40.«Жас тұлпар» ұйымы
«Жас тұлпар» ұйымы ресми түрде 1963 жылдың қарашасында құрылып, жұмысын бастағанымен, кең көлемдегі белсенділігі 1964-1965 жылдары арта түсті. Екі жылдың ішінде Ресейдің қазақ жастары оқитын қалаларының бәрінде және Рига, Киев, Харьков қалаларында «Жас тұлпардың» бөлімшелері ашылды.
«Жас тұлпар»
«Жас тұлпар» ұйымы үлгісіндегі бірлестіктер студент жастар арасында құрыла бастады. Целиноград дәрігерлік институтының 2-курс студенттері «Оян, қазақ!» атты ұйым құрды. Бірлестікті құрған қазақтың 18 жасар қызы Гүлжан Ғазизқызы Бейбітова еді. Ақмола облысы, Бестөбе кенішіндегі отбасынан шыққан намысты, өр мінезді қыз топтағы құрбыларымен студенттер арасында беделге ие болады. Қазақ және орыс тілдеріндегі «Оян, қазақ!» атты үндеуді бөлмелес құрбысы Сәлима Қасымова екеуі қолдан көшіріп көбейтіп, Целиноград қаласындағы студенттік жатақханаларға таратады.
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы Алаш зиялылары мен кешегі желтоқсан көтерілісшілерінің арасындағы алтын көпірдей болған "Жас тұлпар" сынды ұйымдардың тарихымызда алар орны ерекше.
"Жас тұлпар" өзінің эмблемасын, туын жасады. Жастұлпарлықтардың үш түстен тұратын (қара, қызыл, көк) туына тұлпардың суреті салынған болатын. Осы туды сол тұста Мәскеуде білім алған белгілі қырғыз суретшісі Асаналы Бейшенов салған екен. Идеясы белгілі суретші Бахтияр Тәбиевтікі. Қара түнектен шығып, қызылды аттап, көкке жетеміз деген көкейдегі арманды ту еткен жастар кейіннен Ресейдің басқа қалаларында оқитын қазақ жастарын да осы ұйымға тарта бастады. Алғашында әдеби, мәдени үйірме ретінде жұмысын бастаған бұл ұйым туралы сыбыс Қазақстандағы жастардың құлағына да жете бастады. Егемендікті армандауға да батылы бармаған қазақ жастарында үміт пайда болды.
Жиындарда жастар қазақ ақындарының өлеңдерін оқып, тарих жайлы ой бөлісіп, ұлт мәселесін талқылайтын. "Жас тұлпардан" кейін еліміздің әр қаласында, айталық, Қарағандыда "Жас қазақ", Қостанайда "Жас түлек", Өскеменде "Ұлттық мамандарға әділеттілік тобы", Семейде "Тайшұбар", Павлодарда "Жас ұлан", Алматыда "Сарыарқа", Шымкентте "Адыр қасқырлары" секілді жасырын ұйымдар құрыла бастады.
Жастұлпарлықтар Алаш ақын-жазушыларының еңбектерімен бірге Махамбеттің еңбектеріне үлкен мән беріп, құрметпен қарады. Махамбетті ел атынан сөйлеген ер, азаттықтың жаршысы деп санады, өлеңдерін жаттады. «Исатай-Махамбет» көтерілісін ұлт-азаттық көтеріліс деп үлгі алды. Махамбеттің азаттық ой-танымын танытар жан тебіренісі, бостандықты аңсауы олардың арман-мақсаттарымен ұштасып жатты.
XX ғасырдың 60-шы,70-ші жылдарында қазақ жастарының санасын серпілткен «Жас тұлпар» ұйымы болды. Бұл қозғалыс жастұлпарлықтардың өмір жолы, жастардың Қазақстанның Тәуелсіздігі үшін күресі ғана емес, бұл қазақ қауымының үлкен бір тарихи белесі.
1963 жылдың қараша айында Мәскеу қаласында «Жас тұлпар» ұйымының ресми құрылып, тарих сахнасына шығуы – рухани қажеттіліктен туды. Жастұлпарлықтар Кеңестік өкімет қолданған интернационалистік идеологияның қазақ ұлтының тамырына балта шауып жатқанын жай біліп отыра берген жоқ, оған ұлт құндылықтарын, қазақ өнерін қарсы қоюға ұмтылыс жасады.
Тәуелсіздікті аңсаған тұңғыш жастар қозғалысының көш басында Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжанов, Алтай Қадыржанов,Әнуар Сартбаев,Болат Хисаров,Темірхан Бектібаев, Серік Байкенов, Мақаш Тәтімов, Советқазы Ақатаев, Марат Балтабаев, тағы басқалары болды.
«Жылымық» жылдары құрылған ұйымның биресми сипаты басым, мәдени-ағартушылық бағытты ұстанғандығын осы ұйым мүшелерінің бірі, тарихшы Марат Сенбі былай деп еске алады: «Жас тұлпар» қоғамдық ұйым ретінде тіркелген жоқ. Біздің бас қосып, сұхбаттасатын штабымыз жатақханадағы бөлмелер мен туған күн кештері болатын. Қолымыздан келгені «Жас тұлпар» Мәскеуде оқып жатқан жастардың концерт бригадасы ретінде тіркеліп, Ресей жеріндегі қазақтар тұратын елді мекендерді аралап, тиісті орындарға Ресейде орналасқан қазақ ауылдарындағы өзіміз байқаған кемшіліктер жайлы айтумен шектелдік» деген сөздері айғақ болады.
Достарыңызбен бөлісу: |