Шағын жинақты бастауыш мектепте оқыту
№ 1-лекция
Тақырыбы: Шағын жинақты мектеп. Шағын жинақты мектептер қызметінің мақсаты, міндеттері мен принциптері, ерекшелігі
Шағын жинақты бастауыш мектеп дегеніміз балалардың саны аз, оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың өзіндік ерекшелігі бар, біріктірілген сыныптардан тұратын жалпы білім беретін мектепті айтамыз. Шағын жинақталған мектепте бір мұғалім бірнеше пәнді оқытуы мүмкін, ал мектеп басшысы әкімшілік міндеттемелерді белсенді оқыту қызметімен ұштастыра алуы тиіс.
Нақты айтқанда, 1999-жылғы маусымның 7-сінде (№389-І ҚРЗ) бекітілген Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында ШЖМ-ке мынадай анықтама беріледі: «шағын жинақталған мектеп - сынып-жинақтамалары аралас және оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзіндік нысаны бар, оқушылар саны шағын жалпы білім беретін мектеп».
ШЖБМ-те мұғалім бір уақытта бірнеше сыныппен сабақ жүргізеді: екі комплектілі мектепте – екі сынып, ал бір комплектілі мектепте – үш немесе төрт сынып біріктіріліп, бір сыныпты құрайды.
Сыныптарды комплектіге біріктіру, оның негізінде сабақ кестесін құру, соған байланысты сабақтың күнтізбелік жоспарын жасау, сабақтың жоспарын жасау, сабақтың уақытын дұрыс, тиімді пайдалану мәселелері бұндай мектептердің мәнді белгісі болып табылады.
Шағын жинақталған мектепке оқушылар саны аз сыныптары бар (5-8 оқушыдан артпайтын), сондай-ақ құрамында шағын жинақталған бастауыш сыныптары бар негізгі және орта мектеп жатады.
Шағын жинақталған мектептің дамуы (бұдан әрі ШЖМ) әдетте соңғы жиырма жылда жалпы мемлекеттік міндет болып жарияланды. ШЖМ алатын орны ерекше, себебі ол білім беру мекемесі болып қана қоймай, сонымен қатар ауыл социуымының мәдениетіне көпқырлы және ерекше ықпал ететін әлеуметтік институт болып қала бермек.
Ауыл оқушыларының азаматтық көзқарасының қалыптасуына, олардың әлеуметтену үдерісіне айрықша ықпал ететін ауыл мектебінің білім беру ортасына, оның табиғатпен, ауылшаруашылығы өндірісімен байланысына айрықша көңіл бөлінеді.
Ауыл қоғамы мектепті бала мен оның отбасын әлеуметтік қорғаудың бірден-бір кепілі ретінде қабылдайды, ұсынылып отырған білім беру қызметінің сапасын жақсартуға ғана жауап беріп қоймай, сонымен қатар ондағы тұрақтандыру орталығы болып табылады.
Шағын комплектті мектептегі мұғалімнің еңбегі шығармашылықты, бар ынтасын салушылықты, мейірімділікті және адалдықты, кәсібилікті және кешендікті талап етеді.
Ауыл мектебінде кез келген мұғалімді көбінен құр қалған балаларға деген сүйіспеншілік ұстап қалады.
Жалғыз мәдениет орталығы – мектеп қана бар. Сондықтан болашақ азаматтардың өмірді кеңінен ашық көрулері мұғалімге байланысты.
Шағын комплектті мектептегі оқу үрдісінің маңызды ерекшеліктері бар, олар бір бөлмеде екі, үш, тіпті төрт сыныпта бір мұғалімнің сабақ өткізетіндігі шарт.
Шағын комплектті мектеп мұғалімі қиын жағдайда жұмыс істейді: оған әр түрлі жастағы, әр түрлі сыныптардың оқу бағдарламалары бойынша дайындалған балалармен сабақ жүргізуге тура келеді.
Шағын комплектті мектепте мұғалім болып жұмыс істеу, күмәнсіз кәдімгі мектепке қарағанда қиын және күрделі.
Бірнеше сыныптармен бір мезгілде сабақ өткізу шағын комплектті мектептің мұғалімінен мұқият дайындықты, оқу жұмысын дұрыс ұйымдастыруды, сабақ кестелерін рационалды құруды, сонымен қатар педагогикалық әдептің ебін тауып көрсетуді талап етеді.
Шағын комплектті мектептегі жұмыстың ерекшелігі өзіндік жұмыссыз екі-үш сыныппен сабақты ұйымдастыру мүмкін еместігінде. Шағын комплектті мектептегі сабақтарда балалармен өзіндік жұмыс оқу уақытының 50 % алады, ал кәдімгі мектеп өзіндік жұмысқа сабақтың 20%-на жуық уақыт кетіріледі. Сондықтан мұғалім балаларды дербес жұмыс істеуге үйретуі қажет.
Оқыту үрдісінде балалар кітаппен және дидактикалық материалдармен жұмыс істеуге үйренеді.
Лекцияға Қосымша:
Жалпы шағын жинақты бастауыш мектеп жаңадан пайда болған құбылыс емес. Оның негізі бастауыш білім беру жөнінде белгілі педагогтар К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой жасаған оқыту методикасында жатыр. Қазақстан топырағына бұл құбылыстың келуі қазақтың тұңғыш педагогі Ы.Алтынсариннің есімімен байланысты. Содан бері қанша уақыт өтсе де шағын жинақты мектептер өмір сүруде.
Шағын жинақты мектептер – қазақтың шағын ауылының іргесі, ұйытқысы, оның әлеуметтік экономикалық дамуының өзегі.
Республикамыздың экономикалық және географиялық ерекшеліктеріне байланысты орталықтан шалғай, алыс жерлерде орналасқан қазірдің өзінде Қазақстанда 75-80% шағын комплектілі мектептер бар.
2007 жылы республикадағы барлық шағын жинақты мектептердің ішінде 1014 – бастауыш, 979 – негізгі және 2413 – орта мектептер жұмыс жасайды. 2004 жылмен салыстырғанда, ШЖМ 58%-ға өсіп, оның саны жалпы білім беретін мектептердің 55,4% құрады. Мұндай мектептер негізінен ауылдық жерлерде орналасатыны белгілі. Мұндай мектептердегі оқушылар саны 423,6 мың, оның ішінде бастауыш сыныптарда 12,3 мың, 46,8 мың – негізгі және 364,4 мың оқушы орта мектептерде оқиды. ШЖМ жүйесінің өзгеру динамикасы шағын жинақты бастауыш және негізгі мектептердің қысқарып, орта мектептердің көбейіп келе жатқанын байқатады.
Ы.Алтынсариннің басшылығымен ұлттық мектептердің қазақстандық үлгі жүйесі пайда болды. Ол басшыларға жазған баяндама хаттарында «қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне ыңғайлы, мектептің көшпелі болуы қажет, жазда ауылдармен бірге жайлауда, ал қыста қыстауда болғаны жөн» − деп, дәлелдеген. Ол 1986 жылы 5 болыстық мектеп ашты: Торғайда (Қараторғай мектебі), Николаевскіде (Убалан мектебі) және жетіқара мектебі, Илецкіде (Буртин мектебі). Ал ХХ ғасырдың басында ауылдық жерлерде білім алудың жинақталған мектептер жүйесінің негізі қаланды. Сол кезде ауылдағы алғашқы қазақ мектептерінің көбі шағын жинақты бастауыш мектептер болғаны байқалады. 1916 жылы олардың саны – 727, ондағы оқушы саны –22414 болды. 1920-1921 жылдары шағын жинақты мектептердің саны екі есе өсті.
ХІХ ғ. ІІ-жартысында Қазақстанда әр түрлі типтегі орыс-қазақ мектептері көптеп ашыла бастады (басым көпшілігі - шағын комплектілі мектептер). Ақмола мен Семей облыстарында - мектеп-интернаттар мен ауыл шаруашылық бастауыш училищелері, Торғай мен Оралда – ауылдық, облыстық (1-кластық, 2-кластық – оқу мерзімі – 6 жылдық) орыс-қазақ училищелері, Жетісу мен Сырдарияда - орыс-түземдік училищелер, Ішкі Ордада – старшындық және бөлімшелік училищелер ашылды.
