4.3 Ортағасырлық христиандық философияның ерекшелігі, даму кезеңдері, негізгі ұғымдары және догматтары Ортағасырлық теологиялық философия деп Европада V-XV ғасырлар арасында кең тараған, бастапқы жаратушы күш - Құдай, бүкіл дүние - Құдай құдіретінің көрінісі деп сенетін, мойындайтын философиялық бағытты айтады. Теологиялық философия, б.д. I-V ғасырларында Рим империясында христиандық пен антикалық философия негізінде дамып, б.д. XIII ғасырларында (476 жылы Батыс Рим империясының құлауы мен Қайта Өрлеу дәуірінің басталуы аралығында) өзінің көркею шыңына жетті. Патристика -(лат. «pater» - «әке» сөзінен) христиандық идеяларды көпқұдайлы мәжуси діндерден, стоялық, эпикурейлік, неоплатондық, т.б. идеялардан қорғаған «шіркеу әкелерінің» теологиялық - философиялық көзқарастары. 4.4 Патристика 3 кезеңге бөлінеді 1. Апологетика (II-III ғ.ғ.), (гректің «apologetikos» - қорғау сөзінен), христиандық дүниетанымды қалыптастыру мен қорғауда маңызды рөл атқарды; Өкілдері: карфагендік Квинт Септимий (160-220) Тертуллиан (160-220); александриялық Ориген (185-254); Тит Флавий Климент. 2. Классикалық патристика (IV-V ғ.ғ.) - христиандық ілімді негіздеп және жүйелеп, оның философиялық қағидаларын тұжырымдады. Өкілдері: Григорий Нисский (335-394); Әулие Августин (354-430). 3. Патристиканың соңғы кезеңі (VI-VIII ғ.ғ.) - христиандық догматиканы тұрақтандырды. Өкілдері: Боэций (480-524); Иоанн Скотт Эриугена (810-877). Патристика антикалық философияның аяқталуынан және гностиктермен, басқа да эретиктермен идеялық күрес нәтижесінде қалыптасады. Бірінші сатыда апологеттердің ықпалы күшті болды. Бұндағы негізгі тұлғалардың бірі – Ориген христиандық дін негізінде тұтас философия жасауға талпынды. Патристиканың бұл кезіңдегі өрлеу барысы каппадокикалық үйірмемен байланысты: Василий Великий, Григорий Богослав, Григорий Нисский т.б. Бұл ақыр соңында Дамаскиннің идеяларымен қорытындыланды. Патристикалық онтология абсолютті болмыс ретіндегі құдай идеясының айналысына топтастырылады. Патристика пұтқа табынуышылық политеизді, гностикалық дуализмді жоққа шығара отырып, жалпы алғанда, монотеизмді қорғайды да, креационизм арқылы стоиктердің және неоплатоншылықтың пантеизміне қарсы қойылады. Бұл дәуірдегі басты ерекшелік – философиялық ойдың теоцентристік сипаты. Яғни, тео-құдай, центр-орталық мағына болып табылатын болса, құдайды басты түсінікке шығара отырып, идеяларды негіздеу, бүкіл рухани мәдениеттің өзегіне айналдыру алаңы белең алды. Бұл дәуірде құдайдың қасиеттері мен белгілерін позитивті білім бойынша дәйектеуді негізге алатын, жарату құбылысын тану арқылы жаратушыны тануды жолға қоятын «болмыс аналогиясы» қағидасын басшылыққа алатын – «катафатикалық теологиямен» қатар, құдай абсолют ретінде атрибуттарды иеленбейді және оған анықтама берілмейді, сапалылық пен болмыстың сыртында болады деген – «апофатикалық теология» қалыптасты. Ғарыш жаратудың нәтижесі, сондықтан жаратушыдан төмен тұрады, материя жаратылған және жаратушы арқылы игеріледі деген бағдар ұстанылды. Патристикада әлем құдайдың игілікті жаратуынан және мақсатқа ұмтылатын кемелділік болып саналады. Космологиясындағы басты идея телеологизмге келіп саяды, ол - әлемдегі заттардың үйлесімділігі мен өзара қатынастылығы, ғарыштың қатаң иерархияға құрылғандығы, әлемді эстетикалық тұрғыдан ақтау т.б. идеялармен қамтамасыз етіледі. Патристика (латынша paters - әкелер) христиандық телеологиялық доктрина ретінде қалыптасқан кезең бола отырып, мынандай мәселелерді орталық түсінікке айналдырды: теизм, креационизм, телеологизм т.б. Бұның алғашқы кезеңі «апологетика» деп аталды. Апологетика ақталушының қорғаныш сөзін білдіретін «апология» деген ұғымнан туған. Апологетиканың өкілдері «апологеттер» деген атауға ие. Апологеттер христиандық дінге қарсыларға, бұл дінді мойындамайтындарға қарай бағытталған және көпқұдайға табынушылықты жақтайтын басқарушылар мен ғалымдардан христиан дінін ақтап алатын теорияны, доктриналарды, апологияларды ұсынушылар болды. Өздерінің жолдауларында олар христиан дінінің моральдік принциптерді қолдайтындығын алға тартты және оның мемлекеттік дін ретінде тағайындалуын жақтады. Яғни, апологетика – жаңадан қалыптасып келе жатырған христиан дінін ақтаушылар мен жақтаушылардың жазба түрде халыққа және басқарушыларға ұсынған жолдауларының, шығармаларының жиынтығы. Себебі, христиан діні пайда болған кезеңнен бастап, (б.з.1 ғасыры) императорлар мен бұл дінге қарсылар тарапынан көп қудалауға ұшырған еді. Апологетика б.з. 2 ғасырларынан бастау алады.