1 Дәріс XVII ғ халықаралық қатынастар және халықаралық қатынастардың Вестфальдік жүйесінің құрылуы


Дәріс XVІІІ ғ.аяғы - XІX ғ.басындағы халықаралық қатынастар



бет5/12
Дата04.11.2022
өлшемі65,57 Kb.
#47575
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
1 Ä?ð³ñ XVII ? õàëû?àðàëû? ?àòûíàñòàð æ?íå õàëû?àðàëû? ?àòûíàñòà

5 Дәріс XVІІІ ғ.аяғы - XІX ғ.басындағы халықаралық қатынастар.
5.1XVІІІ ғ.аяғында француз революциясы жылдарындағы халықаралық қатынастар.
5.2.Пильниц декларациясы және бірінші антифранцуздық коалицияның құрылуы.
5.3.Антифранцуздық коалицияны кеңейтудегі Англияның рөлі.
5.4 Францияның басқыншылық соғысының басталуы

Еуропалық монархиялар тарапынан француз буржуазиялық революциясының басталуы билікке келген буржуазияның әсіресе революциялық күрестің шарықтаған кезі - якобиндік Конвенттің қызметі кезеңіндегі кейінгі әрекеттері сияқты айтарлықтай деңгейдегі қызығушылық пен үрей туғызбады. 
Француз буржуазиялық революциясы елдің тек экономикалық, саяси, әлеуметтік дамуына ғана емес, Францияның дипломатиялық қызметін ұйымдастыру жүйесіне де өзгерістер енгізді. Монарх билігінің шектелуі революция басталысымен оның сыртқы саяси өкілеттілігіне де көшеді. Революцияға дейін сыртқы істер министрі монархпен тағайындалып, тек соның алдында ғана жауапты болған. Елшілер мен министрлер әдетте король сарайымен тығыз байланыстағы аристократиялық әулеттерден тағайындалған болатын. Сыртқы істер министрлігі территориалдық белгісі бойынша бөлінген екі басқармадан тұрды. Біріншісі Батыс және Орталық Еуропа, Америка мемлекеттерімен, ал екіншісі Шығыс және Оңтүстік Еуропа, Скандинавия мемлекеттерімен қатынастар жүргізді. Осы екі басқармадан басқа қосымша бөлімдер де болды.
Ұлттық жиналыстың бейбітсүйгіштігіне қарамастан, феодалдық алымдарды алып тастау Франция мен феодалдық-монархиялық Еуропа арасындағы кейбір қарама-қайшылықтарға алып келді. Францияда, Эльзаста герман имперлік князьдерінің бірқатар ұсақ иеліктері болды. Революция ондағы феодалдық алымдарды жойған соң, өз артықшылықтарын қалпына келтіру үшін Австрия, Пруссия, Ресей және Швецияның араласуын күткен князьдер герман имперлік сейміне арызданды. Ұлттық жиналыс неміс князьдеріне жеке тұлғалар ретінде сый беруге шешімге келді. Алайда бұл жайт мәселені шешпеді, революциялық рухтың Еуропа жеріне таралуынан қорыққан Австрия, Ресей және Пруссия неміс князьдерін Францияға қарсы шығуына итермелеп отырды.
1791 ж. сәуірінде Авиньон тұрғындары оларды Франциямен біріктіруін талап етті. Бұл қақтығыс шеңберінде еуропалық дипломатия тарихында алғаш рет сол территорияда тұратын халықтың тілегі негізінде территориялық қосып алулар қағидасы жарияланды. Дипломатиялық комитеттің ұсынысы бойынша 1791 ж. 14 қыркүйектегі Ұлттық жиналыстың декреті бойынша Авиньон Францияға қосылды. Бұл әрекет Францияның тек Риммен ғана емес, сонымен бірге революциялық рух пен территориалдық қосып алулар прецеденті өз елдерінде жайылатынынан қорыққан басқа да еуропалық державалармен қатынастарын шиеленістірді. 
1791 ж. қыркүйегінде XVI Людовик конституцияны қабылдап, еуропалық мемлекеттерге өзінің Ұлттық жиналыспен бірауыздылығы жайында қайтадан ресми түрде хабарлады. Сонымен бір уақытта революцияны басып тастау үшін ол Францияға контрреволюциялық интервенцияны ұйымдастыру мақсатында құпия хаттармен алмасып отырды. Бұл жағдайларда 1791 ж. қазанында Заңшығарушылық жиналыс құрылды. Жиналыстың депутаттары бекерден емес корольге сенбей, оның тарапынан қастандық ұйымдастырудан қорықты. Шынымен де, контрреволюцияны дайындауға көмектескен және «австриялық жүйе» жақтастарынан құралған корольге жақын бірнеше аристократ құпия комитет құрды. 
1792 ж. 10 тамызындағы көтеріліс Франциядағы монархияны құлатып, Ұлттық конвенттің шақырылуына және жанама түрде жария етілген француз республикасының сыртқы саяси бағытындағы басымдылықтардың өзгеруіне алып келді. 
Француз революциясы жалпы халықаралық қатынастардың, оның ішінде еуропалық дипломатияың дамуындағы жаңа кезеңін ашты. Революция басталысымен Еуропадағы күштердің ескі арасалмағы құртылды. Одан артық республика жариялануымен феодалдық-абсолютистік монархиялардың блогі қирады. Аз уақыт ішінде француз республикасының өз елдеріне революциялық рух таралып кетуінен қорыққан ең мықты еуропалық державалардың интервенциясымен күресі барлық халықаралық оқиғалар мен дипломатиялық келіссөздердің өзегіне айналды. 
Франциядағы революциялық оқиғалардың басталуына дейін Ресейдің Түркиямен 1787 ж. басталып, бүкіл Еуропаның назарын өзіне қаратқан соғысы халықаралық қатынастардың маңызды мәселесі болды. Ресей сонымен бір уақытта Швециямен екінші соғыс жүргізді. Ресей мемлекетінің күшеюінен қорыққан Англия мен Пруссия Түркияға да, Швецияға да барынша дипломатиялық қолдау көрсетіп отырды. Дегенмен де, француз революциясы өте аз уақыт ішінде бүкіл халықаралық саясатқа шешуші әсерін тигізді. Революция державалардың назарын көп уақытқа шығыстан Еуропаның батысына аудартты. 
Сол кездегі еуропалық саясатта екі ең мықты держава - Англия мен Ресей айтарлықтай рөльге ие болды. Англияда 1783 ж. бері сыртқы саясат басшысы Жеті жылдық соғыс кездеріндегі виги партиясының әйгілі министрі, лорд Чатамның баласы Уильям Питт-кішісі болды. Көрнекті саяси қайраткер болған У. Питт министрліктің басшысы ретінде Англияның жағдайын нығайту үшін және маңызды америкалық отарларды жоғалтуынан кейінгі әлсіреген қайратын күшейту үшін көп іс атқарды. Тори партиясының нағыз жақтаушысы болған ол Франциядағы революциялық оқиғаларға, әсіресе ондағы монархияның құлатылып республиканың жариялануына қарсы болды. Англиядағы сыртқы саяси ведомствоны басқарған У. Питт сыртқы саясаттың негізгі бағытын нық анықтады. 
І Наполеон империясы мен консулдығы тұсындағы еуропалық елдердің коалициясына қарсы Франция Наполеон соғыстарын (1799-1815 жж.) жүргізді. Хронологиялық жағынан алғанда бұл соғыстар Ұлы француз төңкерісінің (1789-1799 жж.) соғыстарын жалғастырды және алғашқы кезде оның прогрессивті мәні де болды, өйткені ол феодалдық құрылыстың негіздерін қиратуға, бірқатар Еуропа елдеріндегі капиталистік қатынастардың дамуына жәрдемдесті. Алайда, Наполеон соғыстарының даму барысы өзінің прогрессивті белгілерін жоғалтып жаулап алушылық сипат алды. Сөзсіз ХVIIІ ғ. аяғы – ХІХ ғ. басында Еуропа саясатын анықтаған, өз дәуірінің көрнекті өкілдерінің бірі Луи Бонапарт Наполеонның тұлғасы мен қызметінің маңызын айта кету керек. 
Наполеон Банопарттың дипломатиялық қызметін екі негізгі кезеңге: 1799 – 1807 жж. Бонапарттың әскери диктатурасының орнау сәтінен бастап Тильзит бейбіт бітіміне дейінгі кезең, бұл дипломатиялық сәттіліктер мен Наполеонның мәртебесі және халықаралық аренадағы рөлінің күшеюі кезеңі; 1807-1812 жж., яғни, Тильзит бейбіт бітімінен Наполеон империясының құлдырауы, сонымен бірге Наполеон құрған ұлы Империяның күйреуі кезеңі деп бөлу керек. 
Директорияны таратқан және Францияға өзінің диктаторлық билігін орнатқан генерал Бонапарт ірі қаржы буржуазиясының сыртқы саяси талпыныстары мен мақсаттарын қолдады. Наполеон Францияның маңызды бақталасы Англияның теңіз бен отаршылдық қуатын жою идеясын және Рейн мен Альпі жағаларындағы «табиғи шекараларды» жаулап алу, яғни көршілес жатқан мемлекеттер арқылы Францияның территориясының ұлғаюы мен кеңеюінің батыл жақтаушысы болды. 
1800 ж. ішкі шиеленістердің тегеуірінімен буржуазиялық Францияға қарсы құрылған Еуропалық феодалдық мемлекеттердің коалициясы іс жүзінде ыдырап кетті. Ресей соғыстан шықты, ал Австрия әскері Маренго (1800 ж. 14 маусым) түбіндегі шайқаста жеңіліп, Италиядан ығыстырылды. 1801 ж. Ресей және Автриямен бейбіт келісім-шарттарға қол қойылады. Келісім-шарт бойынша Автрия Рейннің сол жағалауы мен Бельгияны Франция иеіктері ретінде таныды. Бұдан басқа Австрия мен Ресей Италиядағы Франция үкіметінің жасаған территориялық және саяси өзгерістерін тануға мәжбүр болады (1802 ж. Цизальпин Республикасының орнына Францияға тәуелді Италия Республикасы құрылды). Енді Францияның үстемдігі мен қуаты басқа да территорияларға: бүкіл Италияға дерлік, Герман мемлекеттерінің бір бөлігіне, Бельгияға, Голландияға тарады.
1801 ж. 23 наурызда Петербордағы Сарай төңкерісінің нәтижесінде І Павел өлтірілді. Бұл оқиғаға қатысты сол кездегі замандастарының айтуына қарағанда, Ресейдегі ағылшын елшісі Уитворттың тікелей ұйымдастыруымен болмаса да, оның бұған қатысы бар және Англияның саясаты екендігін көрсетеді. Ресей тағына өлтірілген императордың ұлы І Александр отырды. Ол әкесі сияқты Ресей-Француз одағының жақтаушысы болмады. Дегенменде 1801 ж. 8-10 қазанындағы келіссөздерден кейін олар екі маңызды құжатқа: Франция мен Ресей арасындағы бейбітшілік туралы келісім-шартқа және екі империя арасындағы құпия конвенцияға қол қойылды. 
Конвенцияда Францияның тартып алған иеліктері үшін Сардиния Королі мен Германия князьдерін марапаттау мәселесіндегі Ресейдің делдалдық миссиясы, сонымен қатар Ион аралдарында адмирал Ушаковтың құрған «Жеті арал Республикасының» танылуы және Ресей мен Францияның теңіздегі бостандықты қамтамасыз ету миссиясы ескертілді. Англияны Ресей империясы бейнесіндегі құрлықтағы негізгі одасқтасынан айырған Наполеон 1802 ж. 25-27 наурызда Аменьеде бейбіт келісім-шартқа қол қоюға мәжбүр етті. Келісім-шарттың талаптары бойынша Англия Францияға және оның одақтастары Испания мен Батав республикасына Тринидат пен Цейлоннан басқа соғыс жылдары жаулап алынған барлық жерлерді қайтарып беруге міндетті болды. Мальтаны Иониттер орденіне беруге, Түркияға Египетті қайтаруға міндеттенді. Ал Франция өз тарапынан Неаполь, Рим және Эльба аралдарынан әскерлерін шығаруға міндеттенді. Франция мен Англия Еуропадағы қалыптасқан тәртіпті қолдауға міндеттенді. Наполеон Египеттен бас тартты. Жеңісті соғыстардан кейінгі ұзақ күттірген бейбітшілік Наполеон Банопарттың мемлекеттік қайраткер және қолбасшы ретіндегі даңқының өсуіне ықпалдастық етті. 
1802 ж. келісім берік болмады. Англия Францияға күшті ағылшын буржуазиясы үшін тиімді "сауда еркіндігі» қағидасына негізделген сауда келісім-шартын ұсынуға тырысты. Наполеон бұған келіспеді. Бұл уақытта Наполеонда Англияның әскери күштерін талқандап қана қоймай, оның отарларын жаулап алу, Еуропа нарығынан ығыстыру және ондағы саяси ықпалынан айыру сияқты жаңа жаулап алулардың кең жоспары қалыптасты. 1803 ж. Англия мен Франция арасындағы әскери іс-қимылдар басталды. Наполеон ағылшын жағалауына десант дайындай бастады. 
Наполеонның агрессивті саясаты Ресейді қобалжытпай қоймауы мүмкін емес еді. Франция мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың үзілуі Наполеонның бурбон үйінің ұрпақтарының бірі – Герцог Энгиенскийді жазалауымен тездетілді: 1804 ж. оған Наполеонның өміріне қастандық жасады деген кінә тағылып атып тасталды. І Александр Наполенның бұл іс-әрекетіне қарсылық білдірді, алайда, ол өз әкесі І Павелге қарсы қастандыққа және өліміне қатысы бар деген тұспалданған сөзді жауап ретінде алды. Франция мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың үзілуі наполеондық Францияға қарсы Еуропа державаларының үшінші коалициясының құрылуын жылдамдатты. Ресей мен Англия арасында күрделі қайшылықтар мен келіспеушіліктер аз болмады. 
Ресеймен соғысудың дипломатиялық дайындығы Наполеонның болжамдарын ақтамады. Пруссия мен Австрия Франциямен Ресейге қарсы бағытталған келісімдерге қол қоюға мәжбүр болғанымен де, олар сонымен қатар І Александрмен де құпия келіссөздер жүргізіп отырды. Франция дипломаттары Ресейдің Швеция және Түркиямен болатын қайшылықтарына үміт артты. Алайда, Ресей сәуір айында Швециямен одақтасады, ал соғыстың қарсаңында, 1812 ж. мамырда Кутузов Түркиямен Бухарест бейбіт бітіміне қол қояды. Ресей мен Англия арасындағы одақтастық қатынастар қайта қалпына келтіріледі. Сонымен Ресейді сыртқы саяси оқшаулау жоспары жүзеге аспай қалады. 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет