4. Лекция тақырыбы: Стилистикалық норма, оның әдеби норманың басқа түрлерінен ерекшеліктері
2. Лекцияның жоспары:
1. Норманы белгілеудегі объективті, субъективті сипаттар
2. Стилистикалық норманың тарихи категория екендігі
3. Лекцияның мақсаты: Студенттерге стилистикалық норма, оның басқа нормалардан ерекшелігін түсіндіру.
4. Қысқаша теориялық мәлімет:
Стилистикалық норма- тарихи тұрғыдан қалыптасқан, сонымен қатар даму заңдылықтарымен жалпы қабылданған тілдегі стилистикалық мүмкіндіктерді тарату жиынтығы.
Стилистикалық норма- бұл да тілдік норма, бірақ стилистикалық кейбір әдістер оның ауытқуына себепкер болады.
Стилистикалық норма- екіге бөлінеді:
Экспрессивті-стилистикалық;
Функциональды-стилистикалық.
Стилистикалық нормамен қатар тілдік нормалар бар, ол негізінен тіл мәдениетінің категориясына жатады, стилистикалық норма стилистиканың категориясы болып табылады.
Тілдік норманың проблемалары тіл мәдениетіне, стилистикалық норманың проблемалары стилистика мәселесіне барып тіреледі.
Тіл мәдениеті дұрыстық қана емес сөз мәдениеті, өнер мәдениеті жоғары деңгейінде стилистикамен түйіседі. Белгілі ғалым Н.Уәлиев: «Сөз шеберлігі тек нормаға тән дұрыстықты көздемейді, сонымен қатар толып жатқан тілдік амал-тәсілдердің ішінен мағына, стильдік жағынан аса дәл, бедерлі, ұтымды түрін талғау дегенге саяды» деген пікір айтады.
Стилистикалық норма деп белгілі қолданыс аясынла функциональдық стильдерде,оның барлық жанрларында стилистикалық ресурстардың мәнерлі әсем өрнегімен орынды қолдануын айтамыз.
Тілдік норма- тіл мәдениетінің қарастырылатын мәселесі. Тіл мәдениеті дегеніміз (тілді мәдениетті пайдалану)– қарым-қатынас ситуацияларында коммуникативтік қарым-қатынас жетістіктерін қамтамасыз ету үшін тілдік тәсілдерді дұрыс ұйымдастырып, тәртіпті әрі жүйелі қолдану.
Тіл мәдениеті тілдік норманың 3 түрін қамтиды. Олар:
тілдік норма (лексикалық, сөзжасамдық, грамматикалық, дыбыстану нормасы);
этика –сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері);
коммуникативті норма (сөйлеу қарым-қатынасының тиімділік қағидалары).
Тілдік норманың проблемалары тіл мәдениетінің аясында қарастырылады. Қазіргі уақыт талабына сай, сондай-ақ, әлемдік тіл ғылымында тіл мәдениеті « сөйлеудің тиімділік теориясы» ретінде аталып, әсер ету әрекеттестік (яғни, екі жақтың өзара қатынасының) бағытында зерттеліп жатыр. Осы әлемдік тіл мәдениетінің көтерген проблемаларын қазақ тіл ғылымында жан-жақты зерттеуді прагматикалық аспекті арқылы шешу міндеттін алға қоюда.
Тіл мәдениеті сөзі дұрыс, тәртіпті ғана құрау болып саналмайды, тіл мәдениеті эстетикалық бағдарды қамтамасызм етеді. Ол өзінің ең жоғары деңгейінде стилистикамен түйіседі, оның проблемалық мәселелеріне игі ықпал етіп, стилистикалық норманың қалыптасуына толық мүмкіндік жасап береді. Стилистикалық нормадан тілдік норманың өзгешелігі мынада: әдеби тілдің тілдік нормасын қолдану аясы шектеулі емес. Тілдік норма жалпы қолданыстың дұрыстық сапаларын игеріп отырады. Тілдік норма тіл мәдениетінің аясында қарастырылынады, сондықтан тіл мәдениеті тілдік нормаға иек артады. Тілдік норманың функционалдық табиғаты варианттылығы әдеби тілдің функциональды-стилистикалық жіктелуін қамтамасыз етеді.