ХХғ. бас кезінде «Бұратана халықтарға арналған бастауыш училищелер туралы» (1906) ережеге сай Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстарындағы және Ішкі Ордадағы барлық қазақ мектептері 1-кластық орыс-қазақ училищелеріне айналдырылды.
ХХ ғ. бас кезінде Қазақстандағы мектептердің жанынан 32 кәсіптік бөлімше және 270 қол еңбегін оқытатын кластар ашылды.
Түркі тілдес ұлттық мектептердің оқу бағдарламаларына қатысты алғашқы ескертпелер 1906 жылғы «Россияның шығысында тұратын бұратана халықтар үшін ашылған бастауыш училищелер» туралы ережелерде берілген. «Ережеде» оқу жоспарлары ғана емес, оқу бағдарламалары, әдістемелік нұсқаулар да берілген (арифметика бойынша да қосымшалар бар). Бірдей ортақ типтік бағдарламалар болған жоқ, жер ерекшеліктеріне қарай мектеп директорлары бағдарламаларды не қысқартып, не кеңейтіп, өз жағдайларына қарай үнемі өзгертіп отырды.
Сонымен бірге, бірдей оқулық та болған жоқ. Орыс, орыс-татар, кейінірек башқұрт, латыш, украин, өзбек, татар, чуваш халықтарына арналған кітаптар пайдаланылды.
Жалпы осы уақытқа дейін шағын жинақты мектептерде оқу-тәрбие жұмысының мамзмұнын жақсарту, оқушылардың білім деңгейін мемлекеттік стандарт дәрежесіне көтеру сияқты мәселелері бірқатар ғалымдарымыз бен әдіскерлеріміздің назарын аударған. Олардың еңбектерінде бірнеше сыныпты бір мезгілде қатар оқытудың тиімді жолдарын іздестіру (Ж.Аймауытов, Ғ.Бегалиев, Ж.Қаржасбаев, М.Бүрлібаев, Ғ.Сүлейменов, А.Асқарбаева), сабақты ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері мен әдіс-тәсілдерін анықтау (Б.Құлмағамбетова, А.Асқарбаева, Г.М.Храпченков, Қ.Аймағамбетова); «Қазақ тілі», «Ана тілі», «Математика», «Айналамен таныстыру» пәндерін оқытудың мазмұны мен практикалық бағытын белгілеу (Ш.Әуелбаев, А.Асқарбаева, Б.Құлмағамбетова); бір пәндік, бір тақырыптық сабақтардың тиімділігін дәлелдеу (М.Сайпин, З.Бейсенбаева, Е.Шапаева, О.Сатқанов, Б.Катембаева);. осы үлгідегі мектептер үшін болашақ мұғалімдерді дайындау мәселелері (З.Әділғазинов) қарастырылады.
Шағын жинақты бастауыш мектеп мәселесін зерттеуге белсене араласқандардың бірі – Ғ.Сүлейменов. Оның 1963 жылы «Қазақстан мектебі журналында «Аз комплектілі бастауыш кластарда сабақ кестесін қалай жасау керек ?», 1965 жылы «Екі комплектілі мектепте оқу процесіне басшылық ету туралы», 1968 жылы Р.Мұраталиевпен бірлесе отырып жазған «Аз комплектілі мектептерде оқу процесін ұйымдастыру туралы» мақалалары басылды. Ғалым алғашқы мақаласында аталған мектептер үшін сабақ кестесін құрудың бірнеше нұсқасын ұсынды. Ал келесі мақаласы 1 және 2, 2 және 4-сыныптарды қатар оқытудың әдістері мен тәсілдерін көрсетуге арналды. Мұнда автор алдымен шағын жинақталған мектептерде жұпталған сабақтардың, негізінен, 3 түрі болатындығын айтады: 1) екі сыныпта да жаңа материал өтілетін сабақ; 2) бір сыныпта жаңа материал, ал екіншісінде пысықтау не қайталау (немесе оқушылардың білімін тексеру) жұмысы жүргізілетін сабақ; 3) екі сыныпта да бұрынғы өтілген материал пысықталатын не қайталанатын (немесе бір сыныпта бақылау жұмысы алынатын) сабақ. Одан әрі қарай әрбір түрге байланысты сабақты жоспарлаудың және өткізудің үлгісін мысалдармен түсіндіреді. Р.Мұраталиевпен бірлесіп жазған мақаласында көрнекі құралдар, әсіресе, шағын жинақты мектептер үшін өте қажет деп есептеп, оларды қолдану жолдары туралы пайдалы ұсыныстар білдіреді.
1870 жылғы 26 наурызда жарияланған «Россияда тұратын басқа ұлттарға білім беру шаралары туралы заң» мен «Басқа ұлттарға арналған бастауыш училищелер туралы» ереже (1906, 1907, 1913) Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлттық бастауыш мектептерде бастауыш оқуды ана тілінде оқытуға рұқсат берді. ХІХ ғ. 70-жылынан бастап орыс-қазақ мектептеріндегі бастауыш оқу қазақ тілінде жүргізілетін болды.
Орыс-қазақ мектептерінде арифметиканы оқыту бір орынға қарайтын оқу мекемелері басшыларының пікірі бойынша ауызша және жазбаша санауға, арифметикалық амалдарды орындауға үйрету міндеттерін шешуге тиіс болды. Арифметика ғылым ретінде қажет деген пікірге ерекше көңіл бөлінді.
ХІХғ. екінші жартысы мен ХХғ. бас кезінде Ресейдің бастауыш мектептерінде оқытылатын арифметика бойынша 200-ден астам әр түрлі оқулықтар, оқу құралдары, есеп жинақтары басылды. Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанда аса кең тараған К.П.Арженниковтың, В.А.Евтушевскийдің, Г.М.Вишневскийдің, А.И.Гольденбергтің, К.П.Бурениннің, А.Ф.Малиннің, Н.И.Паульсонның, С.И.Шохор-Троцкийдің кітаптары еді. Бұдан басқа орыс-қазақ училищелеріндегі ұлт мектептеріне арналған Н.А.Бобровниковтың, С.М.Граменицкийдің, Т.Г.Лубенцтің, И.С.Михеевтің т.б. кітаптары пайдаланылды.
Қазақ ССР Оқу министрлігінің 1987 жылы 10 маусымда «Республикадағы шағын комплектілі мектептердің қазіргі жайы және олардың жұмысын жақсарту шаралары жайында» қарары қабылданды. Ал 1975 жылғы 9 желтоқсанда Қазақ ССР Оқу министрлігі Коллегиясының шешімі бойынша ШЖМ үшін орыс, ана тілі, табиғаттану мен математикадан әдістемелік құралдар дайындау Ы.Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтына тапсырылды. Осы тапсырманы орындау үшін Бастауыш білім беру әдістемесі 1974-78 жж. «ШКМ-тегі оқыту мазмұны мен әдістемесін жетілдіру» атты зерттеу жұмыстарын жүргізді.
/ Білім және ғылым министрлігінің статистикалық есебі бойынша ШЖМ-де 379319 оқушы дәріс алады, 51796 мұғалім қызмет атқарады. Министрліктің 1997 жылғы «ҚР ШЖМ-гі жұмыстарды ұйымдастыру жөнінде» әдістемелік нұсқау хатында ШЖМ-нің негізгі қызметі көрсетілген. Ол: бастауыш сыныптарда оқушы саны − 40-тан, негізгі мектепте 100-ден, ал орта мектепте 280-нен аспаса, шағын жинақталған мектеп болып есептеледі. Ал, ҚР Үкіметінің № 300. 25.02.2000ж қаулысына сәйкес ауылдық жерлердегі сыныптарда кемінде 5 бала оқыса, бастауыш немесе негізгі ШЖМ, ал кемінде 81 бала оқыса, орта ШЖМ деп аталады.
Тәуелсіздік жылдарында толық орта мектептер саны мен шағын жинақталған мектептер саны өзгерді. 1997-2001 жылдары аралығында ШЖМ 3621-4229-ға жетті, оның 2156-сы (50,9 %) қазақ тіліндегі мектептер.
Достарыңызбен бөлісу: |