5-практикалық сабақ. Когнитивизм және когнитология.
1. Когнитивизм ғылыми бағытының алғашқы нышандары.
2. Когнитивизмнің ғылыми негіздері, оның қазіргі тіл біліміндегі орны.
3.Когнитивтік лингвистиканың когнитологияның құрамында, оның жеке
ғылым саласы ретінде дамуы.
1.Когнитивизм ғылыми бағытының алғашқы нышандары.
Бүгінгі таңда тіл біліміндегі когнитивтік бағыт тілдік мәселелерге мүлде өзге қырынан келуді алға тартып отыр. Когнитивизм саласы ғылымның философия, логика, лингвистика, психология, мәдениеттану, интеллект сияқты бірнеше салалардың басын тоғыстыру арқылы тілдік мәселелерді шешуді ұсынады.
Осының салдарында тілді «өз ішінде және өзі үшін» қарастыратын зерттеулер жеткіліксіз болып, оны ой-санамен тығыз байланыста қарастыру қажеттігі туындап отыр. Демек, бұл адамды тіл арқылы және керісінше, тілді адам арқылы анықтау.
Когнитивизм ғылымының құрамына енетін когнитивтік лингвистика
адамның дүниетанымы туралы ғылым. Когнитивизм негізінен адамзаттық
когнитацияны зерттейді. Адамның когнитивті дүниесі оның ойлау әрекетінен көрінеді десек, сол әрекетті танытатын негізгі белгі оның тілі болып табылады. Тіл – адамның қабылдаған ақпаратын өңдеп санада реттелген нәтижесін
көрсететін құрал.
Когнитивизмнің зерттеу нысаны- когнитивтік тіл білімі когнитивизм
ғылымымен тікелей байланысты .Оның зерттейтін нысаны – адамзаттық
когниция екендігі, ол – ақиқат дүние туралы санада қалыптасқан білімді ішкі
рухани танымы мен моделі арқылы, заңдылығын, теориясын зерттейтін ғылым. Когнитивтік лингвистикада когниция ұғымына ерекше назар аударылады. Когниция – адам санасындағы білім арқылы көрініс табатын ақпараттар жүйесі. Адам баласына дүниедегі мәліметтердің лингвистикалық арналар арқылы жетуі адамды концепт әлеміне жетелейді.
2.Когнитивтік лингвистиканың когнитологияның құрамында, оның
жеке саласы ретінде дамуы.
Когнитивистика – адамзат ойлауын зерттейтін пәндер тобының атауы. Бұл термин ғылымдар бірлестігіне қатысты, әрі жалпы термин, өзіне бұрын-соңды салыстырылмаған, оның ішінде когнитивтік психология, гносеология,
лингвистика, компьютерлік ғылымдар, жасанды интеллект теориясы,
математика мен нейропсихологияның зерттеу қырларын енгізеді [2].
Когнитология – адамның ақпаратты пайдалану, жинақтау, игеру үрдісін, сондай-ақ білімді концептуальды ұйымдастыру жолдары мен білімді көрсету құрылымын зерттейтін ғылым [4,78].
Когнитивизм қағидасын ғылыми негіздеп, нақты тілдік деректер арқылы
дәлелдеуге когнитивтік лингвистика, когнитивтік психология, мәдени
антропология, жасанды интеллектінің модельденуі, философия, нейрология
салалары негіз бола алады.
Қазіргі таңда білімге сүйеніп әрекет ету, тану, оны сақтау, іздеу, өңдеу сияқты компьютерге сүйенген өзекті міндеттерді, ғылымның алға қойған басты мәселелерін инновациялық технологияны жетілдіру арқылы шешуде когнитологияның мәні ерекше.
Басты танымдық ұғымдардың қатарында когнитивистер логикалық таным мен когницияның ара-жігін ажырату қажеттігін ескертті, сөйтіп, екеуінің өзіндік белгілері мен байланысқа түсер мүмкіндіктерін ғылыми негізде жіктеп зерделеген дұрыс деген қорытындыға келді. Когниция - бұл танымның өзгеше сипаты, ол адамды қоршаған шынайы болмыс туралы жан-жақты мәлімет беретін, сезім, эмоция, жады, қиял, қабылдау, ақыл-парасат сияқты әрекеттермен бірлікте дамитын құбылыс ретінде айқындалады. Ғалымдар логикалық танымға қарағанда, когниция әлемді танудың алуан түрлі амал-тәсілдерін, олардың заңды сабақтастығын басшылыққа алады деген тоқтамға келеді. Соның ішінде нақты және абстрактылы, теориялық және тәжірибелік, объективті немесе субъективті шындыққа бағытталған анық не бұлыңғыр қабылдау нәтижелері ерекше аталады, өйткені „когниция” деген термин пайда болғанға дейін олардың кейбіреуі осы ұғыммен мағыналас қолданылып келді. Айталық, абстрактылы, теориялық және т.б. . „Бүгінгі күні когниция ұғымы адамзаттың рухани болмысын сипаттайтын білім, сана, ақыл-ой, ойлау, шығармашылық, жоспарлау, логикалық қорытынды жасау, сәйкестендіру, армандау, қиялдау әрекеттерінен ғана емес, сонымен қатар қабылдау, еске түсіру, көңіл бөлу, тану процестерінен де құралады”,- деп ғалымдар дәлелдеп талдағанай, когниция адам атаулыға тән барлық әрекеттердің үйлесімді сабақтастығынан бастау алатын маңызды танымдық бірліктердің бірі болып табылады, себебі адамзаттық ой-таным тек қалыптасушы ғана емес әрі қалыптастырушы күш деп есептеледі. Адамның бақылау, қорыту әрекеттері арқылы жасалатын образдар әлемі эмпирикалық құбылыстар болумен қатар, әр тұлғаның символдық қабылдауына негізделетін ерекшелік, сол арқылы өзгеріп, толығып, дамып отыратын танымдық бірлік ретінде ұғынылады, сондықтан когниция да екі жақты байланыстың тоғысу орталығын құрайды: бір жағынан, ол қоршаған әлемнен қабылданған көрсеткіш болып табылса, екінші жағынан, оны адам қалауымен туындаған өзгешелік деп сипаттаған дұрыс. Осыған орай, адам әрекетінің когнитивтік аясы екі категорияға байланысты дамиды:
интеллектуалы „жоғары” категорияларға немесе білім, сана, ойлау,
ақыл, шығармашылық, қиял, арман, символ секілді ұғымдардың ерекше
ұштасқан әлеміне;
„күнделікті тіршілік” категорияларына, яғни практикалық әрекет, естелік,
көңіл бөлу, тану, қабылдау ұстанымдарын басшылыққа алар іс-қимылдар
тізбегіне .
Образды ойлау арқылы қалыптасатын кеңістік, уақыт, заман туралы қағидалар негізінде, бір жағынан, болмыс шындығы дәйектелсе, екінші жағынан, жеке тұлғалардың өз бағыт-бағдарлары, қалаулары сұрыпталады.
Адамзат санасының қызметі қоршаған әлемнің жалпы заңдылықтары, өзара байланыстары туралы мәліметтерді, білім негіздерін жүйелеуге мүмкіндік беретіндіктен, кез келген адам оның көмегімен алдына мақсат қоя білуге, жоспарлы әрекет етуге, табиғи және әлеуметтік орталарда өзін-өзі ұстауға дағдыланады. Олай болса, дүниетанымның негізгі бағыттары да уақыт өте келе, өзгеріп, жаңа құндылықтармен толығып отырады. Е.В.Петрушкова „психологиядағы сана ұғымының болмысы субъектінің өзін басқалардан бөліп көрсетуінің, өзін сырттан бақылай алуының құралы болып табылады” деп атап көрсетеді. Ендеше, сананың қызметі адамның өзін-өзі тануымен, өзін-өзі айқындауымен де ұштасатындықтан, когнитивистер оны әр түрлі жағдайлар мен қоршаған әлемді жылжытушы күштер негізі, жады, ойлау, сезу сияқты танымдық құбылыстардың кілті деп бағалау қажеттігін ескертеді.
Концептуалды сана адамды рухани және материалды дүниеде бағдарлап отырса, тілдік сана оның тілдік әрекетін жүйелеуде маңызды роль атқарады. Б.Уорф танымдық процестер толығымен ана тілі ретінде қолданылатын тілге қатысты болады, соның ықпалымен дамиды деп атап өткендей, тілдің танымдық қызметінің жүзеге асуы, ең алдымен, сол тілде қарым-қатынас жасайтын адамдардың сөйлесім әрекеттеріне тәуелді болады, себебі тілдік сананың өзін үш түрлі бағытта түсіндіруге мүмкіндік бар. Айталық, біріншіден, тілдік сана мағыналар тізбегін қамтамасыз ететін „әлемдік бейненің” ажырамас бөлшегі деп танылса, екіншіден, ол қарым-қатынас негіздерін толық жүзеге асыра алатын құрылымдардың бірі ретінде қарастырылады, үшіншіден, тілдік сананы тілдік таңбалардың құрылатын, сақталатын және өңделіп отыратын орталығы әрі олардың қолданылуын, іске асуын, ережеге сай тіркесіп отыруын қадағалайтын, тіл мен тілдік бөлшектер туралы көзқарастар жиынтығы деп дәйектеу де кездеседі. Осы орайда, ғалым Э.Д.Сүлейменова „әлемдік бейне” мен „әлемнің тілдік бейнесі” деген ұғымдардың ара-жігін ажырата қарастыру қажеттігіне назар аударады, өйткені тіл мен ойлау ұғымдары қаншалықты әр түрлі болса, жоғарыда аталған мәселелердің аяларын да соншалықты бір деуге болмас. „Әйтсе де „әлемнің тілдік бейнесі” секілді терминологиялық тіркестің пайда болуы, ең алдымен, тілдің шындық болмыспен қарым-қатынасынан туындағанын” ұмытпауымыз керек. Соның негізінде тілші әлемді танудың және сол танымның өзгеріп отыруының универсалды динамикалық заңдылықтары қатарында формальді-логикалық қорытындылар жасаудың ережелеріне, табиғи талқылау логикасына және т.б. назар аударды.
Сонымен, И.Протопопова танымдық ізденістерді топтай келе, когнитивтік
лингвистика аясында төмендегідей мәселелерді қарастыру қажеттігін ұсынса:
табиғи тілдің жүзеге асу және түсіну процестерін зерттеу;
тілдік категоризация ұстанымдарын айқындау;
ұғымдық құрылымдардың түрлері мен олардың тілдік сәйкестіктерін
саралау;
когнитивті-семантикалық суперкатегорияларды анықтау;
тілдегі қозғалыс және оның кеңістікке негізделген қарым-қатынастары
мен концептуалды түрлерін жүйелеу;
тіл мен сана ұғымдарының байланысын жан-жақты дәйектеу;
тілдегі метафоралық және метонимиялық арақатынастың себебін
тұжырымдау ;
В.А.Маслова „Қазіргі уақытта когнитивтік лингвистика алдына 3 мәселені
қойып отыр: 1) тілдік білім табиғаты; 2) оның меңгерілуі; 3) қолданылу ерекшелігі” деген ойын келесі міндеттердің шешілу қажеттігімен
жалғастырады:
әлемді тану мен түсінудегі тілдің қызметін анықтау;
әлем туралы хабарларды қабылау, өңдеу және жеткізу процестеріндегі тілдік
білімнің орнын сипаттау;
білім негізін құрайтын концептуалды және категориялы процестерді
дәйектеу;
концепттік аяны қалыптастырушы универсалды тұжырымдар жүйесін
зерттеу;
әлемнің тілдік бейнесін айқындау .
Когнитивтік лингвистика бойына бірнеше бағыттағы ұстанымдарды сабақтастыра отырып, антропоцентристік зерттеулердің маңызды соқпағын саралауға мүмкіндік береді. Ол дәстүрлі құрылымдық-семантикалық тіл біліміне қарсы қойылатын ғылыми бағыт ретінде емес, лингвистикалық танымның екінші қырын, тағы бір сипатын айқындайтын сала деп танылатындықтан, оның ерекшелігі үш түрлі негізде талданып келеді: „Біріншіден, тілге берілетін анықтамаға сүйене, екіншіден, өзге ілімдер жүйесінде алар орны мен ғылыми тұжырымдардың көмегімен, үшіншіден, қарастырылатын мәселелер көкжиегімен әрі олардың шешілу өзгешелігімен”. Осы орайда ғалымдар танымдық тілдік зерттеулердің ұғымдық, терминдік
аппаратын қалыптастыру және оның ғылыми-теориялық ұстанымдарын
айқындау аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады деп есептейді.
Танымдық тіл білімінің құралдары ретінде жадының оперативті бірліктері –
фреймдер немесе стереотипті жағдайлар, сценарийлер; концепттер яки сөз арқылы қамтылатын барлық мағыналар жиынтығы; гештальттар, яғни әлемнің нақты ұғымдар пайда болғанға дейінгі бейнелері және т.б. – танылып келеді, себебі аталмыш лингвистикалық зерттеулер әлемнің суретті бейнесін жасауға, тілдік сананың қалыптасу өзгешелігін саралауға бағытталады... Когнитивтік лингвистиканың терминологиялық жүйесі жоқтан емес, тіл білімінде бұрыннан қолданылып келе жатқан және өзге ғылымдар жүйесінен алынған ұғымдардан құралатындығын” атай отырып, В.А.Маслова оқу құралында оның ұғымдық бірліктері қатарында ақыл-ой, білім, концепт, концептуалды жүйе, когниция, әлемнің тілдік көрінісі немесе бейнесі, когнитивтік база, ментальді көзқарастар, танымдық модель немесе үлгі, категоризация, вербалдану, мәдениет константтары, концепттік ая, ұлттық мәдени кеңістік және т.б. сөздер сөз тіркестерін қарастырады. «Кез келген нәрсе біздің санамызда сол туралы соған сәйкес ұғымның арқасында ғана қабылданады. Меңгерген ұғымдар жүйесі арқылы ғана біздің ойымыздағы нәрселердің барлығы біркелкі тұтас болып реттеледі, ұйымдастырылады» деп аталып көрсетілгендей, аталған ұғымдардың әрқайсысы танымдық бөлшектер ретінде ұғынылып, адам санасында сақталатын және қажет жағдайда көмекке келетін бөлшектер санатында зерделенеді. Олар адамзат рухының жоғары көрсеткіштерін құрайтын білім, сана, ақыл-ой, шығармашылық, символ, логикалық түйін, қиял, арман сынды құбылыстарды ғана емес, сонымен қатар күнделікті әрекеттер тізбегін де, атап айтсақ, қабылдау мен есте сақтауды, тану мен көңіл бөлуді де қамтиды.
Әдебиеттер:
1. Маслова. В.А. Когнитивная лингвистика: учебное пособие. – Минск:
Театра Системе, 2004.
2. Оразалиева Э, Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы; Алматы,
2007.
3. Садирова К. Тілді зерттеуді когнитивтік тұрғыдан түсіндірудің кейбір
мәселелері./ Тілтаным,2007,№1.
4. Жаманбаева Қ. Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ,
тілдік сана. – Алматы: Ғылым, 1998ж.
5. Манкеева Ж. Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері. – Тілтаным,
Алматы, 2002ж. - №4
6-практикалық сабақ. Когнитивтік психологияның зерттеу нысаны.
Когнитивтік әлеуметтанудың тілдік табиғаты.
Когнитивтік антропологияның қарастыратын мәселесі.
Достарыңызбен бөлісу: |