15 – ДӘРІС. ТҰЛҒАНЫҢ ИМИДЖІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПСИХОТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ
Біздің дәрістің тақырыбы:Тұлғаның имиджін қалыптастырудың стратегиялары мен психотехнологиялары.
Дәрістің жоспары: Имидж түсінігін талдау;
Жеке тұлғалық «Мен» бейнесін анықтау;
Имиджді қалыптастыру жолдарын белгілеу.
Дәрістің мақсаты:Имидж түсінігін психологиялық талдау арқылы, жеке тұлғалық « Мен» бейнесін студенттерде қалыптастыру.
Дәріс бойынша оқыту нәтижелері: 1-ОН: Имидж түсінігінепсихологиялық талдау бере отырып, бейсаналы бейне қалыптасуының ерекшеліктері жайлы түсініктерді қалыптастыру;
2-ОН: Имидж мақсаттарын талдау арқылы, ішкі бейне мақсатын түсіндіру;
3-ОН: «Мен» бейнесінің құрылымын түсіну арқылы, өзін-өзі бағалау ерекшеліктерін талдау;
4-ОН: Өзін-өзі бағалау арқылы, іс-әрекет салдарын түсіндіретін және имиджді қалыпастыратын психотехнологияларды қолдану;
5-ОН: Имиджді қалыптастыру жолдарын қарастыра отырып, «Мен» бейнесін жаңаша жағымды қабылдауға бағытталған бағдарлама құрастыру.
Адамдардың басым көпшілігі имидж деп түстер үйлесімділгін, галстук пен көйлек сәйкестігін, белдемшенің (юбканың) денеге қонымдылығын айтады. Алайда, бұл өте таяз шешім. Расында, имидж деген ол адамның ішкі әлемінің сыртқы бейнесіне идеалды үйлесімділігі. Әрбір имиджде тұлға ерекшелігі көрінуі қажет.
Имидж – нақты бір адамның өзгелер психикасында қалдыратын бейнесі. Бұл бейне саналы немесе бейсаналы болуы мүмкін, ең бастысы бейне арқылы адам нақты бір қатынасты сипаттайды. Мысалы, «ақылды саясаткер» немесе «көрнекті жазушы». Бұл бейнелерде нақты бір баға мен қатынас көрінеді.
Имидждің Ф.Джевкинз белгілеген келесі түрлері болады:
- айналы – өзіміз туралы пікірге сай имидж;
- ағымдағы – сырт көзге тән имидж түрі;
- қалаулы – ұмтылатын имидж түрі;
- корпоративті – біртұтас мекеме имиджі.
Имиджді қалыптастыруда өзіндік мақсаттар болады:
Психологиялық (өзі қалайтын бейнеге бағдарлық – ішкі мақсат);
Прагматикалық (рөл немесе орын алуға бағдарлық – сыртқы мақсат).
Осы мақсаттар негізінде адам имиджін қалыптастыратын техникалар мен операциялар жиынтығын имиджмейкинг деп атайды. Ал сол операциялар арқылы имидж жасайтын адамды имиджмейкер деп атайды.
Әрбір имиджде ең алдымен тұлғалық қасиеттер айқындалуы қажет. «Мен» бейнесі қалыптасқан кезде адам өзіне қандай түс, қандай фасон және қандай шаш үлгісі қажет екенін оңай түсінеді.
Ал «Мен» бейнесі неден құралады?
Адамның «Мен» бейнесі оның «өз-өзіне» бағытталған бағдарлар (установки) жиынтығы. Олар когнитивті (өзі туралы пікір, ойлар), эмоционалды (өзіне эмоциялық баға беру: жағымды/жағымсыз) және іс-әрекеттік (өз-өзіне бағытталған іс-әрекеттік реакциялар) бағдарлар. Бұл бағдарлар келесі құбылыстарда көрініс табады:
Мен бейнесі – адамның өзі туралы пікірі;
Өзін-өзі бағалауы – өз бейнесін аффективті бағалау, яғни өзінің нақты бір тұлғалық қасиеттерін қабылдау немесе қабылдамауына қатысты берілетін баға;
Мен бейнесі мен өзін-өзі бағалауы деңгейіне сәйкес қалыптасатын жүріс-тұрысы.
Адамның өзінің қабылдауының пәні ретінде оның дене бітімі, келбеті, қабілеттері, әлеуметтік қарым-қатынасы және басқа да тұлғалық қасиеттері болуы мүмкін.
Енді тереңірек жоғарыда аталып өткен бағдарлар туралы айтып кетейік.