жасалатын сөздердің сөйлемде қолданылуының алуан түрлі сыры бар. Бір форманың өзі толып жатқан қызмет атқарып, бірнеше мағынаға ие бола алады. Адам ойын айтудың негізгі формасы – сөйлем. Жеке сөйлем арқылы біршама аяқталған ойды білдіріп, мақсатты ойды жеткізіп айтуға тиіспіз. Мұндайда әр сөйлемді қалай құру, қандай-қандай сөздерді пайдалану, ол сөздерді қай тұлғада жұмсау, қалай сөзбен байланыстыру керек деген сияқты сұрақтар туады. Тілдің грамматикалық құрылысы ғасырлар бойы жасалып, әбден қалыптасып қалғандықтан, оны өзгерте салу мүмкін емес. Тілімізде бар заңдылық бойынша дұрыс құрастырылмаған сөйлем кездессе, тосырқап, қынжыламыз. Мысалы М.Сүндетовтың «Күтем, сені, Дидар» повесінде мынадай сөйлемдер кездеседі: Апам сөйленіп тұр. Жиырмаға биыл күздікте шығам. Сонықтан тілдің грамматикалық құрылысын қалай да өзгертуді ойламай, тілде барды дамыту, қызметін кеңейту, керегінде жаңа сөз, жаңа орам, жаңа тіркес енгізу жолымен қарауымыз керек. Осындай мәселелерді грамматикалық стилистика қарастырады. Морфологиялық тұлға сөздің құрылысы, сөзге жалғанатын қосымшалар. Қосымшалар сөзден сөз тудыру үшін, сөз мағынасын түрлендіру үшін, сөз бен сөзді байланыстыру үшін жұмсалады. Морфологиялық құрамы тұрғысынан кеңсе стилі мен ғылыми стиль бір-біріне жақын. Сондай-ақ публицистикалық стиль мен көркем әдебиет стилі бір-бірімен орайлас. Кеңсе стилі мен ғылыми әдебиет стиліне ортақ мынадай морфологиялық тұлғалар бар: -лық, -лік; мұндай сөздердің көпшілігі терминдік мәнге ие болып, нормаға айналған, қалыптасқан атаулар болып кетті: оқулық, серпінділік, жариялылық, жылылық, сөздік т.б. Кейде осы қосымшаның кез-келген сөздерге жалғануынын стильдік қателер кетіп жатады: Біз мұнде жаңалықта ғана келдік (жаңа ғана). -шылық, -шілік; бұл жұрнақ арқылы жасалған сөздер көбінесе кәсіптің, шаруашылық түрлерінің немесе әлдебір абстракт күй-қалыптың атауы болып отырады: диханшылық, оқытушылық, жұртшылық, шығармашылық. -ма, -ме... әр түрлі құжат атауларын, жіктелеген зат атауларын жасайтын өнімді тәсіл: әдістеме, жолдама, сілтеме, хабарлама, ескертпе, баспа, анықтама, хаттама т.б. Кейбір морфологиялық тұлғалар контекст ішінде мәтінге қарай белгілі бір қолданыста пайда болып, сөйлеу стиліне сіңісіп кетеді: -сымақ – есім сөздер құрамында қолданылып, кемсіту, жақтырмау, кекету мәндерін тудырады: ақынсымақ, шешенсымақ. Сонымен бірге етістіктер құрамында келіп, бейнелі мән тудыратын қосымшалар да бар: -би, -ми, -пи, -ши, қи, -ки: ілми, барби, үрпи, ақси, тырси, мықши, жылми, өңки, тыңқи. Кейде тілде қалыптасқан, орны бар мор-қ тұлғаларды бей-берекет орынсыз қолданып, теріс жұмсау кездеседі: Бұл істі асығыссыздықпен жүзеге асыру керек ( дұрысы - асықпай). 2) Әр түрлі мағына-мәнері бар, түрлі грамматикалық тұлғаларда жұмсалатын сөз табы – зат есім. Зат есім ғылыми, мәдени коммуникацияда халықтың керегін қанағаттандыратын зат, ұғым атаулар ретінде жиі қолданылады. Олардың қатарына мекеме атаулары, адамдардың қызмет атаулары, өндіріс-шаруашылық заттары т.б. жатады. Зат есімдер кітаби стильде дәлдікке, нақтылыққа қызмет етеді. Зат есімнің көптік жалғаулары көптік ұғымды білдіру үшін қолданылады. Кей сөздер жалғаусыз тұрып та көптік мағына бере алады: шаш, бидай, астық. Ал осы сөздердің бірқатарына жалғау қосылып, автор өз ойын тұспалдап жеткізу үшін қолданады: талай шашатар ағарды. Көз, құлақ, аяқ бет, қабақ тәрізді зат атауларының кӛптік жалғауында қолданылуы айрықша стильдік мән алады. Негізінен, қазақ тілі заңдылығында көптік жалғау жалғанбайды. Алайда, қазіргі тілімізде мағына айқындығы үшін, ойды саралап үшін қажетті стильдік амал. Мынау қолдар – трактор жасаған қолдар (Ғ.Мүсірепов). Зат есімнің септік жалғаулары да жалғанған сөздеріне әр түрлі қосымша мән үстейді. Кейбір септік жалғаулары түсіріп айту да стильдік мақсаттан туады. Өткен ғасырлардағы ауызша поэзия тілінде бар тәсілдер – бүгінгі таңда жиі қолданылатын көркемдік амалдар. Мысалы ілік, барыс, табыс септіктері мен тәуелдік жалғауларының түсіріліп жұмсалуы - өлең шартынан туатын ерекшеліктер. Мысалы, Арғымаңың(ды) жамандап, Тұлпар(ды) қайдан шабарсың? (Асанқайғы). Тоғай(ға) қондым, өкінбен (Доспанбет). Күйбеңдескен көп жаман(ның), Сөзі тигенге ұқсайды (Шалкиіз). Ей, Қатағанның хан(ы) Тұрсын (Марғасқа). Мұндайды тіл ғылымында өлең синтаксисіндегі ықшамдалу тәсілінің бірі дейді. Кейде сын есімдердің зат есім мәнінде жұмсалуы – сөздің жинақы, ойдың әсерлі болуы үшін ұтымды тәсіл: арсызбен жолдас болма, күншілге жолама. Стильдік мәні бар, түрлі мақсатта жұмсалатын сөз табы – сын есім. Сын есімнің стильдік қызметін дұрыс аңғару ұшін, оның лексикалық табиғатын жақсы білу қажет. Сын есімдер сын-сипат мәнінде қолданылады. Бірақ сын есім атаулының барлығы бірдей заттанып жұмсала бермейді. Сапалық сын есімдердің көпшілігі әр түрлі мән, реңкке ие болып қолданылса, ал қатыстық сын есімдердің мұндай қасиеттері жоқ. «Үлкен» сөзінің қолданысына назар аударайық. Бұл сөз әр контексте әр қилы мағыналылық реңкке ие, жеке сөзбен де, тіркеспен де берілетін тәсілдері сан алуан: ірі, үлкен, семіз, орасан, дәу, нән, қапсағай, қазандай, сотқалдай, білектей, түйедей, жардай; нар дене, кебеже қарын, иығына екі түйе мінгендей, түйенің жарты етіндей деген тіркестер үнемі «үлкен» ұғымын бере бермейді. Мысалы, Бір үлкен іс қылыпсың 41 (маңызды, көп), Үлкен олжа емес пе. Ірімшік деген қарны ашқа (көп). Жасы үлкендер тегіс жиналыпты (қариялар). «Үлкен» сөзі ой сөзімен тіркесіп келіп, терең ой, терең толғау деген ұғымда жұмсалады: үлкен ой жоқ, үлкен үй (қара шаңырақ). «Үлкен» ұғымын жазушылар көркем әдебиет стилінде әр түрлі жолмен береді: Ашыққан жылқы кетпендей тұяқтарымен қалың қарды бұрқ-сарқ лақтырады (Ғ.Мүс). Б.Майлин өз шығармаларында «нашар, әлсіз, жаман» деген сын есімдерді өзінше мүсіндейді: бір күшеншек жазушы әнге булығып, «Сарыарқа» деген пьеса жазды. «Күшеншек» деген сөзді эмоционалды түрде бейнелі қолданған. Қос сөзді сын есімдер – көркем әдебиет тіліндегі басты суреттеу құралы, әрі экспрессиялық мән туғызу тәсілі: Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш Бейне бір ұқсамайтын туғанайға (Абай) Сан есім – сөз таптарының ішінде стильдік мәні бейнелі тәсілдің аумағында емес, тура және нақты мағына беруде жиі қолданылады. Пифагордың «Дүниені сан билейді» деген сөзі бар. Қазіргі уақытта сан есім нақты ғылымның зерттеу нысаны бола отырып, ғылым мен техниканың даму барысында «цифр тілі» дүниеге келді. Осыған байланысты қоғам өмірінде үлкен ақпараттық деректеменің нелшо2пи гізгі көрсеткіші ретінде сан есім нақты стильдік жүк атқара алады. Мәселен, публицистиклық стильде сан есім белгілі ситуативті мәтіндердің нақты мәліметтерін көрсетуде ерекше сөйлеу экспрессиясының қайнар көзі болып табылады. 2 миллион адам жазып, оқи алмайды, 40 000 адам орыс мектебінде білім алуда, республикада 500 мың адам тіс ауруымен ауырады («Хабар» арнасынан М.Шахановтың парламентте сөйлеген сөзі) Ауыз әдебиеті үлгілерінде, батырлық жырларда эпикалық сан есімдер жиі кездеседі: Алты қанат ақ орда, алты құлаш ақ найза, алты қарыс азулымен айқасқан арыстан батырдың сыртқы «дизайндық» көркінің моделі сандық жүйемен бейнеленген. Сол сиқты миллион ақша ұстап жүр деген сиқты сан есім біртіндеп көркемдік тәсілге айналып барады.Адам өмірінің «өмір» деп аталатын кеістігінің әлеуметтік сырын көрсетуші категория ретінде ауыз әдебиетінде, жалпыхалықтық тілде жиі қолданылған қайран жиырма бес, орда бұзар отыз жас, қылшылдаған қырық, селкілдеген сексен адамға берілген жастың мөлшеріндегі ерекшелігін анықтау сан есімге тиіп, стильдік эмоция атқара алады. Есімдік мағынасындағы сөздер белгілі ойды беруде алуан түрлі мағыналық реңкке ие болады. Сен – жекелік ұғымды беретін жіктеу есімдігі, ІІ жағы, тыңдаушыға, жасы кіші, сырлас адамдарына арналып, жанды, жансыз заттардың орнына қолданыла береді. Жазушы төмендегі сөйлемде сен есімдігін қолдану арқылы кейіпкердің жан дүниесін, ашуға толы жүзін елестетеді.
- Сен қанқұйлы тамам елді жылатып болдың ғой, оы итаршылықты қоярмысын? (М.Әуезов) 42
- Сен бүлдіресің-ақ дегендей боп, Ермақ кемпіріне ежірейе тағы бір қарады. (Б.Майлин) Диалогті сөйлемдерде есімдіктің қаратпа сөзбен тікелей мағыналық байланысқа түсетін кездері де болады.
- Қыз, сен де желпілдеме,- деді Бәтимаға (Ғ.Мұстафин). Ойды нақтылай түсу үшін есімдік түрін осындай байланыста жұмсайды.Ол есімдігін қолданғанда, ойды жалғастыру, бір сөзді қайталай бермеу мақсатында қолданады «Әсіресе елді қатты сағынған Абай болатын. Ол соңғы уақытта Жидебайдағы шешелерін, ауыл-аймағын түсінде де көре беретін». Көркем әдебиеттің тілдік құралдарды стильдік мақсатта пайдалануы шексіздік кеңістігінде толық көріне алады. Ол суреткердің шеберлік тәсілі сөзді көркемдікке, эстетикалық мұрат-мақсатқа құрала білуінде екен. Көркем шығармадағы есімдіктер кейде иллюзиялық қиял тудырады, кейде соған көңіл мұңын шағып риторикалық сұрақ ретінде қолдануда стильдік мағынаға ие болады. Неге біз осы... жанымызды жанып тұрған отты су құйып өшіреміз... Неге біз осы бұл дүниенің барлық мүлкін арғы дүниеге алып кетердей, мұрнымыздан қан аққанша дүние-боқ жиямыз, а? Сонау бір үйірінен адасып қалған шынардың түбінде оның аты байлаулы тұратын (О.Бөкей) Есімдіктердің сәтті таңдалған варианты ұтымды болғанмен, бұл сөз табын автор тарапынан ерекше көңіл аударуды талап етеді, себебі кейбір сәтсіз алынған есімдіктер стилистикалық қателіктерге ұрындырады.
Әдебиеттер
1. Балақаев М. Қазақ тілінің мәдениеті. Алматы. 1988
2. Мұсабекова Ф. Қазақ тіліндегі зат есім стилистикасы. Алматы.1976.
3. Әміров Р. Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері. Алматы, 1977.
4. Балақаев М. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары. Алматы, 1984.
5.Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас. Алматы, 2005.
6. Формановская Н.И. Речевой этикет и культура общения. Москва, 1989.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Морфологиялық стилистика дегеніміз не?
2. Зат есімнің стильдік ерекшеліктерін атаңыз
3. Сын есімнің стилистикалық қызметі қандай?
4. Сан есімнің қандай стилистикалық қызмет атқарады?
6. Есімдік сөздердің стилі ерекшелігі неде?