1. Әдебиет теориясы ғылымының әдіснамалық қағидалары Әдебиет теориясы



бет24/65
Дата31.12.2021
өлшемі233,12 Kb.
#23703
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   65
Байланысты:
ЭКЗАМЕН ӘТ

24. Әдебиеттің тектері мен түрлері

Әдебиеттің тегі мен түрі әдебиет яғни сөз өнері эпос, лирика, драма дейтін негізгі үш салаға жіктеледі. Бұлар әдеби жанрлар мен түрлердің тегі деп те аталады және олардың әрқайсысы мазмұны және суреттеу, баяндау тәсіліне қарай өз тарапынан жүйе құрып, жанрлық түрлерге бөлінеді.
Бөлінгенімен, ішкі байланыстарын үзбей, бояулары бір-біріне кіріксе де, өздеріне тән ерекшеліктерін сақтап қалады.

Эпос — әдебиеттің негізгі үш тегінің бірі, әдебиеттің баяндау жанрларының басын құрайды. Эпостық шығармада оқиға өз бетінше автордың еркінен тыс жүріп жатқандай әсер береді. Мұнда оқиғаны суреттеу тәсілінің бір ерекшелігі — сюжет желісінің тежелетіндігі. Эпостық жанрдағы шығармаларда негізгі әңгімеге қатыссыз “бөгде” бір нәрселер бейнеленетін секілді. Шын мәнінде бұл — эпостың өзінің жанрлық мақсатына жету үшін қолданатын тәсілдерінің бірі. Эпос тұтастықты көксейді, шындық дүниені қалайда кең көлемде көрсетуді қалайды. Нәтижеде қомақты, өркешті, кең тынысты шығарма туады. “Батыр Баян” поэмасында Мағжан осы тәсілді шебер іске асырады. Жорыққа аттануға әскерін жинаған Абылай ханға Баян батырды күттіру арқылы оның тұлғасын ғана биіктетіп қоймайды, сол арқылы поэмаға қосымша талай оқиғаларды суреттеп, шығарма ауқымын барынша кеңейтеді, құлашын кең жазады. Эпос оқиғасы сырт оқиға ғана емес. Қаһарманның ішкі дүниесіне бойлау, оның жан диалектикасын ашу қандайда қызғылықты оқиғадан кем әсер етпейді. Эпостық шығармалар тарихы сонау қадым замандардан басталады. Аңыз, ертегі, дастан, жырлар — біздің баға жетпес ұлттық мұрамыз. Болмысты бейнелеу, адам мен қоғам өмірін суреттеу эпос жанрында негізгі үш арнамен атқарылады. Ол жанрлар шағын көлемді (анекдот, мысал, әңгіме, новелла, әпсана-хикаят), орташа көлемді (поэма, повесть) және ірі көлемді (эпопея, роман) болып бөлінеді.

Үш текті әдебиет жанрларының бірі — лирика, адамның көңіл-күйін шертеді. Бұл жанрда “ақын адамның ішкі ғаламы мен тысқы ғаламы түйіседі” (Байтұрсынов). Адамның сырттан алған әсері көңіл көрігінде балқып, нәзік сәулелі сезімге айналады. Жалт өткен сезім жарқ етіп ақын жүрегін дөп сөзбен жарып шықса, міне, бұл — лирика. Лирика — алдымен сезімнің гүлі, гүлдің хош иісі, көз жауын алған көркі. Мұнда субъектілік басым. Эпоста автор оқиға көлеңкесінде қалса, лирикада алға шығады, өзі өлең мазмұнына айналады. Және өз қалпын “бетін өзгертпейді” (Аристотель). Өлеңнің лирик. кейіпкері көбіне автордың өзіне тартады. Лирик. кейіпкер — жүрегін от сезімге ораған ой адамының бейнесі. Лирик. өлеңдегі сұрапыл тебіреніс, толғаныстар, қызу қанды қарбалас әсерлер соқыр сезім емес, ой көзді сезім. Абай: “Өмірде ойға түсіп кем-кетігің, Тулағыш мінезің бар, жүрек, сенің” десе, бұл — лирик ақын бейнесі. Ой мен сезім лирикада ғашықтардай табысады, сол махаббат ләззатынан көркем сөз атты перзент туады. “Қуатты ойдан бас құрап, Еркеленіп шығар сөз” деп Абай тегін айтпаған. Өлең қолдан жасалмайтынын, ой, қайрат, жүрек тұнығынан қайнап шығатынын ескерткен. Лирик. жанр түрлері қазақ ауыз әдебиетінде терме, толғау нысанында қалыптасты. Әлемдік әдебиетте ертеден өріс алған элегия (мұңды өлең), ода (мадақ өлең), эпиграмма (әжуа өлең), эпитафия (жоқтау), сонет сыршыл, композициясы белгілі нормамен жазылатын өлең секілді түрлері қазақ поэзиясында берік орын тепті. Саяси-әлеум. лирика түрлері де дамыды. Тақырыбы мәңгілік саналатын махаббат лирикасы, табиғат лирикасы түрлерінен қазақ поэзиясы әлемдік поэзияның қай-қайсысымен де иық теңестіретін шығармалар тудырды.

Әдебиеттің үшінші тегі — драма. Мұнда оқиға көз алдында өтіп жатады. Кейіпкерлер бастарынан шиыршық атқан шым-шытырық оқиға кешеді. Бәрі әрекет үстінде. Жәй әрекет емес, тайталасқан күрес, айтыс-тартыс, қырқыс. Айлаға қарсы айла, әрекетке қарсы әрекет. Оны істейтін кейіпкерлердің характері. Бәрі соған байланысты: жақсылық та, жамандық та. Характер, мінезділік — адамның өзегі, алтын арқауы. Атом бөлшектенгенде орасан зор энергия пайда болатыны мәлім. Характер ядро іспетті. Драманың ойдағыдай шығуы сол ядроның қуатын қалай “босата” алғанына, яғни кейіпкердің мінезін қалай аша білгендігіне байланысты. Оның тәсілі сан алуан. Характер қақтығыста, тартысқа көрінбек. Қшінде бүккен сырлары, әлеум.-саяси көзқарасы, өзге де адамгершілік, құлықтылық, ар-инабаттылық қасиеттері жан алып, жан берген күрес, шайқастарда ашыла түспек. Ғ. Мүсіреповтың драмаларындағы характерлер дәл сондай шиеленіс, күрес үстінде ашылады. Біреулері махаббаттай пәк, асыл да асқақ сезім үшін, сүйген жарының жолында өзін құрбан етеді. Сөйтіп рухани сұлулығымен көрермен жүрегінде мәңгі ұялайды. Қайсыбірі ұсақтығымен, арам, арсыздығымен жирендіреді. Екеуі жиылып адамның іштей жуылуына, жаңғырып шыңдалуына бастайды.

Әдебиет тектері мен түрлерінің жіктелуінде белгілі шарттылық бар. Эпос, лирика, драма іштей бір-бірімен байланысты. Бір әдебиет көзінен тарайтын бұлақтар. Үш тектің үшеуі де қазақ көркем сөзінің фольклор, дара ақындар әдебиеті, жазба әдебиеті тармақтарының бәрінде бір сапада ойға азық, жанға сусын бола білді. Үшеуі де даму барысында біріне бірі әсер етіп, бірін бірі демеп, ашып, толықтырып отырады. Мыс., жаңа эпос-роман жанры психологизм, драматизм құралдарын барынша пайдаланады. Демек, лирика, драма жанрларынан өзіне керекті нәр алып отырады деген сөз. Роман жанры бірден бүгінгі кемеліне келе қойған жоқ. Оның ілкі өркендері ертеректе, фольклор қойнауларында шым-шымдап өсіп жетілді. Соңғы жылдары фольклортану ғылымы дастан эпосының қайсыбір белгілерінен новелла, роман жанрларының нышандарын тауып, зерттеп жүргені тегін емес. Ертегілік дастандармен қатар, новеллалық, романдық дастандар дейтін түрлер ғыл. айналымға енгізілді. Жанрлық ауыс-күйіс — әдебиет дамуындағы табиғи процесс. Әдебиеттің үш текті жанрларға жіктелуі күллі көркемсөз дүниесіне қатысты заңдылық. Міне, осы ортақ заңдылықтан фольклор, дара ақындық ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті саларын бір-біріне қарсы қоймай, араларына өтпес ор қазбай, қайта оларды бір-бірімен тығыз байланыста тұтас өнер жұйесі ретінде қарап зерттеу қажеттігі туындайды.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет