Сияқты (секілді, тәрізді, сынды) септеуліктері есімше етістіктер мен етістікті сөз тіркестеріне тіркесіп келгенде, сын есімдер мен адъективтенген сөздерге (сөз тіркестеріне) тіркесіп келгенде, сөз бен сөзді байланыстыру қызметінен айырылып, субъективті модаль мағынасына, сөйлеушінің көзқарасына қатысты жорамалдау, бағалау мағыналарына ие болады. Жағдайы жақсы сияқты, Мұрат іссапардан келген сияқты, т.б. Туралы (жайлы, жөнінде, турасында, жайында, хақында)септеулігі зат есімге, заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне зат қимылдың тақырып-объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, Ол сап алдында сынаудың қорытындысы жайлы қысқаша талдау жасады. ... Артель туралы бірсыпыра нәрсені біліп алдым. Арқылы септеулігі зат есімге, заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне зат қимылдың құрал-объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, көпір арқылы өту, телефон арқылы сөйлесу, т.б.. Шамалы (қаралы, шақты)септеулігі сан есімдерге тіркесіп, оған болжалдық мағына жамайды. Бұл мағынаның сөз бен сөзді байланыстыруға еш қатысы жоқ. Сондықтан септеу категориясының парадигмасына жатпайды, сондықтан бұл қатардағы сөздерді демеулік шылауға жатқызу орынды.
Дейін (шейін), қарай, таман, жақын (жуық, таяу, тарта, салым)септеуліктері қазір септеулік шылау қатарына өткен сөздер болғанмен, ертеде барыс септігіндегі сөзді меңгерген толық мағыналы есім немесе етістік болғаны даусыз. Қазір бұлар барыс септігіндегі сөзге тіркесіп келгенмен, барыс септігіндегі сөздің үстіне жаңа бір грамматикалық мағына жамамайды, зат есімге барыс септігімен бірігіп, тұтас бір грамматикалық мағына жамайды. Басқаша айтсақ, барыс септігі мен аталған септеуліктер – бір грамматикалық тұлға, оған дәлел – септік жалғауы мен септеулік шылау сөзге әрқайсысы жеке-жеке грамматикалық мағына жамамайды, екеуі қосылып бір ғана грамматикалық мағына жамайды. Бұл – белгілі бір септік жалғауындағы (барыс, шығыс, көмектес септігіндегі) сөздерге тіркескен барлық септеуліктерге тән құбылыс. Барлығында септік жалғаулары бір басқа, септеулік шылаулар бір басқа грамматикалық мағына білдіріп тұрмайды, екеуі бір мағынаға ие болады. Оны осы тұлғалармен байланысқан сөз тіркестеріндегі сөздердің синтаксистік қарым-қатынасынан айқын байқаймыз. Және ол мағыналар септік жалғауларының мағынасымен ұштасып жатады: кейде септік жалғауының мағынасымен мәндес болып келеді, кейде септік жалғауының мағынасынан бастау алып, бірақ оған өзгеше рең беріп тұрады, бір сөзбен айтқанда, септеу категориясының парадигмасынан орын алатын мағына болып табылады. Осы себептен септік жалғауы мен септеулік шылауды етістіктің (қосымша мен көмекші сөзден құралған) аналитикалық форманттары сияқты сөзді түрлендіруші күрделі бір тұлға ретінде қарастырамыз.
-Ге дейін форманты өзі жалғанған зат есімге, заттанған сөздерге, сөз тіркестеріне зат қимылдың бағытының жасалу шегі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, Үйіне дейін екі өкпесін қолына алып, жүгіріп келді. Осы форматмезгіл мәнді зат есімдер мен сөз тіркестеріне қосылғанда, зат есім атаған мезгіл қимылдың уақыттық шегі екенін білдіретін грамматикалық мағынаға ие болады: Астықты жаңбыр басталғанға (басталатын кезге) дейін жинап алу керек. Келер жұмаға дейін жауабын күт. Кейде бұл формантсөзге демеулік шылауға тән күшейте шектеу мағынасын жамайды: Рақымбайға шейін ... есеңгіреп қалған сияқты. -Ге қарай форманты өзі жалғанған сөзге зат қимылдың жалпы бағдары екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, Көш жайлауға қарай бет түзеді.