4. Сыбайлас жемқорлықпен күресу. Қазақстан өзінің барлық даму кезеңдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресіп келді және бұл күресін тоқтатқан емес. Ол қоғамдық қарым-қатынастардың формасына байланысты түрлі сипатқа ие болды.
Дағдарыс ең күрделі кезеңдер болып табылады, оларды әдетте экономикалық дағдарыстар деп атаймыз. Сонымен қатар, дағдарыстық экономикалық құрамдаушы бөлігі әлеуметтік, адамгершілік-психологиялық дағдарыспен күрделене түседі. Бұндай жағдай саяси салада аномия деп аталады. Саяси аномия үшін құндылықтар жүйесінің ыдырауы сипатты нәрсе, бұған жалпы қоғам дағдарысы, жария етілген құндылықтар (байлық, билік, табыс) арасындағы қарама-қайшылықтардың ушығуы және қоғамның басым көпшілігі үшін бұлардың іске асырылуының мүмкін болмауы себеп. Осындай дағдарыстың немесе саяси аномияның салдарынан адам қоғамнан алшақтап кетеді, ол апатиялық күйге еніп, өмірден түңіледі, қылмыс жолына түсуі мүмкін.
Саяси аномия ұғымына құқықтық аномия ұғымы өте жақын. Құқық тұрғысынан аномия дегеніміз тұлға мен әлеуметтік топтардың құндылықты-нормативтік жүйелеріндегі бұзушылықтар, құндылықты-нормативтік вакуум, әлеуметтік және, ең алдымен, құқықтық нормалар тиімділігінің төмен болуы.
«Аномия» және «дағдарыс» ұғымдары формальды-логикалық, сондай-ақ тәжірибелік ұйғарымдарда тығыз байланысқа ие.
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты жалпы мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі құжаттарда қамтылған, олардың ең маңыздылары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия, сыбайлас жемқорлықпен күресу туралы заңдар, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары, салалық заңнамадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормалар, сыбайлас жемқорлықпен күресті жүзеге асыруда құқықтық көмекті көрсету жөніндегі халықаралық келісімдер (шарттар) бар.
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалары – бұл ұзақ уақыт әрекет ететін құжаттар (әдетте, қамту кезеңі бағдарламаның өзінде көрсетіледі), бұл құжаттарда олардың қабылдануы үшін негіздемелер (немесе себептер), мақсаты, міндеттері, принциптері, іске асырылу кезеңдері, міндеттерді шешудің нақты тәсілдері, күтілетін нәтижелер көрсетіледі.