122. Дулат Бабатайұлының «Еспембет» дастанының фольклорлық сипаты.Дулат шығармасынан елеулі орын алатын «Еспембет» атты толғау. Бұл өзінің көлемі, құрылысы жағынан халық жырлары үлгісіндегі ерлік дастан тәрізді. Ақын бұл шығармасында да жетім бала тағдырын сөз қылады. Дастан халық аузында жүрген Еспембет батыр туралы аңыз сюжеті бойынша жазылған.Дастанның негізгі қаһарманы – жетім бала, Еспембет. Ол өз елінен жырақта, нағашы жұрты Қарасайдың қолында жылқы бағып жүреді. Ер жете келе Қарасай елінде, тамағы тойған жерінде жата беруді ар санап, жас жігіт өзі туған Арқаға кері оралмақ болады. Қарасай оның басына үй, алдына мал салып, қалыңдық әперіп, ырғап-жырғап аттандыруды ойлайды. Бірақ Еспембет оны қостамайды, Қарасай ұсынған дүние-мүліктің бәрін де алмай, тек жалғыз Ақбөрте деген тайды қалайды. Ақыры сол таймен елге оралады. Ел-жұрты әуелі баланы елемей, жалғыз ғана тай мінгізіп қайтарғаны не қылғаны деп Қарасай байды да кінәлай өсекке таңады. Бірақ Еспембет оның бәріне де мән бермейді. Ақбөртені баптап бағумен болады. Ақбөрте жақсы ат боп өседі. Еліндегі Сәтімқұл бидің ас берген тойында Ақбөрте бәйгеден жалғыз келеді. Бас бәйгеге келген жүз тайлақты Еспембет түгелімен бес арыс Сыбанға бөліп береді.Дулат осы Еспембет ерлігін кейінгілерге үлгі етеді. Аталмыш дастан өзінің құрылысы жағынан да ерекшеленеді. Оқиғаның желісі жинақты, мазмұны тартымды. Дастанда Еспембет бас кейіпкер ретінде, ерлік қимылдар үстінде танылады. Дулаттың «Еспембет» дастаны - өз кезіндегі әдебиетте елеулі орны бар, батырлар жыры үлгісіндегі патриоттық мәні зор шығарма.