1979 жылы көктемде КСРО МХК төрағасы Ю.Андропов ұсынысымен КОКП ОК-і Қазақстан аумағында неміс автономиялық облысын құру туралы шешім қабылдады. Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы, Д.Қонаевтың бірінші орынбасары А.Коркин басшылық ететін арнайы комитет құрылып, мынадай шешім шығарды: неміс автономиясының әкімшілік орталығы Ақмола облысындағы Ерейментау қаласы болып қабылданды; автономия құрамына Павлодар, Қарағанды, Көкшетау облыстарының бірнеше аудандары кірді.
1979 жылы 16-19 маусымда Ақмола жастарының наразылығы болды. Демонстрацияға қатысушылар «Қазақстан бөлінбейді», «Неміс автономиясына жол жоқ» транспаранттарын көтерді. «Біз Кремльдің мұндай шешімін айыптаймыз» ұраны айтылды. Облатком төрағасы Жұмахметов пен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Морозов халық алдына шығып, Автономия құрылмайтындығын мәлімдегеннен кейін ғана наразылық білдірушілер тарады. Толқулар легі Атбасарда, Ерейментауда, Көкшетауда болып өтті. Республика басшылығы және МХК бұл шерулер туралы хабардың таралып кетпеуі үшін барлық күш-жігерін жұмсады.
Ақмола оқиғасының нәтижесі: қазақ халқының мүдделерін аяққа басудың көрінісі. Орталықтың ұлтаралық қатынасты жергілікті халықпекн есептеспей, әміршілдік әдіспен реттеуінің мезгілі өткендігінің дәлелі. Кеңестік қоғамның саяси жүйесіне тән белгілер:
Демократияны шектеу;
Еңбекшілерді меншік пен билікке жақындатпау;
Адамның жеке басын аяқасты ету;
Қоғамдық ұйымдардың партиялық-мемлекеттік аппаратпен тұтасуы;
Сөз бен іс арасындағы алшақтық.
Бұл жағдайлар кеңес адамдарының бойында самарқаулық, сенімсіздік, маскүнемдік секілді жағымсыз қылықтар туғызды. Тоқырау кезеңінің идеологиясындағы басты бағыттардың бірі орыстандыру саясаты. Хрущевтік-брежневтік әкімшілік «тарихи жаңа қауымдастық кеңес халқын» жасауды көздеді.