Организмдегі заттек және энергия алмасуы



бет1/5
Дата10.02.2023
өлшемі30,06 Kb.
#66785
  1   2   3   4   5
Байланысты:
№2


ОРГАНИЗМДЕГІ ЗАТТЕК ЖӘНЕ ЭНЕРГИЯ АЛМАСУЫ

Тiрi организмнiң тiршiлiгi тұрақты түрде, белгiлi мөлшерде тамақтың түсiп отыруымен қамтамасыз етiледi. Тамақпен түскен тағами компоненттердiң ыдырауы, энергия түрiнде сақталуы және олардан қарапайым, күрделi жаңа құрылымдар түзiлуiнiң белгiлi механизмдерi бар. Бұл үрдіс заттек алмасу не метаболизм деп аталып, оның түйiнi- катализдеушi ферменттердiң заттек пен энергияны айналымға түсiру реакциясы болып табылады. Заттек алмасу арқылы организмнiң су алмасуы, минералдық алмасуы, пластикалық алмасуы реттеледi.


Кезектiлiкпен жүретiн ферменттiк реакциялар барысында бiр реакцияның ақырғы өнiмi келесi реакцияға субстрат болып отырады. Ал аралық өнiмдердi метаболиттер дейдi.
Метаболизм бiр-бiрiне қарама-қарсы және біруақытта өтетін катаболизм (диссимиляция) және анаболизм (ассимиляция) үрдістерiнен тұрады.
Катаболизм үрдісінде тағамдық молекулалар - күрделiден қарапайым компоненттерге дейiн ыдырап, организмнiң өзiнiң меншiктi молекулаларының түзiлуiне iргетастық түрiнде қызмет атқарып, ыдырауға байланысты олардың тотығуы мен ыдырау өнiмдерiнiң организмнен шығу реакцияларынан тұрады. Осы үрдіс барысында күрделi химиялық байланыстардың үзiлуiнен бос энергия бөлiнiп отырады.
Анаболизм қарапайым заттардан күрделi молекулалардың түзiлуiне әкелетiн биосинтетикалық үрдістен тұрады. Мұнда организмнiң тiршiлiгiне қажеттi заттардың түзiлуi, өсiп-дамуына жұмсалуын реттейтiн реакцияларды қамтиды. Катаболикалық және анаболикалық үрдістердiң қосарланып өтуi ағзалардың әрдайым жаңарып, жасуша мен тiн деңгейiнде ыдырау мен синтез үрдістерiнiң ұдайы алмасып отыруымен сипатталады.
Заттек және энергия алмасуы организмнiң қажеттiлiгi мен жасалатын түрлi жағдайға сәйкес өзгерiстерге ұшырап отырады. Ассимиляция мен диссимиляция үрдісінің организмге қажеттi қарқындылығы реттелу механизмiнiң күрделi жүйесiмен қадағаланады. Тiндегi заттек алмасу жасуша мен молекулалық деңгейде өздiгiнен реттелсе, ал тұтас организмнiң заттек алмасуы нервтiк және гуморальдық реттелумен жүзеге асады. Заттек алмасудың реттелуiне көптеген гормондар ат салысады. Соның iшiнде нәруыздың алмасуын қалқанша безiнiң гормоны-тироксин, көмiрсу алмасуын бүйрек үстi безiнiң гормоны-адреналин, ұйқы безiнiң гормоны-инсулин реттейдi. Ал май алмасуын реттеуге қалқанша, ұйқы безi, бүйрек үстi безi, гипофиз гормондарының бәрi қатысады. Осы гормондардың түзiлуiнiң күшеюi мен тежелуi жүйке жүйесiнiң, әсiресе вегетативтiк жүйке жүйесiне тәуелдi.
Заттек алмасудың химиялық реакцияларының жылдамдығы, реттiлiгi ферменттiк және реттелу жүйелерiнiң қызметiне байланысты. Сонымен қатар үрдіс қарқындылығы түрлi жас кезеңдерiне байланысты өзгеруi мүмкiн. Қалыпты жағдайда ересек адамда ассимиляция мен диссимиляция үрдістері заттек алмасу тепе-теңдiгiне сай жүредi. Ал кейде ассимиляциядан диссимиляция процесi басым болуы мүмкiн. Өсiп-даму үрдістері тоқтамаған жастарда, мысалы 25-ке дейiн организмнiң синтетикалық мұқтаждығын пластикалық материал болатын нәруыздық бағдарлама негiзiнде қамтамасыз ету мақсатында ассимиляция диссимиляциядан басым болады. Өсiп-даму тоқтаған шақта (40 жастар шамасында) белоктық бағдарлама нейтралды майлар түзiлетiн майлы бағдарламаға ауысады. Заттек алмасу бағдарламасы 60 жастан асқасын жас ерекшелiгiне қарай ассимиляция үрдістері қарқынының әлсiреп, диссимиляцияның күшеюiмен сипатталады. Өйткенi жас ұлғайған сайын организмнiң функционалдық мүмкiндiгi бәсеңдейдi. Заттек алмасу барысындағы өзгерiстер әр организмде әртүрлi деңгейде, индивидуальды ерекшелiктерiне қарай әрқалай болуы мүмкiн.
Заттек алмасудың бұзылыстары эндогендi және экзогендi факторлардың әсерiнен туындайды. Олар кейбiр заттектердiң жеткiлiксiз сiңiрiлуiнен, артық жиналуынан, аралық өнiмдердiң толық ыдырамай организмде жиналып қалуы, қалыпты алмасуға тән емес заттардың түзiлуiнен болады. Заттек алмасу бұзылыстары жүйке жүйесiнiң трофикалық не реттелу қызметтерiндегi ауытқулардан, оны бақылайтын эндокриндiк жүйелер қызметiне байланысты. Сонымен қатар, тамақтанудың сапалық және сандық өзгерiстерi де әсерiн тигiзбей қоймайды. Мұндай жағдайға алиментарлық дистрофия, алиментарлық маразм, семiздiк сияқты аурулар мысал бола алады.
Қорыта айтқанда, заттек және энергия алмасуы организмнiң қажеттiлiгiне сай тағамдық заттектердi орнымен қолданып, пластикалық пен энергетикалық мұқтаждығын қанағаттандыратын, биохимиялық және энергетикалық үрдістердiң жиынтығын құрайды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет