11-Дәріс. Интонологияның қазақ тіл білімінде зерттелуі 6.1. Интонацияның бірліктері
6.2. Қазақ тілінің интонемалары
6.3. Интонацияның функциялары
6.4. Интонацияның компоненттері
Тіл жүйесінде ерекше деңгейі бар тәуелсіз құбылыс ретінде интонацияның өзіне ғана тиісті спецификалық мағынаға ие болатын бірліктері бар. Сондай-ақ олардың саны да белгілі мөлшерден аспайды және олар кез келген тілден алынып талдауға, зерттеуге келеді. Жалпы тіл білімінде олар әр түрлі аталып жүр.
Оларды суперсегменттік фонема, интонациялық интонема, интонациялық морфема т.б. деп атайды. Олардың бұлай әртүрлі аталуының себебі – интонацияның өз алдына деңгейі бар тәуелсіз құбылыс болғанымен, оның әр тілде әртүрлі көрініс тауып, сол тілдердің сөйлем құрылысымен, дәлірек айтқанда, сол тілдердегі форма және мазмұн категорияларымен тығыз байланысты болуында жатыр. Жоғарыда келтірілген атаулардың ең қолайлысы – интонема. Фонема мен интонеманың арасында принципті айырмашылық бар. Фонемаға қарағанда интонеманың деңгейі жоғары. Өйткені фонема таңба емес, оның бір-ақ қыры – формасы бар, ал мазмұны жоқ, интонема – ол таңба, оның формасы да, мазмұны да бар. Интонеманы морфема, немесе сөзбен салыстыруға болады. Сөйлемнің барлық түрлерінде де интонеманың өзінедік орны, атқаратын қызметі бар. Сөйлемнің қай-қайсысы болса да, интонемасыз сомдала алмайды, олардың әрқайсысының өзіне тән интонациясы бар.
Қандай тілде болсын сөйлеушінің жадында сол тілдің негізгі интонемалары сақталып, сөйлесуінде эталон болады деп есептеледі. Интонемалар фонемалар сияқты өзінің просодикалық өлшемдерімен және ерекшеліктерімен варианттарына көрініс табады. Ал ол варианттардың қайсысын қолдану-қолданбау сөйлеушінің мақсаты мен еркіне байланысты. Инонеманың фонема сияқты дифференциялау қасиеті болғандықтан, негізгі қызметі сөйлемдерді ажырату болып табылады. Бейтаныс тілдердің сөзін түсінбегенмен, оның интонемасын аңғарған адам ол тілдің интонациясының, әуенінің ерекшеліктерін байқай алады. Интонема әрқашан да синтагмада көрініс табады. Синтагма қай тілдің болса да сөйлемдерінің синтаксистік құрылысы мен оның мағынасын зерттеп түсінуге көмектеседі. Сөйлемнің әралуан құрылымдық-коммуникативтік түрлеріне жан-жақты экпериментті-фонетикалық зерттеулер жүргізудің нәтижесінде қазіргі қазақ тілінде 8 түрлі интонема бар екені дәлелденді. Сондай-ақ, 8 инвариант интонеманың бірнеше варианты болып, оларды бүкіл қазақ тіліндегі неше түрлі мазмұнды көрсететін әр алуан үлкенді-кішілі, жай және күрделі, көп компонентті құрылымдардың интонациясының барлық түрлерін қамтитыны анықталды.
Кестеде сол 8 интонеманың варианттары белгіленген, әрі қарай олардың варианттарының сызықтары берілген.
Екінші (2) тоналды деңгейден басталды, ой аяқталмағанын білдіретін тиянақсыз интонема жоғары көтерілетін тоналды сызықпен және орташа тоналды диапазонмен ерекшеленеді.
Мағына жағынан тиянақсыз интонема бірінші мүшесі екіншісіне қарсылас екі мүшелі жай сөйлемдер мен құрмалас сөйлемдердің, сөйлемнің басында тұратын оқшау сегменттердің және бірыңғай мүшелердің аяқталмағанын білдіреді. Бұл интонеманың варианттары – үшінші (3) кейде төртінші (4) деңгейге дейін көтерілетін дөңес немесе ойыс сызықты тоналды контурлармен белгіленеді. Синтагманың аяқталмағанды білдіретін интонемасының аяғындағы сөздің ең соңғы буыны ырғақты екпінмен ерекшеленіп, созылыңқы айтылып, ең жоғарғы тоналды деңгейге ие болады.
Аяқталғанды көрсететін тиянақты интонеманың дөңес сызығы төмендеп барып бірінші (1) тоналды деңгейге дейін дейін түсіп орташа диапазонмен сипатталады. Аяқталғанды көрсететін варианттар екінші (2) немесе үшінші (3) тоналды деңгейде басталуы мүмкін. Егер де тоналды контуры үшінші (3) деңгейден басталса, ол басында аздап көтерілген сияқты болғанмен, одан кейін төмен түсіп кетеді. Аяқталғанды білдіретін интонамада синтагманың соңы баяу қарқынмен айтылып, негізгі тон жиілігі мен интенсивтілігі ең минималды мағынаға ие болады.
Мағына жағынан тиянақты интонема жай хабарлы сөйлемдерде, екі мүшелі жай сөйлемдердің және құрмалас сөйлемдердің соңғы компонентінде, сонымен қатар сөйлемнің соңында орналасатын оқшау және бірыңғай сегменттерде кездеседі.
Жалпы сұрақ интонемасы екінші (2) тоналды деңгейден төртінші (4) деңгейге дейін көтеріліп, орташа тоналды диапазонмен ерекшеленеді. Сұраулы сөйлемдердің интонемасына жоғары көтерілетін тоналды контурларда болатын орташа диапазонды екінші (2) және төртінші (4) тоналды деңгейлер тән.
Бұл сөйлемдердің интонемасының варианттарының контурлары жоғары көтерілетін дөңес және төмендейтін ойыс сызықтар болуы мүмкін. Кейде тоналды контурдың соңы ақырындап төмендеуі ықтимал. Мұндай сөйлемдердің қарқыны мен интенсивтілігі сөйлемнің аяғына қарай баяулап, азаятыны байқалады.
№ 12 дәріс. Дыбыстық өзгерістер және оны оқыту