5. Жер пайдалану құқығының ерекшеліктері. «Жер Кодексінің» 4-тарауы «Жер пайдалану құқығы» деп аталады. Жер пайдалану құқығы - заттық құқық болып табылады, Жер Кодексі мен заттық құқықтың мәніне қайшы келмейтіндіктен, бұған меншік құқығы туралы нормалар қолданылады. Жер пайдалану құқығының түрлері:
- тұрақты;
- уақытша;
- иеліктен шығарылатын;
- иеліктен шығарылмайтын;
- өтеулі алынатын;
- өтеусіз алынатын;
Заңда көзделген жағдайлардан басқа реттерде ешкімді де жер пайдалану құқығынан айыруға болмайды.
Жер пайдалану құқығының субъектілері мыналар:
1) мемлекеттік және мемлекеттік емес;
2) ұлттық және шетелдік;
3) жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар;
4) тұрақты және уақытша;
5) бастапқы және кейінгі;
Сервитут - бөтен жер учаскелерін шектеулі мақсатты пайдалану, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, қажетті коммуникациялар тарту мен пайдалану, аң аулау шаруашылығы және өзге де қажеттіктер үшін пайдалану құқығы.
«Жер Кодексінде» және өзге заң актілерінде көзделген жағдайларда меншік иесі немесе жер пайдаланушы өзіне меншік немес жер пайдалану құқығымен тиесілі жер учаскесін мүдделі жеке және заңды тұлғаларға шектеулі нысаналы пайдалану құқығымен беруге міндетті.
Сервитут, яғни бөтен жер учаскесін шектеулі нысаналы пайдалану құқығы мына жағдайларда туындайды:
1) тікелей нормативтік актіден;
2) мүдделі тұлғаның меншік иесімен немесе жер пайдаланушымен шартының негізінде;
3) жергілікті атқарушы органның актісі негізінде;
4) сот шешімінің негізінде;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда;
Жер кадастры дегеніміз - жер туралы мәліметтер жүйесі, мемлекеттік кадастрлардың құрадас бөлігі. Мемлекеттік жер кадастры Қазақстан жерінің табиғи және шаруашылық жағдайы, жер учаскелерінің орналасқан жері, нысаналы пайдаланылуы, мөлшері мен шекарасы, олардың сапалық сипаттамасы туралы, жер пайдаланудың есепке алынуы мен жер учаскелерінің кадастрлық құны туралы мәліметтердің, өзге де қажетті мәліметтердің жүйесі болып табылады.
Жер мониторингі болып жатқан өзгерістерді уақтылы анықтау, оларды бағалау, одан әрі дамуын болжау, және кері әсері бар процестерді болдырмау мен оның зардаптарын жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында жүргізілетін жер қорының сапалық және мөлшерлік жай-күйін базалық жедел, мерзімді байқау жүйесін білдіреді.
№ 12. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы