Байланысты: 1 М дениет тарихында ы философия ж не оны адам мен о ам мірін
8.3 Гегель философиясы Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831 жж.) – алдымен Гейдельберг, содан соң Берлин университетінің профессоры, Германияның ғана емес, Европаның беделді философы, неміс классикалық философиясының көрнекті өкілі. Гегельдің философиядағы басты үлесі мынада: 1) объективті идеализм теориясы (негізгі ұғымы Абсолютті идея, Әлемдік рух); 2) диалектика – жалпы философиялық әдіс ретінде; Гегельдің басты философиялық еңбектері: «Рух феноменологиясы», «Логика ғылымы», «құқық философиясы». Гегель жүйесі 3 бөліктен тұрады: 1) Логика(онтология) әлемді жаратуға дейінгі Құдай болмысы. 2) Натурафилософия - материалдық әлемдегі құдайдың жатсынылуының мазмұны. 3) Рух философиясы - Құдайдың өзінің жаратуынан адамдық рухта өзіне қайта оралуы, өзге болмыстан рухтың қайтып оралуы тек адамда ғана, субъективті рух өзінің танылған санасын, өзінің жеке рухани субстанциясын сәйкес деп танымайды, объективті рух қоғам құрған құқ, мораль, құлықтылық арқылы өзінің құрылуында осындай эволюцияны бастан өткізеді. Сондықтан объективті рухтың құрылуында абсолютті рухтың үш формасы бар: байыптау, елестету, білім. Тарих еркіндіктің санадағы прогресімен бірге әлемдік рухтың өзін тану процесі. Гегель идеалистік диалектиканың негізін салушы ретінде, диалектика заңдары мен категорияларын ұсынған. Метафизикалық мәселелерді еркін сараптаған, онтология мен теологияны зерделі байыптаған, космология мен антропологияны өз тұғырнамалық идеялары бойынша бағдарлаған ойшыл философия тарихында дамуды онтологиялық үстем деңгейде тиянақты жүйелеп, оны шешудің жоғарғы және дәйекті ойтолғамдарын ұсынды. Сондықтан оның даму тұжырымдамасы барынша күрделене түсіп, болмыс пен Бейболмыс, болмыс пен Ештеңе мәселелерін өзінің «Логика ғылымы» деп аталатын еңбегінде еркін қамтыды: «Әзірге Ештеңе бар болса, онда бірдеңе туындауы тиіс. Бастау таза ештеңе, бұл өзінен бірдеңе тууы тиіс ештеңе; болмыс болуға бағытталды және бастаудан орын алады. Бастау демек, оны және өзгені қамтиды, яғни, болмыс пен ештеңені, ол- болмыс пен ештеңенің бірлігі, басқаша айтқанда, ол сол сәтте болмыс болып табылатын бейболмыс және осы уақытта бейболмыс болып табылатын болмыс» Осы тұста ойшыл Ештеңенің таза өзімен-өзі енжар емес, бірнәрсе тудыруға арналған, тағайындалған Ештеңе екендігін атап өте отырып, болмыс пен Ештеңені теңестіреді. Сондықтан бастау Бейболмыстан туындайтын болмысты қамтитын болса, бұндағы Бастау мен Бейболмыстың орын ауыстыруы моделі бейімделгіш жоба түрінде ұсынылып, ойшылдың диалектикалық көзқарастары бойынша қарастырылатындығы түсінікті. Сондықтан ойшыл болмыс пен Бейболмыстың қарама-қарсылығын және өзіндік тұтастығының белгілі бір парадигмада қайта тоғысатын сәйкестігін атап өтеді, бастау – осы екеуінің тұтастанған бірлігінен тұрады. Бастау ұғымының бастау ретіндегі, процесс түріндегі қасиеті- оның осы тұтастықтан бөлінбейтін бірлігімен анықталады. Себебі, ол- Бейболмыстан болмыстың туындау сәтіндегі негізгі процесті айқындап, оның түсініктемесінің ажырамас қасиетін құрайды. Гегель Бастаудың белгілі бір қатынастарда болмайтындығы мен бар екендігін қарама-қарсылықпен біріккен- болмыс пен Бейболмыс арқылы шешеді. Болмыстың Бейболмысқа қарама-қарсылығы күмәнсіз болса, осы анықталған қарама-қарсылық бастаудың өзіне айналады. Демек, нақтырақ айтқанда, бастау дегеніміз- болмыс пен Бейболмыстың бастапқы қарама-қарсылығы болып шығады. Бірақ бұл қарама-қарсылық таза абсолютті болмайды, бірін-бірі алмастыратын дамудың көзі ретінде пайымдалды. Бастаудың өзі – болмыс пен Ештеңенің қатынасының жалпы конструкциясы бойынша құрылады, болмыстың қатынасы бұл жерде шартты түрде міндеттеледі. Себебі, нақты ненің басталатындығы анықталуы тиіс болғандықтан кірістірілген. Осы тұста болмыстан басқа басталатын нәрсеге балама жоқ екендігі түсінікті. Осы құрылым арқылы бастау-болмыстың Ештеңе арқылы басталуы екендігі байыпталады. Бұнда тек қана үш маңызды субъект анық: бастау, болмыс, Ештеңе. Сондықтан болмыс пен Бейболмыстың қатынасы - сол бастау концептісінің өзін айғақтауға келіп тіреледі. Бастау Бейболмыспен теңеседі, бірақ әзірге Ештеңе түрінде сақталып, бастаудың таза мәнін ашуға Бейболмыс болмыс арқылы қатынасады. Сайып келгенде, Гегельдің болмыс пен Бейболмыс хақындағы даму туралы пікірлері мынадай тұжырымдармен айшықталады; Бейболмыс жеке дара оқшау қарастырылуы мүмкін емес; Бейболмыс болмыс және болмыс Бейболмыс арқылы ғана ашылады; Бейболмыс болмыстың әрбір сәті және болмыс Бейболмыстың да әрбір сәті; Болмыстың заңдылықтарының іске асуы Бейболмыссыз орындала алмайды; Бейболмыс шартты атау ретінде ғана «оқшау болып табылады», ал болмыс заңдылықтары шеңберінде ол өзінің болмыстық кейпіне енеді; сайып келгенде, Бейболмыс әлемнің даму, байланыс, қозғалыс, терістеу үдерістері арқылы «көріне алады» және керісінше. Ойшылдың қөзқарастарында болмыс даму арқылы өзгенін емес өзінін болмысын терістейді де, оны Бейболмыска өткізеді және ілгерідегі даму бойынша өзінің Бейболмысына, яғни, әлі олай болмаған болмысына ұмтылады. Демек, терістеу Гегель философиясында өзінің болмысын Бейболмысқа өткізуден құралатын болса, осындай тізбекті терістеу болмыстың өзін үнемі Бейболмысқа айналдырып отырады және керісінше. Ол өзінің философиясын батыс философиясындағы ойлаудың шыңы, монархия мемлекетін соңғы дамыған мемлекет деп түсінген. Гегельдің онтологиядағы (болмыс туралы ілім) басты идеясы – болмыс пен ойлауды теңестіруі. Теңестіру нәтижесінде Гегель ерекше философиялық ұғым – Абсолютті идеяны негіздеді. Абсолютті идея бұл: тіршілікте бар жалғыз шын реалдылық; қоршаған дүние, оның заттары мен құбылыстарының алғашқы себебі; өзіндік санасы мен жарату қабілеті бар Әлемдік рух. Гегель онтологиясындағы келесі өзекті ұғым – жаттану. Абсолютті рух өзінен-өзі мына түрлерде жаттанады: қоршаған дүние; табиғат; адам; адам әрекеті мен ойлауы арқылы жаттанған абсолютті рух өзіне-өзі қайтып оралады. Яғни, Абсолютті рухтың айналысы: Әлемдік (Абсолютті) рух→жаттану →қоршаған дүние және адам→адам әрекеті мен ойлауы→рухтың адам әрекеті мен ойлауы арқылы өзін-өзі іске асыруы→Абсолютті рухтың өз-өзіне қайта оралуы. Абсолютті рух – мәңгі шын ақиқат, рухтың ең жоғарғы көрінісі. Абсолютті рухтың көрініс беретін салалары: өнер, дін, философия. Өнер – адамның абсолютті идеяны тікелей бейнелеуі. Гегель пікірінше, адамдар арасында абсолютті идеяны көре және бейнелей алу – тек талантты, ұлы адамдардың қолынан келеді және сонысымен олар өнерді жасаушыларға айналады. Дін – өнердің антитезисі, егер өнер – ұлы адамдар «көре», «бейнелей» алған абсолютті идея болса, дін – Құдайдың адамға ашқан абсолютті идеясы. Философия – өнер мен діннің синтезі, абсолютті идеяны түсіну мен дамудың жоғарғы сатысы. Философия – Құдай берген және Ұлы адамдар-философтар ұғына алған білім. Философия – барлық ақиқаттың толық ашылуы, Абсолютті рухтың өзін-өзі тануы, абсолютті идеяның басы мен аяғының бірігуі, жоғары білім. Гегель пікірінше, философ өз пәні ретінде: табиғат философиясын; антропологияны; психологияны; логиканы; мемлекет философиясын; азаматтық қоғам философиясын; құқық философиясын; тарих философиясын; диалектика – ең жалпы заңдар мен қағидалардың ақиқат ретінде қарастыруы тиіс. Тарих – Абсолютті рухтың жүзеге асу процесі. Абсолюттік рухқа бостандық идеясы енетін болғандықтан, бүкіл тарих, Гегель пікірінше, адамзаттың өз бостандығын ұлғайту процесі. Осыған байланысты Гегель бүкіл адамзат тарихын 3 дәуірге бөледі: шығыс; антикалық-ортағасырлық кезең; германдық. Шығыс дәуірі (Ежелгі Египет, Қытай, т.б.) – бүкіл қоғамда бір ғана адам бүкіл игілікті, бостандықты пайдаланып, өзін-өзі танитын, қалғандардың бәрі оның құлдары мен қызметшілері болатын тарихи кезең. Антикалық-ортағасырлық кезең - адамдар тобы (мемлекет басшысы мен оның нөкерлері, әскербасылар, аристократия, феодалдар) өзін-өзі танып, бұқараның көп бөлігі «жоғарыдағыларға» тәуелді болып, қызмет ететін кезең. Германдық кезең – бәрі өзін-өзі танып, бәрі азаттыққа жеткен Гегельдің өзі өмір сүрген заман.