Тақырыбы: Қазақ тіліндегі буын мәселесі және оны оқыту әдістемесі
5.1. Буын түрлері және олардың дыбыстық құрамы
5.2. Буын жігі және тасымал
Сөздер айтылуы жағынан ең кішкене бөлшек болып табылатын буындарға ажырайды. Сөздерді, буындарды жеке фонемаларға жіктеу лингвистикалық талдаудың нәтижесі деп қарау керек. Буын тікелей дауысты дыбыстарға байланысты. Сөздің құрамындағы дауыстыларды айтқанда ауа еркін шығады да, дауыссыздарды айтқанда кедергіге ұшырайды. Сонда буын өкпеден келе жатқан ауамен (леппен) тікелей байланысты болады.
Буын – осы ауаның кілт үзілуінің не кедергіге ұшырауының нәтижесінде пайда болатын жеке (дауысты) дыбыс, не дыбыстар (дауысты, дауыссыз) тобы. Қазақ тілінде буынның маңызы ерекше. Буынға тән сипаттар:
Буын болу үшін оның құрамында дауысты дыбыс болуға тиіс және оның саны біреуден артық болмауға тиіс. Сонда сөздің құрамында қанша дауысты фонема болса, сонша буын болады деген сөз. Балаларға дегенде, дұрысы, бір ғана дауысты фонема (а) бар. Алайда бұл сөз төрт буыннан (ба-ла-лар-ға) тұрады. Бір фонема бірнеше буынның құрамында қайталанып келе береді.
Буында мағына болмайды. Кейбір сөздердің әр бір буыны лексикалық немесе грамматикалық мағынасы бар бөлшектерге (морфемаларға) тура келіп қалады. Мәселен, ат-ты-лар-ға дейтін төрт буынды сөздің 1-буыны (ат) –түбір, 2-буыны (ты) – сын есім тудыратын жұрнақ, 3-буыны (-лар) – көптік жалғау, ал 4-буыны (-ға) – септік жалғау. Мұны кездейсоқ сәйкестік деп түсіну керек. Буында мағына болу міндетті емес: ба-ла-ла-ры-на, а-ты-ңа, ке-лі-сі-мі-міз, жар-қы-рай-ды т.б.
Тіліміздегі байырғы сөздер бірыңғай не жуан буынды, не жіңішке буынды болып келеді. Мұның өзі тілдің үнемді қызметіне негізделеді. Егер тілімізде аралас буынды сөздер кездесетін болса, онда олар кірме сөз болғаны. Буынның жуан, жіңішкелілігі қазақ тілінде дауыстыларға байланысты.
Қазақ тілінің төл сөздері де, буындар да қос (екі) дауыссыздан басталмайды. Орыс тілінен енген біраз сөздің біздің тілімізде жазылуы соның айғағы. Сондықтан да байырғы сөздерді Смаил, Сқақ, Рза, Реалды түрінде жазу тіліміздің табиғатына сай келмейді. Ертеректе енген үстел сөзі (стол) осының айғағы. Ал Октябрь революциясынан бергі кезеңде орыс тілі арқылы енген сөздер (буындар) екі, тіпті үш дауыссыздан да бастала береді: стиль, спорт, студент, процент, транспорт, спринт, стратегия т.б. Бұларды осылай жазу және айту әдеби норма түрінде танылады.
Соңғы кезде қазақтың байырғы сөздері де қос (екі) дауыссыздан басталады дейтін пікір айтылып жүр. Бірақ онда ғылыми негіз жоқ.
Бас (бірінші) буыннан басқа буындар дауыстыдан басталмайды.
Қазақ тіліндегі буынның түрін Қ.Жұбанов алтыға, Н.Сауранбаев төртке, С.Мырзабеков екіге бөледі. Ал С.Кеңесбаевтің үшке бөлуі барлық оқулықтарда қайталанып келеді.
Құрамындағы дауысты және дауыссыз дыбыстардың орын тәртібіне қарай қазіргі қазақ тіліндегі буынның үш түрі бар: ашық буын, бітеу буын және тұйық буын. Бұлай бөлу буынның теориялық та, практикалық та мәніне сай келеді.
Сөзде қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болатыны белгілі. Буын жігі дауыстылардың қабатында тұрған дауыссыздардың қай жағына қарап келетініне байланысты.
Сөзді буынға бөлу және тасымал мәселесін алғаш айтқан да А.Байтұрсынов. Шақырғанға деген сөзді буынға бөліп, қалай тасымалдауға болатынын, болмайтынын түсіндіреді (169-б). Бірақ буынға бөлудің ішкі механизмін (сырын), ережесін ұсынбайды.
Қазақ тілінде дауыстыдан басталатын буындар үнемі сөзді бастап тұрады: а, ә, ас, ант, ұлт, ас-қа, ат-қа, ант-ты, ұлт-тық Сондықтан да бірінші буыннан басқа буындар дауыстыдан басталмайды. Оның үстіне қазақ тілінде байырғы буындар қос дауыссыздан басталмайды дедік. Міне, осы қағиданы еске берік ұстанған жағдайда сөздерді буынға бөлу қиын болмайды. «Осы қорытындыға сүйене отырып, – деп жазды Қ.Жұбанов отызыншы жылдары, «буын жігін оңай, механикалық түрде табуға болады. Ол үшін жазған әрбір сөздің дыбыстарын аяқ жағынан бастап шоламыз. Дауысты дыбыстан соң келген дауыссызды елемей өте шығып (өйткені дауыстының соңында дауыссыз болмай да қалады, біреу де, екеу де бола береді), әрбір дауыстының алдыңғы жағына бір дауыссыз тастап бөле береміз, сонда неше бөлік шықса, сонша буын болады» деген.
Буын категориясын меңгеру айтарлықтай қиындық туғызбайды, дегенмен қазақ тіліндегі байырғы сөздердің буын құрылысына, олардың салалық қасиеттеріне көңіл аудару өте қажет. Өйткені буын құрылысын жақсы білу – сөздердің морфологиялық құрылысын, сөз тудыру, сөз өзгерту ерекшеліктерін, әдеби тілдің орфографиялық, орфоэпиялық нормаларындағы ерекшеліктерді дұрыс меңгеруге себеп болады.
Достарыңызбен бөлісу: |