8.Науқастың функционалды жағдайын бағалау: сананы, дененің күйін, терінің сипаттамасын бағалау. Дәрігер науқас адамның шағымдарымен, сырқат анамнезімен және өмір тарихымен танысқан соң, оны қарап зерттеуге кіріседі. Көбінесе сұрастыру кезінде-ақ көптеген маңызды мәліметтер жиналып, алынған мағлұматтар дұрыс диагноз қоюға, кейін ем тағайындауға мүмкіндік береді. Басқа жағдайларда сұрастыру арқылы тек алғашқы болжам ғана жасалынып, кейін объективті зерттеу кезінде көбірек көңіл аударуды қажет ететін мәселелер анықталады. Ауру адам ессіз күйде болса, анамнез жинау мүмкіндігі мүлдем болмайды, сол кезде объективті тексерумен қатар қосымша зерттеу әдістері (лабораториялық, инструменталдық) қолданылады.
Жалпы көруді аурудың ес-түсін, қалпын, дене құрылысын бағдарлаудан бастайды, содан соң қызуын өлшеп, антропометриялық мәліметтер жиналады. Науқастың жалпы жағдайын төрт түрлі деп анықтауға болады: қанағаттанарлықтай (қалыпты жағдайда), орташа (қалыпты жағдайдан төмен), ауыр және агониялық (өліммен жанталас). Сонан соң барып аурудың сана-сезімін тексереді.
Сана-сезім жағдайы мына түрлермен анықталады: 1) ашық сана; 2) бұлыңғыр сана - науқас сұраққа дұрыс жауап бергенмен, қоршаған айналасын анықтай алмайды. 3) ступор (stupor) — науқас қоршаған ортасын түсіне бермейді, сұраққа жай, сылбыр жауап береді. 4) сопор (sopor) — науқас үнемі ұйықтап жатады да, тек қатты дыбыстан не айқайлағанда ғана жауап береді, бірақ айтқан сөздің мәнін түсіне бермейді. 5) кома (coma) — науқастың ес-түссіз, санасыз күйі, кейде рефлекстер де мүлдем жоғалады.
Сана-сезімнің бұзылуы жоғарғы нерв жүйесіндегі әр түрлі патологиялық өзгерістердің нәтижесінде, соның ішінде ми қан айналымының нашарлауынан, ішкі ағзалардың қатаң ауруларынан пайда болады. Комалардың ішінде: уремиялық, бауырлық, диабеттік, гипогликемиялық, алкогольдық комалар жиірек кездеседі.
Уремиялық кома— кей жағдайда жедел бүйрек жетіспеушілігі кезінде, бірақ көбіне бүйрек жұмысы нашарлауының ақырғы кезеңдерінде кездеседі; ол организмнен азоттық қалдықтардың шығарылуы нашарлағанынан пайда болады.
Бауырлық кома— бауыр қызметі әлсіреген шақта тез дамиды; алдымен психикалық ауытқулар (невроз, ұйқының бұзылуы, эйфория, депрессия) ретінде байқалуы мүмкін.