3. Меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар. Меншіктену материалдық игіліктерді - табиғат өнімдері мен еңбекті меншіктенуді, иеленуді білдіреді. Меншік құқығы дегеніміз - субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы. Иелену құқығы мүлікті нақты иелену мүмкіндігін заң жағынан толықтай қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Ол меншік иесіне затқа іс жүзінде үстемдік етуге мүмкіндік беріп, затты пайдалану үшін маңызды алғышарт жасайды.
Пайдалану құқығы дегеніміз - мүліктен оның пайдалы табиғи қасиеттерін алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзінде қамтамасыз етілуі. Пайда кіріс, өсім, жеміс, төл алу және өзге нысандарда болуы мүмкін.
Билік ету құқығы дегеніміз - мүліктің заң жүзіндегі тағдырын белгілеудің заңмен қамтамасыз етілуі.
Елімізде меншік мемлекеттік және жеке нысанда танылады және меншік субъектілері жеке және заңды тұлғалар, мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністер бола алады. Меншік құқығының мерзімі шектеусіз. Меншік құқығы кәсіпкерлік айналымға қатысушының жасайтын әрбір әрекетінің экономикалық негізінде жататын өте маңызды азаматтық субъективтік құқық болып табылады. Меншік иесі өзіне тиесілі мүлікке қатысты өз қалауы бойынша кез-келген әрекеттер жасауға, соның ішінде бұл мүлікті басқа адамдардың меншігіне беріп, иелігінен шығаруға, өзі меншік иесі болып қала отырып, оларға мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету жөніндегі өз өкілеттігін тапсыруға, мүлікті кепілге беруге және оған басқа да әдістермен ауыртпалық түсіруге, оларға өзгеше түрде билік етуге құқылы. Алайда, меншік иесінің өз мүлкіне деген абсолюттік басымдылығы шексіз емес. Мысалы, заңгерлерге мына қағида жақсы таныс: «Адам құқығы өз мұрнының ұшында аяқталып, одан әрі келесі адамның құқығы басталады».
4. Міндеттемелік құқықтық қатынастар.Міндеттемеге сәйкес бір адам (борышқор) басқа адамның (несие берушінің) пайдасына мүлік беру, жұмыс орындау, ақша төлеу және тағы басқа белгілі бір әрекеттер жасауға не белгілі бір әрекет жасаудан тартынуға міндетті, ал несие беруші борышқордан өз міндетерін орындауды талап етуге құқылы. Несие беруші борышқордан атқарылғанды қабылдауға міндетті. Мұндағы талап ету (белсенді жағы) мен міндеттеме (бәсең жағы) несие беруші мен борышқорға өзара жауапкершілік жүктейтін екі жақты құқықтық қатынасқа жатады. Міндеттемелік қатынас субъектілері борышқор мен несие беруші болып табылады. Борышқор - белгілі бір әрекетті жүзеге асыруға міндетті немесе одан түрлі себептерге байланысты бас тарта тұратын жақ, ал, несие беруші - борышқордан мойнындағы міндетін орындауды талап ететін жақ.
Міндеттеменің мазмұнын оған қатысушы несие беруші мен борышқордың субъективтік құқықтары мен міндеттері құрайды. Міндеттемелер айқындалған, факультативтік және баламалық мазмұнымен ерекшеленеді. Айқындаған мазмұндағы міндеттемеде борышқордың жасайтын әрекеттерінің сипаты біржақты бекітіледі. Мұндай әрекеттерді басқасымен ауыстыру әр жақтың келісімімен ғана болады, әйтпесе міндеттемені борышқордың бұзғаны деп бағаланады. Факультативтік мазмұндағы міндеттемеде борышқордың белгілі бір әрекеттерді жасау міндеті бекітіледі, ал бұл мүмкін болмаған жағдайда басқа әрекет қолға алынады. Факультативтік міндеттемеде бастапқы ойға алынған нәрсе жүзеге асырылмаса, әрекет тоқтатылмайды, қайта жаңа мазмұндағы іс жалғасын табады. Балама мазмұндағы міндеттемеде борышқордың екі немесе одан да көп әрекеттерді тең дәрежеде жүзеге асыру мүмкіндігі белгіленеді.
Құқықтық қатынастарға сәйкес міндеттеме заңмен қорғалады. Борышқор өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда оған мемлекет тарапынан мәжбүр ету шарасы қолданылуы мүмкін.
Міндеттеменің пайда болу негіздері шарттан, зиян келтіруден және өзге де жағдайлардан тұрады. Шарт негізінде пайда болатын міндеттемелер өте жиі кездеседі (сатып алу-сату, тасымалдау, сақтандыру және т.б.) Шарттан тыс міндеттемелер тараптар келісіміне сәйкес туындамайды, керісінше азаматтың жеке басына немесе мүлкіне жасалған зиян негізінде туындайды.
Шарт дегеніміз - екі немесе одан да көп тұлғаның азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеу, өзгерту немесе тоқтату туралы келісімі.