96. Лирикалық өлеңдегі тармақ,шумақ,бунақ,өлең Тармақ – қазақ поэзиясында өлең ырғағының негізгі бөлшегі, буын саны тұрақты келетін өлең жолы болып табылады.
Шумақ – өлең сөзде бірнеше тармақтың белгілі ретпен топтасуы. Өлең-жырларда бір шумақ екі жолдан, яғни тармақтан басталады. Мағынасы, ішкі құрылысы жағынан жекеленген екі тармақ (екі жол өлең) шумақтың қарапайым, ықшам түрі. Шумақ - мақал-мәтел, нақыл сөздерде мол қолданылады. Шумақтың көлемді өлең-жырларда ең көп кездесетіні төрт тармақты болады. Поэзияда алты, сегіз тармақты шумақтар қолданыла береді.
Бунақ – өлең тармағының (жолының) ырғақтық құрылысы жағынан жекеленген бір бөлшегін құрайтын буындар тобы; сөз өлшемі, ырғақтық пауза. Өлеңнің әр тармағы екі, үш, төрт буынды бунақтарға бөлінеді.
Буын – өлең буынының ырғақтық құрылысы жағынан жекелеген бір бөлшегін құрайды. Өлеңдегі сөз өлшемінің ырғаққа бөлініп айтылуына негізделеді. Өлеңнің әр жолы екі, үш, төрт буынға бөлінеді.
Буын: Жел-сіз түн-де жа-рық ай (7). Бунақ: Желсіз түнде / жарық ай (2). Тармақ: Желсіз түнде жарық ай (1).
Шумақ: Желсіз түнде жарық ай, (а) Сәулесі суда дірілдеп. (б) Ауылдың шеті терең сай, (а) Тасыған өзен гүрілдеп. (б)
Мысалға алып отырған Абайдың бұл өлеңі – абаб (шалыс) ұйқасты, 7-8 буынды, 2 бунақты, шумағы 4 тармақтан тұратын өлең.
Сырт көзге поэзиялық шығарманың сырт пішінінің өзі прозалық шығармадан өзгеше, бөлек: әр тақта – шумақ, әр шумақтың әр жолы – тармақ, әр тармақтағы дауыс толқынының соқпа-соқпасы – бунақ. Мұның бәрі шартты нәрсе, өйткені тақтасыз да тұтаса беретін өлеңдерде шумақтардың жік-жігін ажыратуға әбден болады. Өйткені әр шумақ – аяқталған синтаксистік ой, жинақталған синтетикалық шындық. Ал шумақ бар жерде тармақ, тармақ бар жерде бунақ болатыны сөзсіз. Әр бунақты біз тағы да тек ырғақ арқылы ғана ажырата аламыз.
97. Тарихи өлеңдердің тарихи жырлармен сабақтастығы Тарихи өлеңдердің ерте дәуірден бізге жеткені ел-жұртпен қоштасу, атамекенді жоқтау, халықтың көсемдері мен батырларын мадақтау түрінде кездеседі. Қазақ халқына байланысты туған тарихи өлеңдер Қазақ хандығының кезеңінен басталады. Тәуелсіздік жолындағы күрес ісі шын мәнінде тарихи өлеңдерден бастау алады. Тарихи өлеңдердің негізгі арқауы ел мен жердің азаттығы, халықтың арманы мен мұраты болып отырады.
Тарихи жырда ерлік мәселесі кең көлемде алынып, азаттық жолындағы қаһарманның бейнесі сомдалады.
Тарихи өлеңде жалпы халықтың мұң-зары, қайғы-қасіреті, салт-дәстүрі, заман тудырған аласапыран оқиға негізінде бейнеленеді.
Тарихи жыр мен тарихи өлеңнің басты айырмашылығы осыдан көрінеді. Тарихи өлеңді айтушылар оқиғаны көзбен көріп, көңілмен сезген сөз сүлейлері болған. Тарихи өлеңдер лирикалық өлеңге жатпайды. Себебі тарихи өлеңдер қоғам өмірінің әр кезеңінде жедел туып, халықтың мақсат-мүддесіне сай қызмет етіп, тарихи оқиғаны дәлме-дәл беруі жағынан эпикалық түрге жатады.