9.Педагогика ғылымының негізін қалаған ғалымдардың еңбектеріне шолу жасау Педагогика көп заманға дейін философияның бөлігі болып, тек қана XVII ғасырда ол дербес ғылым лауазымына ие болды. Осыдан педагогика бүгінгі күнде де философиямен аса тығыз байланысқан. Себебі бұл екі ғылымның да шұғылданатыны адам, оның өмірі мен дамуын зерттеу.
Педагогиканың философиядан бөлініп, өз алдына ғылыми жүйеге келуі ұлы чех педагогы Ян Амос Коменскийдің (1592-1670) есімімен байланысты. Оның 1654 жылы Амстердамда жарық көрген «Ұлы дидактика» атты еңбегі алғашқы ғылыми-педагогикалық кітаптардың бірегейі болды. Ондағы айтылған идеялардың көпшілігі осы күнге дейін өзінің көкейкестілігін жəне ғылыми маңызын жоғалтқан емес. Я.А.Коменский ұсынған табиғи сəйкестік принципі, сыныпсабақтық оқу жүйесі жəне басқа да оқу принциптері, əдістері, формалары педагогикалық теорияның алтын қорынан орын алды. «Оқу негізіне басқалардың зат жөніндегі бақылаулары мен айғақтарын жаттау алынбай, сол заттар мен құбылыстарды танып, білу қалануы тиіс»; «Естігенді –көргенмен, сөзді- қол əрекетімен байланыстыру қажет»; Ұлы педагогтың осы тұжырымдары біздің заманымыздың талаптарына да сəйкес келіп тұр.
Ағылшын философы жəне педагогы Джон Локк (1632-1704) өз қайрат-күшін тəрбие теориясына бағыштады. Өзінің «Тəрбие жөніндегі ойлар» атты басты еңбегінде ол өзіне сенімді, ауқымды білімділігін іскерлікпен, берік наным-сенімдерін сұлу мəнерлілікпен ұштастыра білген адам - джентельмен тəрбиелеуге арналған көзқарастарын жариялады.
XVIII ғасырда мектеп педагогикасы бойынша өз шығармаларымен танылған француз материалист-ағартушылары Д.Дидро (1713-1784), К.Гельвеций (1715-1771), П.Гольбах (1723-1789), əсіресе Ж.Ж.Руссо (1712-1778) болды. «Затқа назар! Затқа! Мен ешқашанда біздің мылжың тəрбиемізбен сөзге аса көп маңыз беріп, құрғақ сөзді адамдарды жасайтынымызды қайталап айтудан жалықпаймын» -деп ұрандады ол.
Педагогиканың қалыптасуында И.Г.Песталоцийдің (1746-1827) есімі аса құрметпен аталады. «О сүйікті халқым! Сенің қаншалықты төмен жасап жатқаныңды мен байқап жүрмін, мен саған көтерілуге жəрдем беремін»-деп, ол жан айқайын салды. И.Г.Пестолоций өз дегеніне жетті: мұғалімдерге оқыту мен адамгершілік тəрбиесінің ізгілікті теориясын ұсынды.
Қазақ халқының да тəлім-тəрбиелік жүйесі ұланғайыр да мəуелі. Бұл салада халқымыздың тəлім-тəрбиелік алтын қорына елеулі үлес қосқан арыстарымыз А. Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, С.Торайғырұлы жəне т.б. Олардың тəлім-тəрбиелік өсиеттері талай зерттеулерге арқау болған. Кемеңгер Ахмет Байтұрсынұлының өткен ғасыр басында – «Мектептің жаны мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі həм сондай болмақшы…əуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі» – деген ұлағатты ескертпесі бүгінгі қазақ мектебінің ұлттық білім стратегиясының тұғыры ретінде қабылдануда.