Байланысты: 1 М дениет тарихында ы философия ж не оны адам мен о ам мірін
6.4 Фр. Бэконфилософиясы Фр. Бэкон (1561-1626 жж.) – философиядағы эмпириялық (тәжірибелік) бағыттың негізін қалаған ағылшын философы және саяси қайраткері (1620-1621 жж.) – Ұлыбритания лорд-канцлері, корольдан кейінгі екінші тұлға. Негізгі еңбектері: «Ғылымдар табысы»; «Жаңа Органон»; «Жаңа Атлантида». Фр. Бэконның философиялық идеясының – эмпиризмнің мәні: таным негізінде тек қана тәжірибе жататындығында. Жеке адам немесе адамзаттың тәжірибесі (теориялық, практикалық) көбейген сайын ол ақиқат білімге жақындай түседі. Бірақ ақиқат білім – түпкі мақсат емес. Білім мен тәжірибенің басты мақсаты – экономиканың дамуына, жаңа нәрселердің, адамның өз әрекетінде практикалық жетістіктерге жетуіне, адамның табиғатқа үстемдік етуіне көмектесу. Фр. Бэконның философиялық кредосын бейнелейтін афоризмі: «Білім -күш». Фр. Бэкон «танымның басты әдісі индукция болуға тиіс» деген жаңашыл идея ұсынды. Индукция – көптеген жеке құбылыстарды жалпылау негізінде жалпы қорытындылар жасау (мысалы, «түрлі металл түрлері балқитын болса, барлық металдар балқу қасиетіне ие») деп түсіндіреді Фр. Бэкон. Индукция әдісін Бэкон Декарт ұсынған дедукция әдісіне қарсы қойды. Фр. Бэкон таным процесі өтетін жолдарды көрсетіп қана қоймай, адамдағының (адамзаттың) ақиқат білім алуына кедергі болатын себептерді көрсетіп берді. Ол себептерді Бэкон «елестер» («идолдар») деп атап, төрт түрге бөліп сипаттайды: 1) тектік елестер; 2) үңгір елестері; 3) базар елестері; 4) театр елестері. Тектік және үңгір елестері – дүниені тануда таным табиғаты мен өз табиғатын алмастырудан туатын, адамдардың туа біткен адасушылықтары. «Тектік елестер» - танымның адам (адамзат) мәдениеті «сүзгісінен» өтіп барып іске асатынын, сондықтан таным нәтижесіне әсер етіп, білімнің ақиқаттығын төмендететінін білдіреді. «Үңгір елесінің» мәні – нақты адамның (танушы субъектінің) тұлғасының таным процесіне әсері, нәтижесінде адамның бұған дейінгі сенім – нанымдары, қағидалары – таным нәтижесінде көрініс беретіндігі («үңгір» - адасушылық). Базар – театр елестері – жүре пайда болған адасушылықтар. Базар елестері – тілдегі, ұғымдық аппараттағы сөздерді, анықтамаларды дұрыс қолданбаудан туатын адасушылық. Театр елестері – таным процесіне сол кезеңдегі таным процесінің әсері. Көп жағдайда ескі философия танымды дұрыс бағыттан кері бұрып, жаңа мүмкіндіктерге кедергі жасайды (мысалы, схоластикалық философияның танымға әсері). Осылайша, танымның төрт түрлі негізгі кедергілерін зерттей отырып, Бэкон аталған «елестерден» барынша алшақ жүріп, олардың ықпалынан жоғары болып, «таза білімге» ұмтылуға кеңес береді. Фр. Бэкон ғылымдар классификациясын жасауға тырысты. Классификация негізі – адам ақылының қасиеттері: ес, қиял, пайым (рассудок). Еске – тарихи ғылымдар, қиялға – поэзия, пайымға – барлық ғылымдардың негізі – философия сәйкес келеді. Философияны Бэкон: 1) Құдай; 2) табиғат; 3) адам туралы ғылым деп тұжырымдады. Философияның аталған 3 саласын адам түрлі жолдармен, құралдармен таниды: 1) табиғатты – тікелей сезімдік қабылдау мен тәжірибе арқылы; 2) Құдайды – табиғат арқылы; 3) өзін – рефлексия арқылы (ойдың өз-өзіне бағытталуы, ойдың ойды зерттеуі).