Стилистикалық норма мен тіл нормасын салыстырғанда, тіл нормасы белгілі жүйелілік пен бірізділікке бағынады, ал стилистикалық норма жалпы тіл нормасының талаптарына бағындайды, бұдан шығатын қорытынды стилистикалық норма тіл нормасынан мүлдем бөлек дүние емес, ол тіл нормасының барлық тиімді жақтарын өз бойына жинақтайды. Бұл орайда айта кететін нәрсе стилистикалық норма жалпы тілдік нормаға ешуақытта қарсы қойылмайды, қацта соңын аясында жетіледі.
Ғылыми стильдің ең өзекті аймағына ірі ғылыми-зерттеулерді жатқызуға болады: монография, диссертация, ғылыми оқулықтар. Бұл өріске ғылыми стильдің таза «стандартты стиль» арқылы түзілген стилистикалық нормасы қатаң сақталынған түрлерін жатқызкға болады.
Ғылыми стильдің шекаралық аймағы біртекті болып келмейды, оған контрасивтік лингвостилистикалық сипат лайықты. Мысалы, патент, акт, арыз, түрлері т.б ресми стильмен жақындасып кетеді. Ғылыми стиль өзінің негізгі өзегінен алынған сайын оның стилистикалық нормасы әлсірей береді.
Ғылыми стильдің сыртқы құрылымдық формасына кіріспе, тарау, қорытынды жатады, ішкі құрылымдық формасына кең көлемдегі көп аспектілік стилистикалық мүмкіндіктер қолданылады.
Стилистикалық нормалар өзінің табиғи тілдік құрылымның заңдылықтарының аясынан шығып кетеді. Мысалы: «инверсия» тәсілін алайық, сөйлем мүшелерінің табиғи заңдылық орналасу тәртібін бұзады, соған қарамастан стилистикалық өрнектілік мазмұнын құра отырып, стилистикалық нормаға айнала алады. Сағынтып жеткен жаз (Р. Сейсенбаев). Автор сағынтып сөзін стилистикалық акценттік категория арқылы тілдік норманың аясынан шығарған, бірақ стилистикалық норманы қалыптастырған. Егер осы сөйлемді жаз сағынтып жетті деп кұрасақ, онда да сөйлемнің тілдік және стилистикалық нормасы бұзылмайды. Бірақ соңғы сөйлемге қарағанда алғашқы сөйлемнің стилистикалық әсері мол. Иверсия тәсілі көркем әдебиетте оның жанрларында, ауызекі сөйлеуде, тұрмыстық ауызекі сөйлеу тілінде негізгі эмфатикалық қызмет атқарады, бірақ ресми, ғылыми стильде стилистикалық норманың стильдердегі және жанрларындағы сәйкессіздігі оның тұрақты орны жоқ екенің дәлелдейді.
Стилистикалық норманың өрісі көркемдікке әкелетін сөз өрнектері, сөйлем түрлері, түрлі фоникалық әдіс, тәсілдер, тұтас стиль түзуші тәсілдердің көркемдік жиынтығы болып табылады.
Стилистикалық норманы қалыптастыруға негізінен стилистикалық категориялар мен стилистикалық коннотация көмектеседі. Бұдан шығатын қорытынлы: стилистикалық коннотацияның бірлескен жиынтығынан стилистикалық норма туындайды. Стилистикалық норма, басқаша айтқанда, тілдің көркемдік, сұлулық айшықты мәнерін көрсету жетістігінің туындысы деуге болады.
Ресми стильде мемлекеттің заңдарына сәйкес соның «қоғамдық мүлкі» тарапынан мемлекеттік биліктің күшін көрсететін сөздер стилистикалық норма ережелерін көрсете алады.
Стилистикалық норма ғылыми стильде концептуалды пайымдаумен келіп отырады.
Көркем әдебиетте стилистикалық норма былай көрінеді:
ойлау-пайымдау;
концептуалды пайымдау (адам психикасында барлық әлем картинасының бейнеленуі);
образ-пайымдау (бейнеліліктің ең озық үлгілерін беру мүмкіндіктері).
