99. «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу»,«Айман-Шолпан»,«Қыз Жібек»лиро-эпостық жырлары
Лиро-эпос жырларының ішінде тақырыбы, оқиғасы, құры-лысы жағынан ерекше орын алатыны және халық арасына көп тарағаны — «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жайындағы жыр. Бұл жыр бір-біріне ғашық болған екі жастың өкілдерін ғана баяндаған дастан емес. Ол сонымен қатар, қоғамдық мәні бар әңгімелерді қамтыған, халықтың өткендегі тұрмыс-салтын суреттеген жыр.
Мұхтар Әуезов пен Ысқақ Дүйсенбаев зерттеулерінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры ХV-ХVІ ғасырлар шамасында шыққандығын айтады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры негізінде халықтық жыр. Сюжет құрылысы, оқиғаны дамытуы жағынан болсын, көркемдік-шеберлігі, образ жасау жағынан болсын, бұл — күрделі шығарма, Мұнда да жырдың басты тақырыбы — ескі әдет-ғұрып, тұрмыс-салттан алынады. Жырда жастарды үйлендіру салтын, жырдың басты тақырыбы етеді. Қарабай мен Сарыбай төс түйісіп құда болысады, енді туылатын балаларын атастырып қояды.Адам образдарын айқын етіп жасауы жағынан, өзі тектес басқа жырлардан әрі күрделі, әрі көркем екендігін байқататын жауыздық пен әділет дүниесінің тартысын суреттеген “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” қазақ халқының ертеден келе жатқан көркем шығармасы болып табылады.
«Айман-Шолпан» — лиро-эпостық жыр. Алғаш жазып алып, баспаға ұсынған – Жүсіпбек Шайхысыламұлы. 1896, 1898, 1901, 1906, 1910, 1913 жылдары Қазан баспасынан жеке кітап болып басылып шықты. Төңкерістен кейін де бірнеше қайтара басылды (1939, 1957).Жырдың оқиғасы, негізінен, 19 ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ елінің әлеуметтік-қоғамдық тіршілігін, тұрмыс-салтын қамтиды. Кейіпкерлердің ішінде тарихта болған адамдардың есімдері кездеседі (Көтібар, Арыстан, Есет, т.б.). Жырдың негізгі оқиғасы тама руының байы Маман мен шекті Көтібар батыр арасындағы өзара күресі. Жырда жеке бас бостандығы көтеріледі. Айман тек жеке басының азаттығын көксеген қыз емес, ел тыныштығын, қауым ынтымағын ойлаған ақылды да айлалы, өжет мінезді адам ретінде көрінеді. Жырда Көтібар бейнесі де шебер берілген. Бұрынғы батырлықтың азып, ел ішіндегі ұсақ-түйек тентектікке айналғаны осы бейне арқылы көрсетіледі.
Құрылысы, бейнелер жасау әдісі, тіл ерекшеліктері жырдың ескі поэтикалық дәстүрде туғанын көрсетеді. Ежелгі жыр, айтыс үлгілері кеңінен пайдаланылады. Эпикалық ұзақ дастандардағыдай, оқиғалар арасын қарасөзбен жалғап отыру үрдісі, жазба әдебиет дәстүріне тән белгілер де кездеседі.
Қыз Жібек» жыры біртұтас көркем туынды. ХVІ-ХVІІІ ғасырларда қазақ қоғамында жеке бастың бостандығы, махаббат еркіндігі туралы мәселе мұндай деңгейде ашық айтыла бермейтін, рулық заманның неке мен отбасына қатысты қалыңмал сияқты салттары айтылған. Солай бола тұрса да, «Қыз Жібек» жырының лиро-эпостық жырының халықтық сипаты мен шығуы сол дәуірдің өзінде-ақ халықтың эстетикалық пайым түсінігінде белгілі бір оқиғаға байланысты жазылғанын айғақтайды.
Жібектің образы эпоста идеалды болып суреттеледі, оның бойында қазақ әйелінің ең асыл қасиеттері жинақталған. Жырда ол екі бейнеде көрінеді: сұлу қыз және адал әйел. Жырдың алғашқы бөлімінің біраз жері – сол сұлу қызға арналған. Оның сұлулығы алыс жерлерге жетеді, Төлеген де, қалмақ ханы Қорен де ару қыздың даңқын естіп келеді.
Бізге жеткен «Қыз Жібек» жыры – таза сөз өнерінің дүниесі, сондықтан ол көркем шығарма деп түсініледі. Олай болса, мұнда жүйелі композиция, қызғылықты сюжет, бітіспейтін тартыс, кестелі тіл, яғни көркем шығармада болуға тиіс көркемділік жырда айтарлықтай көрініс тапқан. Лиро-эпостық жырда көпқатпарлы ісәрекет жоқ, шытырман оқиға баяндалмайды, тек қана кейіпкерлердің мінез-құлқы, ой-танымы, психологиясы, характері айқын баяндалған. Дей тұрғанмен, «Қыз Жібек» жырында басты қаһармандармен қатар басқа да кейіпкерлер оқиғаларға араласып, шығарманы мазмұн жағынан байыта түскен. Олар екі топқа бөлінеді. Бірі – бас қаһармандардың жанашыр достары болса, екіншісі – олардың қарсыластары.
Достарыңызбен бөлісу: |