1. Экологиялық құқықтың түсінігі және пәні және қағидалары 2. Экология заңдарын бұзу және ол үшін жауапкершілік 3. Жер құқығының түсінігі 4. Жерге меншік құқығының нысандары 5. Жер пайдалану құқығының ерекшеліктері
1. Экологиялық құқықтың түсінігі және пәні және қағидалары. Экология (грекше oikos - үй, мекен, logos - ғылым, ілім) - жанды организмдердің тіршілік ортасы мен арақатынасын зерттейтін биологиялық ғылым. Алғаш рет бұл терминді 1866 жылы неміс биологы Э. Геккель енгізген болатын. Табиғатты қорғау - табиғаттың өзіндік болмысын сақтау немесе оны қалпына келтіру арқылы табиғи ресурстарды ысырапсыз пайдалану үшін құрылған мемлекеттік жүйедегі қоғамдық шара. Ол әр түрлі тәсілдермен жүзеге асырылады. Соның бірі - айналадағы табиғи ортаны құқықтық қорғау.
«Қазақстан Республикасының экология құқығы» - айналадағы табиғи ортаны қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық ережелердің жиынтығын зерттейтін оқу пәні немесе ғылым саласы.
Экология құқығының қағидаттары - мемлекет, қоғам, кәсіпорындардың, өкімет орындарының, ұйымдардың және басқа құрылымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың экологиялық құқықтық қатынастардағы түпкі бастамасы.
«Қазақстан Республикасында айналадағы табиғи ортаны қорғау туралы» Заңы айналадағы табиғи ортаның жай күйіне ықпал ететін шаруашылық, басқару және өзге де қызметті өкімет органдарының, министрліктер мен ведомстволардың, кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдардың, сондай-ақ азаматтардың мынадай қағидаттарда жүзеге асыруын қарастырған:
- адамның өмірі мен денсаулығын қорғаудың басқа да қызмет түрінен басымдылығы, айналадағы табиғи ортаның, еңбек және демалыс үшін қолайлы болуына азаматтар құқығының нақты кепілдіктерін қамтамасыз ету;
- қоғамның экономикалық және экологиялық мүдделерін соңғысына басымдылық бере отырып, ғылыми тұрғыдан негіздеп ұштастыру;
- табиғатты жалпы тегін пайдалану;
- табиғатты ақы төлеп арнайы пайдалану;
- табиғатты қорғау және оны қалпына келтіру тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды көтермелеу;
- айналадағы табиғи ортаға ұқыпты қарау және айналадығы табиғи ортаға зиянды зардаптар жасылуын шектеу;
- айналадағы табиғи ортаны қорғау туралы заң талаптарын қатаң сақтау, оны бұзғаны үшін жауапқа тартуды қадағалау т.б.