129.Салт айтысы мен қазіргі айтыс
Салт айтысы — айтыстың ежелгі түрі. Салт айтысы халықтың әдет-ғұрпы мен сенім-нанымына, күн көріс кәсібіне байланысты қалыптасқан. Салт айтысы белгілі бір әдет-ғұрып негізінде топпен орындалатындықтан, өлең мәтіні жұрттың бәрі жатқа білетіндей жеңіл, аса қарапайым болып көбіне тұрақты қайталаулар негізінде айтылады (“Алып келген базардан қара насыр”, “Қызыл қыршын, замандас, қызыл қыршын”, т.б.). Бәдік пен жар-жар өлеңдері бертін келе өз жанынан өлең шығаратын өнерпаздардың жеке дара айтысына, әзіл қағысуына жол салды. Мұның ең көп тараған түрі — қыз бен жігіт айтысы, ол ұзату тойы мен сан түрлі бас қосу, ойын-сауық үстінде жастардың сыпайы әзіл-қалжыңына құрылып, дәстүрлі бір-бір ауыз өлеңмен қысқа қайырылып отырады.
Жалпы айтқанда, көне айтыс пен бүгінгі айтысты салыстыруда дәстүрге де, жаңашылдыққа да көзіміз шалады. Бұрынғы айтыс көбіне салт-дәстүрдің немесе діни нанымның шеңберінде шектеліп, ақындардың қарапайым сөз қағыстыруы сирек байқалса, қазіргі айтыстардың барлық дені екі ақынның қоғамды, заманды, бүгінгі уақыт пен бұрынғы уақыттың айырмашылықтарын жіктеп, сынаудан болады. Сонымен бірге бұрынғы айтыстар өлең құрылысы жағынан 1-2 шумақты келсе, қазіргі айтыстар шумақ емес, тіпті бірнеше түйдек арқылы жалғасып тауып, дами береді. Қазіргі сахналық айтыстарда көбіне ақындар бірнеше ойын жинақтап, өзінің уақыты келгенде айтады, яғни белгілі бір регламентке бағынады. Бұрынғы айтыстарда ақындар керісінше ой регламентіне, әркімнің сөз қауқарына сүйенген. Сонымен бірге бұрынғы айтыстарда талқыланатын мәселе жалпы тұрмыстық сауалдардан туындаса, қазіргі айтыстарға кесек тақырыптар, ұлт болашағына әсерін тигізетін ірі проблемалар арқау болады.
Достарыңызбен бөлісу: |