Қазақ тіліндегі екпіннің табиғаты туралы пікірлер XX ғасырдың басына дейін түркологияда түркі тілдерінде екпін үнемі сөздің соңғы буынында ғана болады деген пікір үстем болып келді. Мәселен, Н.Ф.Катанов урянхай тілінің екпіні жөнінде айта келе, «Урянхай тілінде, сондай-ақ басқа түркі тілдерінде екпін сөздің үнемі соңғы буынында болады» деген қағиданы уағыздады. Н.Ф.Катановтың мұнан жарты ғасыр бұрын айтылған қағидасын тіліміздің бергі даму процесін еске алмай, қазіргі қазақ тіліне дәл енгізетін болсақ, онда біз қазақ тілінің дамуын оның ішіндегі акцентуациясын елемеушілік келіп шығар еді. Қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген атом, атлас, ария, армия, физика т.б.(екпін сөздің бас буынында), академика, акустика, анархия, анкета, антенна т.б. сөздер(екпін сөздің орта буынында) сияқты сөздердің акцентуация нормасы үйлес келмейтіндігін көруге болады. Қазақ тілінде екпіннің кейде сөздердің соңғы буынында болмауы, 1-ден акцентуация нормасы өзгеше болған жаңа лексикалық пластымызға байланысты, 2-ден кейбір екпін алмайтын морфемаларға, 3-ден екпіннің ең соңғы буыннан бас буындарға көшуі түрлі эмоциялық оттеноктерді білдіретін сөздерге байланысты.
Түркі тілдерінде дауыс екпіні тек лебізбен ғана байланысты деген бұрынғы тюркологтардың (Н.М.Ильминский, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, Н.Ф.Катанов) кейінгі еңбектері (Н.Дмитриев, И.А.Батманов) ,сондай-ақ монғол тілі жөнінде жазылған Б.Я.Владимирцовтың еңбегі дұрыс деп таппайды.
Б.Я.Владимирцов монғол тілі мен түркі тілдерінің материалдарын салыстыра келе, түркі тілдерінің ең ескі даму кезеңінде қазіргі монғол тілдеріндегі сиқты екпін сөздің соңғы буынында болмай, бас буынында бодғанын айтады. Ғалымның айтуынша түркі тілдеріндегі көп буынды сөздердегі көмекші екпін әрі динамикалық, әрі музыкалық болып келуі, мәнерлі( эмфазистік) сөйлемдерде екпіннің орын алмасуы , дауысты дыбыстардың гармониясы-мұның бәрі тіліміздегі екпіннің бір кезде сөздің алғашқы буынында болғанына шек келтірмесе керек.
Қазіргі қазақ тіліндегі түбір дауыстылары аффикс дауыстыларын өзіне үндестіреді. Осыған қарап тарихи жағынан алғанда қазіргі көбіне формантта келетін негізгі күшті екпін тіліміздің ерте бір даму кезеңінде сөздердің бас буынында болуы мүмкін. Негізгі күшті екпіннің түбірден- бас буыннан аффикстерге сөздің соңғы буынына ауысуы аглютинативтік элементтердің туылуына жалпы аглютинативтік құрылысқа байланысты жасалған тіліміздің соңғы бір тарихи кезеңіндегі жемісі болуы керек. Екіншіден, қазіргі қазақ тіліндегі түбір сөздердің екінші бітеу буындағы қысаң дауысты тәуелдік аффиксі жалғануымен нөлге айналады –редукцияланады: орын-орны, қарын-қарны, мұрын-мұрны, т.б. Бұндай құбылыс екпіннің соңғы буынға көшуінің ізі болса керек. Қазақ тіліндегі көтеріңкі айтылатын сөздерде (жолдастар, студенттер) негізгі екпіннің соңғы буыннан бас буынға көшуі де екпіннің бір кезде бас буында болғанын көрсетеді. Қазіргі қазақ тілінде кейбір сөздердегі екпін бас буыннан байқалады: қайсы, қайдан, қайда, нешінші т.б. Әсіресе, мұндай жағдайда қазақ тілімен типологиясы бір, акцентуациясы жағынан жақын ұйғыр тілінен байқауға болады. Тіліміздегі кейбір аффикстер екпінге ие емес. Олардың басты түрлері мыналар: