113.Эпикалық дәстүрдегі тарихи жырлар.
Қазақ халқының эпикалық дәстүрі бір ғасырға жуық зерттеліп келеді. Бұл тақырыптың төңірегінде қалам тартып, ой сабақтамаған зерттеушілер кемде-кем. Солай да болса эпикалық дәстүрдің танымдық табиғаты жете ескерілмей, көбіне поэзиялық құбылыс қатарында қарастырылып жүргені жасырын емес. Эпикалық дәстүр – халқымыздың сан ғасырларды қамтыған көркем шығармашылығы. Оны зерттеуге фольклортанушы, әдебиетші, тарихшы, музыкатанушы мамандар қатар араласып келеді. Бірақ эпикалық дәстүрді өзінің синкреттік тұтастығында алып, поэзиялық, музыкалық және этнографиялық құбылыс аясында қарастырған зерттеулер бізде көп емес. Әр бағыт өзінше қарастырылып, олардың ғылыми нәтижелері синергетикалық тұтастыққа ұласа қоймады. Эпикалық дәстүр аясында жеткен халық мұрасының үлкен бір арнасы – эпостық жырлар. Эпикалық дәстүр шеңберінде өмір сүріп, сол дәстүр қамтыған қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді қамтыған эпостық жырлардың танымдық табиғатын саралау – бүгінгі фольклортану ғылымының басты міндеттерінен саналады Соңғы жылдары әлемдік баспасөз қазақ эпосының танымдық мүмкіндіктері туралы өзге еңбектер де жарық көріп келеді. Олардың бірінде эпос – этникалық дереккөз ретінде бағаланса екіншісінде осы мәселенің әдіснамалық арналары қарастырылған.Осы еңбектердің мазмұнына назар салар болсақ, фольклор – сөз өнері деген ұстанымның ескіргендігі байқала береді. Қазірде кеңес дәуірінің бұл анықтамасы эпос – ел естілігі, этнос тарихының көмескі беттеріне сәуле түсіретін қосалқы дереккөз деген бағытқа ұласып отыр. Эпикалық дәстүр аясында өмір сүретін эпостық жырлардың синкреттік сипатын ескермей, бір ғана көркем шығарма, әдеби мәтін шетенінде сөз етудің сыңаржақтығы болды. А.А.Потебняның халық поэзиясы шығарма емес, әрекет, ән емес, ән салу деген пікірі де осыдан алыс емес. Эпикалық дәстүр аясында жеткен эпостық жырлардың барлығы дерлік музыкалық речитативтік мақаммен орындалған. Оларды поэзиялық туынды, жазба мәтін ретінде зерделеу бергі жерде қалыптасқан үрдіс. Оның мәнісі – поэзия мен музыканың синкреттік бірлігіне құрылған эпостық жырларды бөлшектеп, бір ғана әдеби-фольклорлық мәтін ретінде қарастыру.
Достарыңызбен бөлісу: |