1. Екпіннің анықтамасы. Түрлері 2. Қазақ тіліндегі екпіннің табиғаты туралы пікірлер 3. Негізгі екпін мен көмекші екпін туралы 4. Орыс тілінен енген сөздердегі екпін түсу ерекшелігі
Мақсаты: Жалпы тілдегі екпін мәселесіне талдау жасай отырып, қазақ тіліндегі екпіннің ерекшелігін анықтау.
Екпіннің анықтамасы. Түрлері Қазақ (түркі) тілінің екпін мәселесін сөз еткенде ғалымдардың қай-қайсысы да сөздердің буын жігіндегі дыбыстардың фонетикалық құбылысына тоқталмай өтпейді. Екпін дегеніміздің өзі «сөз ішіндегі арнаулы бір буынның оқшауланып күшті айтылуы (І.Кеңесбаев 289 бет). Мұның өзі сөз, сөйлем арқылы берілетін мазмұнды өзгертуге өзіндік үлесі бар құбылыс. Оның деңгейі әр тілдің табиғатына орай түрліше. І.Кеңесбаев, К.Аханов 3 түрлі екпіннің бар екенін көрсетеді:
1.Фонациялық ауаның қарқынымен байланысты. Мұны лебізді (динамикалық) екпін дейміз.
2.Дауыс ырғағымен (дауыс тонымен) байланысты екпін, мұны үнді (музыкалық немесе тоникалық) екпін дейміз.
3.Басқа буындардың ішінен бір буын өзінің құрамындағы дауыстының созылыңқы айтылуы арқылы ажыратылады. Бұл-квантативті екпін (латынша «сан, мөлшер») деп аталады. Қазақ тілі дауыстылары созылыңқылығының фонематикалық мәні жоқ. Сондықтан екпін түскен дауысты аздап та болса квантативті түрде айтылады: лебізді екпін негізгі болады да, квантатив соған қосымша болады, өйткені лебізді екпінге ие болған дауысты дыбыс екпін түспеген дауысты дыбыстарға қарағанда сәл созылыңқы айтылады.
Түркі, оның ішіндегі қазақ тіліндегі екпін жайлы сөз еткенде қазақ тіліндегі екпін-лебізді, оның ішінде мағына емес, сөз айқындаушы лебізді екпін деп аталып та, жазылып та жүр. Қазақ екпіні жөніндегі тың пікірлер де жоқ емес. Соның бірі - Ж.Аралбаев екпінді сөз ету барысында сөздің айтылу ритмикасы мен мелодия, интонациясын айрықша бөліп көрсетеді( Л.В.Щерба интонация орнына мелодия терминін қолданған). Мелодия – бүтін проза не сөйлем көлеміндегі дауыстың музыкалық қозғалысын қарастырса, ритмика – екпін мен паузаны қарастырады. Екпін мен пауза бүтін мелодия ішіндегі елеулі интонациялық белестер. Қазақ тілі сөз ағымының фонетикалық мүшеленуі – осы екпін мен паузаға, сондай-ақ мелодияға тәуелді болады.
Қазіргі сөздік екпіннің фонациясы жағынан тілдердің 3 тобын көрсетуге болады: 1) Бір топ тілдерде екпін сөздің мағынасы мен морфологиялық тұлғасын айқындап тұрады. Мыс: орыс тіліндегі мука-мука, замок-замок, парить-парить сөздеріндегі екпін сөздің мағынасы мен морфологиялық тұлғасын айқындап, фонематикалық қызмет атқарып тұр. Мұндай тілдерде екпіннің орны тұрақсыз – сөздің барлық шенінде келе береді. Екпін орнының тұрақсыздығы - оның фонематикалық қызметіне байланысты.
2.Енді бір топ тілдерде екпін сөз бөлшектерін жинап, оны бір бүтін етіп, сөз бен
сөздің шегін бөліп, жігін ажыратудың құралы болады. Мұндай тілдерде екпін орны тиянақты: поляк тілі ( екпін сөздің соңғыдан алдыңғы буынға түседі), монғол тілі (екпін сөздің бірінші буынында), армян тілі (екпін сөз аяғында), фин-угор тілдері (бас буынында), түркі тілдері (көбіне сөз аяғында).
3. Енді бір топ тілдерде сөз екпіні болмай, фразалық екпін ғана болады. Мұндай
тілдерде екпін мағыналық бірлікке енген бір сөз тобын осындай екінші бір сөз тобынан бөліп отырады. Мұндай екпінді тілдерге француз т.б. тілдер жатады. Бұл жерде екпіннің 3 түрлі функциясы көрінеді. Енді екпінді буынның өзге буыннан ерекше айтылуы- тілдерде 3 түрлі амалмен айырылады:
1-ден сөздегі бір буын өзге буындардан гөрі едәуір күшпен айтылады.
2-ден сөздегі бір буын өзге буындардан гөрі көтеріңкі тонмен ерекшеленеді.
Мұны фонетикада музыкалық немесе тоникалық екпін дейді. Музыкалық екпінді тілдерге серб, хорват, швед, қытай, латыш, япон т.б. тілдер жатады.
3-ден сөздегі бір буын өзге буындардан дауысты дыбыстың созылыңқы айтылуына, санына қарай өзгешеленеді. Екпіннің осы түрін фонетикада квантативті екпін деп атайды. Екпіннің сапасы дауысты дыбыстардың санына байланысты болады. Дегенмен квантативті екпін алғашқы көрсетілген екпіндердің біреуімен байланыста келеді. Қазақ тілі екпіні фонологиялық жағынан негізінде, екінші топтағы тілдерге енеді, сөз бен сөздің жігін ажыратады, сөз айқындайды.Кейде синтаксистік бірліктегі бір сөз тобы мен екінші сөз тобының жігін де ажыратып тұрады. Оның үстіне екпін тілдегі аглютинативтік элементтерді тарқатпай, матастырып ұстау үшін қызмет етеді.
Сонымен фонология жағынан қазақ тілі екпіні сөз айқындаушы, орыс тілі екпіні мағына айқындаушы. Себебі қазақ тілі екпіні тиянақты, орыс тілі екпіні тиянақсыз. Бұл олардың бірінің аглютинативті, екіншісінің флективті табиғатына байланысты.
Қазақ тілі екпіні –динамикалық: сөздегі бір буын өзге буындардан күштірек айтылады. Бірақ буынның күштірек айтылуы- фонациялық ауаның шығуына байланысты емес. Сондықтан фонетика ғылыми динамикалық екпінді-экспираторлық екпін деп атауды теріс деп санайды. Қазақ тілі мен орыс тілі екпіндегі фонология жағынан екі түрлі болғанымен фонетикалық ерекшелігі бойынша екеуі де динамикалық екпінге жатады. Бірақ екпінді буындағы фонациялық ауа күші екеуінде бірдей емес, екі түрлі модификацияда.