Қысқаша теориялық мағлұматтар: Скелет. Омыртқа жотасы. Сүт қоректілерде омыртқаларының буындасатын беттері тегіс болады, яғни омыртқаның мұндай түрін платицельдік омыртқа деп атайды. Сонымен қатар омыртқаның буындасқан жерінде – менискилер деген шеміршекті дискасы болады. Омыртқа жотасы – мойын, арқа, бел, сегізкөз, құйрық омыртқаларынан құралады. Мойын омыртқасының саны әрқашанда тұрақты болады. Алдыңғы екі мойын омыртқасын – ауыз омыртқа (атлант) және эпистрофей деп атайды. Мойын омыртқасы (ламантинадан басқасында) жеті омыртқадан тұрады. Бірақ, сүт қоректілердің мойынының ұзындығы бірдей емес. Мысалы, тұяқтылардың мойыны ұзын, кемірушілердің мойыны қысқа болады. Себебі тұяқтыларға жерден қоректерін алып жеу үшін мойыны ұзын болуы керек. Сүт қоректілердің мойнының ұзындығының түрліше болуы, олардың мойын омыртқаларының санына байланысты емес, жеке омыртқалардың денесінің ұзын және қысқа болуына байланысты.
Арқа омыртқалары 12-15 болады. Тұмсықты киттерде (Hyporoodon) және сауыттылардың бір түрінде 9, ал жалқау аңдардың бір қатарында (Choloepus) 24 арқа омыртқасы болады. Бір ұшымен алдыңғы жеті арқа омыртқасына, ал екінші ұшымен төс сүйегіне бекінген қабырғаларды-нағыз қабырғалар деп атайды. Ал қалғандарын, яғни екінші ұшы төс сүйегімен жалғаспаған қабырғаларды – жалған қабырғалар деп атайды. Төс сүйегі (Sternum) бір –біріне жалғасқан сүйек пластинкаларынан тұрады. Оның ұшы сүйірленіп барып қанжар тәрізді шеміршекпен (Prosessus xiphoideus) аяқталады. Төс сүйегінің алдыңғы жалпақ сегментін – сүріншек (manubrum sterni) деп атайды. Жарқанаттармен алдыңғы аяқтары жер қазуға бейімделген сүт қоректілердің көпшілігінің төс сүйегінің жігі білінбей кеткен. Бірақ көкірек еттері бекінетін құстардың төс сүйегіндегі қыры болады.
Бел омыртқаларының саны 2-ден 9-ға дейін болады. Ондағы қабырғалар рудиментті түрде ғана болады.
Сегізкөз көпшілігінде бір-бірімен бірігіп кеткен 4 омыртқадан тұрады. Бұл 4 омыртқаның алдыңғы омыртқасы ғана сегізкөз омыртқасы болады да, артқы екеуі сегізкөзге бірігіп кеткен құйрық бөлімінің омыртқасы болып саналады. Сегізкөз омыртқалары жыртқыштарда үшеу, ал үйрек тұмсықтыларда екеу болады. Құйрық омыртқалары саны тұрақты болмайды. Мысалы; гиббондарда – 3болса, ал кесіртке тәрізділерде 49-ға жетеді.