4. Шағым бойынша қабылданған шешімді орындау сатысы. Бұл кезеңнің мәні шешім қабылдаған орган (лауазымды тұлға) іс бойынша шешімнің уақтылы және дұрыс орындалуын қамтамасыз етуге міндетті. Атқарушы билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдары немесе лауазымды адам шағымды қарай отырып, азаматтың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге немесе қорғауға бағытталған түбегейлі шараларды қолдануға міндетті.
Шағым бойынша Қаулыны мемлекеттік биліктің барлық органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, лауазымды адамдар, азаматтар мен олардың бірлестіктері, заңды тұлғалар орындауға міндетті. Заңда белгіленген жағдайларда шағым бойынша қабылданған шешімнің орындалуын құзыретті органдар және мемлекеттік мәжбүрлеу құралдары қамтамасыз етеді.
Осылайша, ҚР Президенті жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл сияқты ҚР-дағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл шағым бойынша қабылдаған шешімнің орындалуы іс жүзінде өтініш беруші ұсынған материалдарды сотта немесе мәні бойынша шешім қабылдауға уәкілетті өзге органдарда одан әрі қарауды көздейді.
Тақырып 10. Әкімшілік сот ісін жүргізу Әкімшілік істер бойынша сот талқылауының жалпы бастаулары
Әкімшілік іс – әкімшілік рәсімді жүзеге асыру барысы мен нәтижелерін және (немесе) сотта жария-құқықтық даудың қаралуын тіркеп-бекітетін материалдар.
Әкімшілік істердің соттылығы Әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырады.
Әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар соттардың соттылығына жатады.
Нұр-Сұлтан қаласының соты бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша әкімшілік органдардың, лауазымды адамдардың әкімшілік актілеріне, әкімшілік әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау жөніндегі Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 27-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген инвесторлардың талап қоюларын қарайды.
Облыстық және оларға теңестірілген соттар әкімшілік істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), Орталық референдум комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істерді қарайды.
Әкімшілік істер бойынша сот актілері кассациялық тәртіппен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында қаралуға жатады.
Әкімшілік істер әкімшілік актінің шығарылған орны бойынша немесе жауапкердің орналасқан жері бойынша қаралуға жатады.
Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде шығарылған әкімшілік акт Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралуға жатады.
Электрондық құжат нысанында шығарылған әкімшілік акт талап қоюшының тұрғылықты (орналасқан) жері бойынша қаралады.
Әкімшілік органға оның аумақтық бөлімшесінің, филиалының, өкілдігінің қызметінен туындайтын талап қою аумақтық бөлімшенің, филиалдың, өкілдіктің орналасқан жері бойынша беріледі.