Стилистикалық нормаға қарама-қарсы құбылыс- стилистикалық қателер. Сөйлеу
қателері, кейбір сөз, сөз тіркестері, синтаксистік конструкциялар стиль мәніне сәйкес келмейді, сөздің коммуникативтік мақсатқа сәйкестігінің талаптары бұзылады.
Стилистикалық норма-тарихи тұрғыдан қалыптасқан, даму заңдылықтарымен жалпы қабылданған тілдегі стилистикалық мүмкіндіктерді тарату жиынтығы.
Стилистикалық норма-бұл тілдік норма, бірақ стилистикалық кейбір әдістер оның ауытқуына себепкер болады.
Қазіргі кезде әдеби нормалар түсінігі біршама біртекті болып келсе, ал стилистикалық нормаларының анықтамасы мүлде басқаша. Және бұл өз кезегінде стиль түсінігімен бір мәнді еместігімен байланысты. Тіпті кейде стиль нормалардан ауытқып кеткенде ғана көрініс береді деген ой-пікір айтылып жүр, осыған байланысты норма стильге қарама-қарсы қойылады. Бірақ көптеген лингвистер стилистикалық нормалардың бар екендігі туралы да айтып жүр (әдетте олар стильді жалпы тілдік әдебиетке қарсы қоймайды). Сонымен, зерттеуші М. В. Пановтың ойынша «әдеби тіл стильдер жүйесі деп түсіндіріледі; олардың әрқайсысына ерекше нормативтілік тән», бұл Д. Н.Шмелевтің стиль туралы біздің түсінігімізде ол қандай да бір нормалар жүйесі дегенге келеді деген пікірмен үндеседі.
Әдеби норма мен стилистикалық норма бір-бірімен байланыста ашылатын ұғымдар.
Әдеби тіл нормасы белгілі кезеңде тілдік құралдарды қоғамдағы барлық адамдарға ортақ орнықты түрде қолдану үлгісі. Әдеби норма диалектілерге, ауызекі сөйлеудің қарапайым (қарабайыр) түрлеріне қарсы қойылады. Сондықтан оған жүйелілік, реттілік, баршаға міндеттілік, функционалды-стильдік жіктеліс тән. Осы тұрғыдан әдеби норманы функционалды стиль нормаларының біріккен жүйесі деп қарасақ, стилистикалық норманы әдеби норманың функционалды стильге қатысты көрінсі деуге болады. Басқаша айтқанда, әдеби норма жалпы нормаға және жеке, функционалды –стилистикалық нормаға ажырытылады. Жалпы норма тұтастай әдеби тілге тән, оның барлық функционалды –стильдік тармақтарына ортақ. Ол стильдерді, стилішілік тармақтарды бір бүтін әдеби тіл жүйесіне біріктіреді.
Жалпы норма тілдік деңгейлердің барлық қабатын тұтастай қамтиды. Мысалы, морфологияны тұтастай, сөзжасамның көптеген үлгілерін, сөйлемнің негізгі құрылымдық кестелерін, лексикадағы стилистикалық бейтарап сөздерд қамтиды.
Жеке норма, негізінен, стилистикалық бояуға ие тілдік құралдарды қамтиды. Стилистикалық нормада жалпыға ортақ міндеттілік, шегараларының айқын болуы жалпы нормадағыдай емес, аздау мөлшерде болады. Әр функционалды стильдің нормасы әр түрлі болып келеді. Біреуіне тән норма екіншісіне тән болмайды, не аз мөлшерде деректі болады. Мысалы, ғылыми стиль мен ауызекі тұрмыстық сөйлеу стилінің нормалары бір-біріне қарама-қарсы, ал ғылыми стиль мен ресми стильдің нормалары бір-біріне жақындау болады.
Әр стильдің нормасына қысқаша сипаттама берейік.
Ғылыми стильде сөйлемнің синтаксистік құрылымы толық, сөйлемдер шұбалаңқы, ұзын болады. Сөйлемдегі сөздердің орны логикалық қатаң тәртіпке бағынады. Мағынасы жалпылама-дерексіз сөздер басым қолданылады. Ғылыми стильдің дайындалу, көріну жағдайы да ерекшелікке ие: ол алдын-ала мұқият дайындалады және мұнда қарым-қатынас тікелей емес, жанама түрде орнатылады, көп жағдайда жазбаша көрініс табады.
Ресми стильдің ғылыми стильге синтаксистік деңгейде біршама ұқсас жақтары бар (сөйлемдер ұзын, орын тәртібі тұрақты, бір мағыналы сөздер қолданылады), алайда одан мәнді айырмашылықтарға ие болып келеді. Сөйлемдер дайын үлгіге құрылып, бір қалыптан шыққандай, тілдік құралдары да шектеулі болады.
Публицистикалық стильде екі жақтың да қоспасы бар, ол мынаған байланысты: бұл стильдің жанры әр алуан және жазбаша да, ауызша да көріне береді. Оған хабарлау және әсер ету функциялары тән. Осы жағдайлар оның тіліне де ықпалын тигізеді. Сондықтан онда ақпарат тасушы және экспрессивтілікке ие құралдар бірлікте қолданылады. Сонымен қатар газет тілінде, жедел шығуына байланысты, әбден тұрақталған (стандартқа айналған) құрылымдар да орын алады.
Көркем сөз стилінің нормасы өте кең, тіпті ол әдеби тіл нормасы ауқымынан шығып кете алады. Көркем әдебиет тіліне жазба және ауызша тілдік құралдардың бірігуі тән. Тек мынаны ескеру керек, біріншіден, көркем шығармада кез келген әдеби, әдеби емес тілдік бірліктер қолданыла отырып, бірақ олар өнер құбылысының заңдылықтарына бағынады, әдеби-эстетикалық өңдеуден өтеді. Екіншіден, көркем шығармада жазушының өзіндік дүние-танымы, көзқарасы бейнеленеді, шығарманың жанрлық, тақырыптық т.б. ерекшеліктері көрініс табады, әрі әр жазушының өзіндік тілдік талғамы болады. Сондықтан көркем шығарма тілінде әр жазушының стильдік даралығы, өзге де қайталанбас сөз қолданысы бейнеленеді. Осы жайларға байланысты көркем сөз стилінің басқа стильдерге қарағанда өзіндік ерекшелігі болады.
Әрине, бұл айтылғандардан көркем сөз стиліне норма тән емес деген сөз шықпайды. Бірақ көркем сөз стилі нормасына әдеби тіл нормасы тұрғысынан келе беруге де болмайды.
Сонымен, әрбір функционалды стиль өзіне тән сөз, форма, құрылымға ие болып келеді.
Стилистикалық норма туралы мәселе жоғарыда көрсетілгендей, сөйлеу мәдениеті мен стилистика қатынасы мәселесімен тығыз байланысты, өйткені зерттеудің алғашқы саласы ең бірінші тіл нормалары түсінігіне келіп тіреледі. Бұл салалардың шекарасы жеткілікті анық емес, және бұл ғылымдар бір-бірімен тығыз байланыста болады. Егер сөйлеу мәдениетінің пәнін дәлдік қана емес, сонымен бірге белгілі мағынадағы сөйлеу өнері деп санайтын болса, онда стилистика сөйлеу мәдениетіне енеді. Л. И. Скворцовтың пікіріне жүгінсек: «Сөйлеудің түпкілікті мәдениеті қазіргі заманғы әдеби тілде тілдесудің мақсаттары мен мәселелеріне сәйкес формалары мен стильдеріне ие болуын болжамдайды» (Актуальные проблемы культуры речи. М., 1970. 97-б.).
Сөйлеу мәдениетінің осындай түсінігін автор төмендегідей тұжырымдайды: «Өзіндік лингвистикалық саладағы сөйлеу мәдениеті туралы ғылым стилистикалық тілде және стилистикалық сөйлеуде араласып жатқан олардың ережелерін кеңейте түсетін және жасалған қорытындылары тілдік тәжірибеге қандай да бір әсер ететін, сонымен бірге «негізгі эстетикалық нормалар, формалар, әдеби сөйлеудің көркем әдебиет стилі қозғалысымен байланыс тенденциялары арқылы анықтау» мақсатындағы теориялық тәжірибелік пәндерінің көрінісі болып табылады».
Байқап отырғанымыздай, зерттеуші-ғалым Г. О. Винокур сөйлеу мәдениетінің екі баспалдағын атап көрсетеді. Олардың төменгісі тек сөйлеу нормаларын сақтаумен байланысты, ал жоғарғысы стилистикамен байланыстылығы. Осыған сәйкес Г. О. Винокурдың стилистикалық нормалар-сөйлеу мәдениетінің мақсаты мен биік шыңы деген пікірін салыстыруға болады. Жалпы Л.И. Скворцовтың пікірі де мұнымен үндеседі. Г. О. Винокурдың ойынша тіл мәдениеті бұл біріншіден, тіл құралдары туралы ілім, екіншіден, тіл құралдарын пайдаланудың әр түрлі үлгісіндегі көзқарастар бойынша тілдік мәселелер туралы ілім. Жалпы осының өзі тілді игерудің екі баспалдағының ережесіне келіп жанасады. Бұл «Вопросы о стилях языка и стилях речи. О разных степенях владения языком» еңбектерінде нақты көрсетілген.
Сонымен жалпы сөйлеу мәдениеті сөйлеудің дұрыстылығы мәселерімен шектеліп қана қоймай, өзінің жоғарғы деңгейінде стилистиканың проблематикасымен қиылысады, тіпті оның кейбір аспектісін қамти кетеді, бірақ онымен толық сәйкес келе бермейді; осы ғылымдардың әрқайсысының өзінің арнайы мәселелері мен зерттеу нысанасы бар. Мәселен, В. В. Виноградов өзінің «Проблемы культуры речи и некоторые задачи руского языкознания» еңбегінде: «Тіл мәдениетінің мәселесі әдеби тіл стилистикасының ұстанымдары мен мәселелеріне толығымен сәйкес келеді деп ойлаудың қажеті жоқ» деп жазды (15-б.).
Көптеген зерттеушілер тілдік нормалары бір жағынан әдеби тілде (фонетикалық, грамматикалық, лексикалық) екінші жағынан стилистикалық нормаға бөледі. Өз кезегінде стилистикалық нормаларды стилистикалық маркирленген тіл бірліктерімен және олардың қолданылу ұстанымдары мен байланыстырылатындығы сирек емес.
Бұл мәселенің функционалды позициясы жағынан анығырақ Э. Г. Ризель өзінің «Проблемы лингвистической стилистики» еңбегінде: «Стилистикалық нормалардың астарында, ол «сол кезеңдегі тілдік нормаларды функционалды стиль мен жанрлық стильдердегі таңдау мен ұйымдастырудың міндетті заңдылығы» жатыр дейді де, оның өзін 1) «тілдік стилистикалық нормалары стильдегі жиі болатын құралдардың тізімі»; 2) «стилистискалық нормалар-жалпы мәтінді және оның бөліктерін құрастыру нормаларына» бөліп тастайды. Ал стилистикалық нормалар: 1) функционалды-стилистикалық және 2) экспрессивті –стилистикалық деп екіге бөледі. Олар жалпы әдеби аяда алынған, оның таралу аймағымен шектелмейді» (117, 118-б.).
Тілдік нормалардың динамикалық және функционалдық табиғатын, оның коммуникативтік тиімділігін ескере отырып, нормалар сөйлесу жағдайларының белгілерінде және басқа да тілдесу сипатына сәйкес келіп, қолданыс табатынын байқауға болады. Алайда, бұл жерде Л. И. Скворцовтың тілдік нормалары «жалпыға бірдей міндеттілігін» абсолюттеуге жол бермеу туралы ережесін ескеру қажет, сөйлеу жалпы міндеттілік бойынша емес, жалпы қолданыс бойынша жүзеге асуы тиіс екендігіне көз жеткізуге болады.
Функционалды стилистикада қолданыс табатын стилистикалық нормалар – бұл тарихи қалыптасқан және сонымен бірге тілдің жалпы таралуының заңды түрде дамуының стилистикалық мүмкіндіктері. Бұл мүмкіндіктер белгілі бір мақсаттарға, тілдесудің белгілі бір саласындағы сөйлеу мәнері мен мағынасына негізделеді.
Функционалды-стилистикалық нормаларға жалпы тілдік нормаларға қарағанда еркіндік сипаты тән, алайда бұл еркіндік салыстымалы болып келеді. Сөйлеуді ұйымдастырудың қалыптасқан ережелерінен ауытқу дәрежесі айтылымның (мәтін) қандай орында тұруына байланысты өзгеріп отырады. Бұл орындар орталық, одан тыс немесе стиль аралық болуы мүмкін.
Бірінші жағдайда нормалар қатаң және анық, екінші жағдайда-еркін, әрі нұсқалы. Алайда бұл еркіндік шығармашылық мүмкіндікке кеңістік тудырса да экстралингвистік және коммуникативті-прагматикалық заңдылыққа негізделген.
Дәстүрлі «ресурстар стилистикасындағы» норма түсінігі әдетте стильдің бірлігі түсінігімен байланысты. Стиль бірлігінде шағын мән мәтінінде құралдардың әр түрлі, контрасты, стилистикалық маркировкалармен соқтығысуына жол берілмейді. Қазіргі заманға сай сөйлеуді пайдаланудың бұндай стиль қатаңдығының өзіндік салыстырмалы сипаты бар. Мысалы, ауызекі сөйлесуде кітаби жоғары сөздермен көмкеру немесе ғылыми немесе іскерлік сөйлеуге – ауызекі сөздерді қосудың қажеті жоқ. Және бұл ереже өз күшін әрқашан сақтайды. Алайда, біз қашан болса да тілдің функциялануына өтеміз және бірден сөйлеудің коммуникативті – функционалды жағына анықтама, баға беруіміз керек. Бұл құралдарды пайдалану және де стильді бағалауда, ең бастысы, сөйлесудің белгілі бір саласында, сөйлесу жағдайындағы коммуникативтік тиімділік факторы болып табылады. Осының бәрін әр түрлі функционалды стиль мен жанрларға талдау жасауда ескеру қажет.
Осыған қоса әрбір жеке жағдай сөйлеу фактісі ретінде жалпылауға жататынын ескеру керек және ең соңында ол қандай да бір функционалды стильге жатқызылады. Жекеше айтқанда, әр түрлі стильді, контрастты элементтердің әдейі соқтығысуы баяғыдай-ақ публицистикалық сөйлеудің бірден-бір тиімді стилистикалық әдісі болып табылады. Қазіргі заманғы фельетонда, мысалы, стильдік норма әр түрлі стильдік бірліктердің соқтығысуы болып табылады. Бұндай жағдай көркем әдебиетте де белгілі, ауызекі сөйлесуге де тән, ал ресми-іскерлік сөйлеуге, ғылыми сөйлеуге бұндай сипат тән емес.
Сонымен, айтылымның стилистикалық нормаларға сәйкестігі немесе сәйкессіздік өлшемі серпулі, созылмалы және терең функционалды болуы тиіс; айтылымның (сөйлеу тілі, сөздік құрылым және оның құралының құрылымы) оның экстралингвистикалық негізбен (сөйлесу саласы, жағдайы, оның мақсаты мен маңызы және т.б.) ескеру қажет. Мұны анықтауда стилистика ғылымының орны ерекше.
Бұл жерде егер тіпті жалпы тілдік нормаларға нұсқаулық тән болатын болса, онда функционалды-стилистикалық нормаларға тән болмақ екенін естен шығармау керек. Бұдан басқа, тілдесудің өз мәселелері генетикалық әр түрлі стильді құралдардың үйлесімділігін талап етуі мүмкін, және бұл функционалды көзқарастың стилистикалық нормаларының бұзылуына жатпайды. Осындай стилистикалық әдіс фельетонда өте кең беріледі, кейде ғылыми-танымал әдебиеттерде де кездесіп жатады (бірақ, әрине, басқа коммуникативті тапсырмаларда). Функционалды-стилистикалық нормалардың барлық ерекшеліктерін мәтінді талдауда оқытушы есінен шығармауы тиіс, өйткені функционалды-стилистикалық нормалар әр түрлі мәтіндердегі тіл құралдарын таңдау мен үйлесімділік ұстанымымен тікелей байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |